Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайран сөзім қор болды…

10.09.2026, 9:10 78

HALYQLINE.KZ

Масқараның шегі жоқ…

Кімдер біздің басымызға отырмады… Кімдер бізді келемеждеген жоқ…

Бір кездері «Борат» фильмі қазақты әлемге әжуа етті деп бүкіл ел болып шулағанбыз. Ал мына дүние тіпті басқа.

Жақында үлкен бір ортада қазақтың нарқасқа жігіттерінің бірі ашудан түңіліп, маған YouTube-тен бір мультфильм көрсетті. Немерелері көріп отырған екен. «Киноға қатысы бар адам ретінде мынаған қарашы», — деді.

Мультфильмді «AZIA ANIMATION» атты жекеменшік студия түсіргені айтылады. Құрылтайшысы – Краус Артур Роландович. Қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржаны, әйгілі эпосымыз «Ер Төстікті» балаларға арнап экрандаған.

Мені алаңдатқаны – мультфильмнің деңгейі ғана емес. Қазақтың әдет-ғұрпына, дүниетанымына, ұлттық мінезіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көріністердің көрсетілуі.

Тек бір эпизодқа тоқталайын.

Ер Төстіктің әкесі Ерназар аңға шығып, ештеңе ата алмай, шаршап-шалдығып келе жатып, жау шапқан бір ауылға тап болады. Маңайдың бәрі тып-типыл. Өртенген ауылда тірі қалған ешкім жоқ. Тек шырылдаған дауыстан бесіктегі бір баланы тауып алады.

Жау шапқан ел-жұртқа қарау, күйзелу, қайғыру деген жоқ. Керісінше, бесіктегі баланы көргенде қуанып кетеді.

— Балпанақтай… семіз екен, — дейді.

Ары қарайғы масқараны қараңыз.

— Сен менімен барасың ба, соны айтшы.

Егер біле білсеңіз, Ерназар аңшылықтан ешқашан құр қол қайтпаған.

Ерназар бесіктегі баланы үйге әкеліп, бәйбішесіне береді.

— Бәйбіше! Ұста! Осыдан маған жақсылап тамақ жасап берші!

— Сенің аштықтан есің ауысайын деген ғой. Бұл адамның баласы! — дейді бәйбішесі.

— Қозы да – қойдың баласы. Немене, оны да жеуге болмай ма?! — дейді Ерназар.

— Бұл адамның баласы ғой. Адамдарды жеуге болмайды!

— Әй, мен еркекпін! Мен нені жеуді, нені жемеуді өзім білем. Егер мына баланы Төстік деп атасақ, жеуге болады. Тезірек мына баладан тамақ жаса!

О, тоба!

О заман да бұ заман, мұндай масқараны кім көрген? Кім естіген?

Қазақ қашан мынадай масқараға барған?

Адам жеу деген – қазақтың тарихында, салт-дәстүрінде, ұлттық дүниетанымында тіпті ешбір мемлекетте жоқ.

Балаларға арналған кез келген шығарма – жай ғана көңіл көтеру емес…

Мультфильм баланың қиялына, дүниетанымына, мейірімділік пен жақсылық тәрізді, қайырымдылық пен сыйластық жайлы сәби санасына әсер етеді.

Ал мына көріністі көрген бала қазақтың салты мен тарихы туралы қандай түсінік алады?

Қазақтың эпикалық кейіпкері Ерназар кісі жегіш болса, жас баланың психологиясына әсер етпей ме?

Әрине, көркем шығармада қиял, әсірелеу мүмкін. Бірақ ұлттық эпосты балаларға бейімдеген кезде автордың еркіндігімен бірге ең бірінші ұлт алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну керек.

Ал енді бұдан да маңызды сұрақ бар.

Егер бұл мультфильм мемлекеттік немесе Алматы қаласының әкімдігі тарапынан бөлінген қаржыға жасалған болса, қоғамның сұрақ қоюға толық құқығы бар.

Бұл туындыны кім қаржыландырды?

Кім қабылдады?

Кім сараптады?

Қазақтың тарихы мен фольклорын білетін мамандардың пікірі ескерілді ме?

Балаларға арналған контент ретінде бұған кім жауап берді?

Мәселе бір ғана мультфильмде емес.

Біз ұлттық мұрамызды балаларымызға, болашақ ұрпағымызға не көрсетіп жүрміз?

Баяғыда бір «Борат» қазақтың бетіне қара күйе жақты деп ашуландық. Ал енді қазақтарды өзіміздің ұлттық эпосымыздың кейіпкерлері арқылы каннибал етіп көрсетуге қалай қараймыз?

Сонда мұны көрген бала:

«Қазақ деген осындай болған екен» деп ойламай ма?

Міне, мәселе осында.

Абай:

«Қартайдым, қайғы ойладым, ұлғайды арман,

Қорқамын кейінгі жас балалардан…» деді.

Егер Абай мына дүниені көрсе, не дер еді?

Мүмкін:

«Қайран сөзім қор болды…» дер ме еді?

Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі, кино саласындағы, балалар контентіне жауапты азаматтарға да сұрақ осы:

Осындай контенттер YouTube-те және басқа платформаларда таралып жатқанда, оны кім бақылап, кім сараптайды? Мына масқараны кім тоқтатады?

Іс бітті, қу кетті деген болмайды.

Әңгіме қаржыда емес.

Мәселе — ұлттық абыройда.

Мәселе — баланың санасында.

Мәселе — біздің ертеңімізде.

Мен не деймін?

Сіз не дейсіз?

Талғат  ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның  Халық  артисі,  кинорежиссер.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: