Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Амандасу мәдениеті туралы

18.09.2026, 8:50 71

HALYQLINE.KZ

Құрылтай депутаты Ерлан Саиров «Амандасу – әрбір халықтың өзіне тән белгісі, бейнесі» деп дұрыс айтты.

Өзім жиындарда сөз алғанда, болмаса, көпшілік ортаға кіргенде «Армысыздар, алқалы жұрағат!» деп амандасуды жөн көремін. Қазір ҚР әскерінде «Армысыздар, сарбаздар!» деп амандасу қалыптасты. Өте сәтті қабылданған рәсім болды. Әрі бұл – айбынды амандасу түрі. Жауынгерлердің бойында қазақтың батырлық заманынан келе жатқан РУХты оятады.

Сол сияқты, бүгінде қыздар мен келіншектердің «Ассалаумағалайкүм» деп амандасуын құптай алмаймын. Ол біздің дәстүрімізде болмаған.

Өз басым, ендігі жерде ескі танысты, досты көргенде «Армысың-бармысың, бауырым!» деп амандасатын болдым. Бұл менің оған деген ерекше құрметімді білдіреді деп санаймын. Қажет болса, осылай деп амандасқаннан соң, ортаның ыңғайына қарай «төс қағыстырып» алу да – жарасымды көрініс.

Қыз балаға «Саламат па» деймін. Апайларға, келіндерге «Амансыз ба?», «Өсіп-өніп жатсыздар ма?» деп амандасуды әдетке айналдыру қажет деп санаймын…

Қазақта бұдан да өзге көне амандасу формалары болған деген ойдамын. Осыны тарихшылар, фольклор зерттеуші ғалымдар тауып, соның әдемі үлгілерін қайтадан жаңғыртуға болады деп ойлаймын.

Ең бастысы, «қазақ амандасуы» біздің Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Туымыз сияқты өте әдемі, эстетикалық көркем, музыкалық үндесті, философиялық мағыналы болуын назарға алсақ, біз «өте әдемі амандасатын халық» болып таныламыз. Осыдан-ақ өзге халықтар қазақтар туралы «жоғары мәдениетті ел» деген ой-пікірлерді қалыптастырып, ой түйетін болады. Бұл әлем елдеріне оқуға, еңбек етуге барып жатқан қазіргі қазақ жастарының бойында ұлттық намысты, Отанға деген патриотизмді қалыптастырады.

Қазақ амандасуы жігітке қатысты АСҚАҚ формада, ал қыздарға қатысты НӘЗІК, әсем қалыпта болсын деп, ойымды қорытамын.

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ

Фото: el.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: