Қызылорда облысында қаржылық алаяқтыққа пайдаланылатын күмәнді интернет ресурстарды анықтау және олардың жолын кесу жұмысы күшейтілмек. Бұл мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өткен «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысында көтерілді. Өңірде мұндай комиссия құру бұған дейін облыс әкімдігінің жоспарына енгізілген.
Жиынға Ішкі істер министрлігі Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Арман Саданов бейнебайланыс арқылы қатысты.
Алғашқы отырыста екі бағытқа басымдық берілді. Біріншісі – сотталғандардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу, оларды бостандыққа шығуға даярлау және қоғамға бейімдеу. Екіншісі – халықтың ақшасын заңсыз тарту, қаржы пирамидалары мен өзге де алаяқтық схемалардың алдын алу.
Аймақ басшысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне күмәнді интернет ресурстарды анықтап, олардың жолын кесу жұмысын күшейтуді тапсырды. Полиция департаменті қаржылық алаяқтыққа жиі тап болуы мүмкін тұрғындар мен еңбек ұжымдары арасында нысаналы профилактика жүргізуі тиіс.
Қала және аудан әкімдіктеріне де қаржы пирамидалары мен алаяқтық схемаларды ерте тануға көмектесетін түсіндіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру міндеттелді. Мұрат Ергешбаев мұндай жұмыстың нәтижесі тұрғындарды нақты қаржылық шығыннан сақтаумен өлшенуі керектігіне назар аударды.
Жиында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Мақсұт Өтетлеуов пен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Кенесары Бағбанұлы баяндама жасады.
Одан кейін облыс әкімінің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық тәуекелдері мен комплаенс қызметтерінің жұмысы қаралды.
Басқарма басшылары мен әкімдерге қарасты ұйымдардың қызметін талдап, тәуекелдер мен кемшіліктерді дер кезінде анықтау тапсырылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жемқорлыққа қарсы жобаларға да талап күшеймек. Енді мұндай жобаларда өткізілген іс-шара санына қоса, қамтылған аудитория мен қол жеткізілген нақты нәтиже көрсетілуі тиіс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!