Сыр өңірінің экономикасы жыл басынан бері бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша өсім көрсетті. Әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және инвестиция бағытындағы қарқын жоғары.
Қызылорда облысының экономикасы биылғы жылдың алғашқы алты айында бірқатар сала бойынша өсім көрсетті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында экономиканың негізгі көрсеткіштері жарияланды.
Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы Мырзабек Сәкен Салхадинұлының айтуынша, қаңтар-маусым айларында өнеркәсіп өндірісі 2,4 пайызға өскен. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім бұдан да жоғары болып, 13,8 пайызға жетті.
Құрылыс саласында да қарқын байқалады. Алты айда құрылыс жұмыстарының көлемі 31,3 пайызға артқан. Сауда 2,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,9 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1,3 пайызға көбейді.
Инвестиция жағынан да оң көрсеткіш қалыптасқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,1 пайызға артса, жеке инвестиция көлемі бірден 20,6 пайызға өскен.
«Алты айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында оң динамика қалыптасты. Бұл өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі», — деді басқарма басшысы.
Экономикадағы қозғалыс көлік пен байланыс саласынан да көрінеді. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 19,8 пайызға, байланыс қызметтері 8,5 пайызға ұлғайған.
21 жоба жаңа өндіріс әкелмек
Өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға жаңа инвестициялық жобалар да әсер етпек. Биыл Қызылорда облысында 21 ірі жобаны іске қосу жоспарланған.
Жаңа жобалардың қатарға қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бюджет кірісін көбейтуге мүмкіндік береді. Өңір үшін мұндағы негізгі мәселе жобалардың санында ғана емес, олардың нақты өндіріс пен тұрақты жұмыс орнына айналуында.
Алты айлық көрсеткіштерге қарағанда, Қызылорда экономикасында өсім бірнеше бағытта қатар жүріп келеді. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі артып, құрылыс жанданып, жеке капиталдың белсенділігі күшейген. Ал жыл соңына дейін жоспарланған 21 жобаның нәтижесі өңір экономикасының келесі көрсеткіштеріне әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!