Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

03.09.2026, 7:00 60

ТҮРЛІ-ТҮРЛІ  ӘҢГІМЕ

Келелі әңгіме жайғасып, жайла­нып отырып айтылады. Керексіз әңгі­ме жүріп-тұрып, жүріп-тұрып ай­тылады.

БЕРУ  мен  АЛУ

Беруге келгенде табандап қалады, алуға барғанда жалаңдап барады.

ӨЗГЕРІСТЕР

Әріде екпіні қатты науқандар болат­ын, кейін акциялар шықты. Қазір  трендтер  мен челлендждер орнын  басып  жатыр.

ИІС

Әйелдің жұпар иісіне еркектер елітеді. Еркектің құмар иісін әйелдер сезінеді.

ҚАЙРАТКЕРДІҢ  ҚАЙРАТЫ

Кей қайраткердің тау жығар қайра­ты ел-халыққа қызмет етуде емес, өзінен жоғары отырған басшысына ерекше берілгендікпен қызмет етуден  жақсы  көрінеді.

БЕТАШАРДА

Тым жақсы, ақылмен, нақылмен басталған беташардың соңы сиыр­құйымшақтанып, қол жаю мен қа­йыр  сұрауға айналып кеткендей болды…

Өңкей  жақсылар

Бұрынғы әкімдер де жақсы. Кеткен әкім де жақсы. Келген әкім де жақсы.

Өтпес  пен  жетпес

Біреулер зерігіп, екі қолын қайда қоярын білмей, уақытын өткізе алмай отыр. Біреулер жанығып, жанталасып уақытын жеткізе алмай жүр.

Дүдәмал  талпыныс

Үнемі алға қарай талпынам дейді. Бірақ алдының қай жақта екенін ажырата  алмайтыны  қиын-ақ.

Айтар  ақылым

Санасызбен санаспа. Ақымақпен ақымақ болма. Жындымен жынды болма. Есуаспен  есуас  болма.

Сонда ғана адамдық келбетіңді сақтап  қаласың.

Саған,  маған,  оған да…

Саған да бір грамота… Маған да бір грамота… Оған да бір грамота… Әйтеуір ала алмай ренжіп қалып жатқан  ешкім  жоқ…

«Ұялмайсыңдар  ма?..»

Қызмет тұтқасын ұстап жүрген, берген уәдесін ұзын арқау, кең тұсау қылып тынатын жігіттерге: «Уәде қайда? Ұялмайсыңдар ма?» дегің келе­ді, бірақ соны айтуға ұялатынымыз  несі?!

Ауруына  ауру  қосқан

Барлық аурудың жалғыз емі тек қана дәрі деп білетін адамдар өз ауруы­на  ауру  қосып  алып  жүр…

Біздің  бұйымдар

Біздің кәсіпкерлеріміздің үпілеп-сүпілеп шығарған бұйымдарын көрмелерден ғана көріп үлгіресің. Дүкен сөрелеріне қоюға жетпей қалады…

Өзіңді  өзің  басқар

Өзіңді өзің басқара біл. Әйтпесе сүмеңдеп жүрген сені бір партия, не бір дөкей, не бір әкімшіліктің мықтылары басқарып кетуі мүмкін.

Кім  кінәлі?

Қазір кітап-газет оқымайды дегенге сеніп, жұртты кінәлауға асықпа. Жұрт іздеп оқитын кітап жаза алмаған, газет шығара алмаған жалтаң көз, жалтақ мінез журналис­тер мен жазушыларда жатқан сияқты ма  бар  мәселе…

Менің  әлемім

Сөз  әлемі – өз  әлемім.

Жыланқұйрықтар  мен бұлаңқұйрықтар

Жыбырлап, жылжып жетпейтін биігі қалмайтын жыланқұйрықтар бар. Мақсат қылған мансабына жылмия жымсиып, жүзіктің көзінен өтердей жылпылдап жететін бұлаңқұйрықтар  бар.

