Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.
Кездесуде Президентке елдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды.
Ержан Сәденовтің мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысында елдегі қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған.
Аса ауыр қылмыстармен қатар қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтар да кеміген. Отбасылық-тұрмыстық салада, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында жасалған құқық бұзушылықтар саны төмендегені айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!