Қазақстан банктері депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін біртіндеп төмендете бастады. Тамыз айында бірден 11 банк салым шарттарын қайта қараған. Ал шілдеде мұндай өзгеріске небәрі төрт қаржы ұйымы барған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.
Депозиттердің табыстылығы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете бастағаннан кейін азайып отыр. Шілдеде базалық мөлшерлеме 17 пайыздан 16,75 пайызға түссе, бүгін тағы 0,5 пайыздық тармаққа төмендеп, 16,25 пайыз болды.
Өзгеріс депозит нарығының басым бөлігін қамтыған. Ақшаны еркін алып, қайта толықтыруға болатын мерзімсіз депозиттердің орташа табыстылығы 14,19 пайыздан 14,08 пайызға төмендеді. Ал нарықтағы ең жоғары мөлшерлеме 0,9 пайыздық тармаққа қысқарып, 15,95 пайыз болды.
Толықтыруға болатын мерзімді депозиттердің де табысы төмендей бастаған. Бұған дейін жылдық 20 пайызға дейін ұсынылған мұндай салымдардың ең жоғары мөлшерлемесі қазір 19 пайызға түсті. Әсіресе үш және алты айға ашылатын қысқамерзімді депозиттердің шарттары өзгеріп жатыр.
Қазір нарықтағы ең жоғары табысты өнім ретінде жинақ депозиттері қалып отыр. Толықтыруға болатын жинақ салымдарының мөлшерлемесі 20 пайызға, ал толықтыруға келмейтін депозиттерде 20,5 пайызға дейін жетеді.
Алайда мұндай жоғары пайыздың өзіндік шарты бар. Жинақ депозитінен қаражатты ішінара шешіп алу мүмкін емес. Салымды мерзімінен бұрын жапқан жағдайда клиент есептелген сыйақының басым бөлігінен айырылады. Ал негізгі қаражатты банк 30 күн өткеннен кейін ғана қайтарады.
Тағы бір өзгеріс, бұған дейін алты айлық салымдарға ұсынылған 20,5 пайыздық мөлшерлеме енді үш айлық депозитке ғана беріліп отыр. Мұндай өнімді сақтап қалған банк алты айға арналған депозитінің табыстылығын төмендеткен.
Соған қарамастан, ең жоғары депозит мөлшерлемелері тамыздағы 9,8 пайыздық жылдық инфляциядан әлі де екі еседен астам жоғары. Кейінгі үш айда банктер депозиттік өнімдерінің басым бөлігінің шарттарын қайта қараған.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры базалық мөлшерлеменің кезекті төмендеуінен кейін депозиттердің табыстылығы әрі қарай да азаюы мүмкін деп болжап отыр. Осылайша, жылдық сыйақысы 20–20,5 пайызға жететін депозиттер кезеңі біртіндеп аяқталуға жақындап келеді.
Коллаж: Ertenmedia
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!