Шайтандардың  жүрегін  жарар

Кейбір сұмпайының аярлығы сондай – ғайыптан оны шайтандардың алқа тобының ортасына тастай салса, әлгі есіріп жүрген малғұндардың бір бөлегінің зәресі ұшқаннан жүректері жарылып, табанда тырапай асар  еді…

Қандай  адам?

Қандай адам, қалтасындағы соңғы бақырын қиналып сұраған мүсәпірге қиналмай-ақ бере салады.

Қандай адам, қалтасы лықа толып жүрсе де, бір байғұстың соңғы тиынын сыпырып алып, сазарып тұра  береді…

Мейірім  мен  мейірімсіздік

Бір адамның мейірімі айнала­сындағылардың бәріне жетіп жүруі әбден мүмкін. Сол жанның асып-тө­гіл­ген мол мейірімін басқалардан қыз­ғанатын  мейірімсіздер  де  кездеседі.

Әкімдер  келе  жатыр

Бұрын: «Әкім келе жатыр» дейтінбіз. Өзі келіп, өзі көріп, тапсырып, тықсырып  қайтатын.

Енді: «Әкімдер келе жатыр» дейтін болдық. Бүгінгінің соңында бұрынғысы бар, халықтан бата алғаны бар, халықтан «жемқор» деп ат алғаны бар, бір қора болып жүретін дәстүрлерін қалыптастырып үлгі­ріпті. Бүгінгінің ізіне ергендердің біреуі бата береді, біреуі тілек айта­ды, біреуі лента қияды, ал біреуі құр сүлдесін сүйретіп әзер ілесіп, не істеп  жүргенін  өзі  де  білмейді…

Саудаға  шыққан

Біреу малын сатып жүр. Біреу қолда барын сатып жүр. Біреу ұяты мен  арын  сатып  жүр.

Сұрақ  болмаған  соң…

«Неге бұлай?» деп сұрақ қоя алмаға­ндықтан да, тірлігіміз сұрқай тарта  бастады.

Үлкейген  кішкентайлар

Кішкентай адамдар үлкен-­үлкен кабинеттерді иеленіп алып, әйдік-­әйдік мәселелерді шешіп, зорайып-­зорайып  отыр…

Еңбектің  құны

«А-4» деген бір беттік қағазбен бағаланатын біздің еңбегіміздің жемісі  сондайлық  арзан-ақ  па?

Өз  жолы  барлар

Өссе де, түссе де, озса да, қалса да өзгермейтін адамдар өз жолымен өмір  сүре  алады.

Біз  қазақтармыз

«Қазақтың намысын кім оятады?» деме, қазақтың намысын қазақ оятады.

Өмірбаянның  көлеңкелі  беті

Өмір бойы білім ұяларында жұмыс істесе де, көп білімсізден көкірегі  шайлығып  қалған  екен.

Айналшық  ауруы

Кей басылымның бір адамдар туралы жылдар бойы жаза беретіндігі сондай – біздің аймақта жүз мыңдаған адам емес, жүздеген адам ғана өмір сүріп жатыр ма деп қаласың…

Қадір  кеткенде

Көркем де көрікті поэзиядан қадір кеткенде, қадірі аз, қара дүрсін ақындардың қадірі артып төрге шығады.

Кітаптан  бездіретін  кітап

Кей «қайраткердің» зіл батпан томын оқымақ болған талабыңнан ештеңе шықпаған соңғы жағдайың мынадай: одан кейін көпке дейін кітап оқуға деген «тәбетің» тартпай қалады…

Жұмыс  қайда?

Бәрі, тайлы-тұяғы қалмай ертелі-кеш жиналыста гүмпиіп-гүмпиіп отырады. Айлар бойы солай. Жылдар бойы солай. Жұмысты кімдер істеп жатыр?

Жиналыстар

Кейде жиналысқа бара жат­қаныңды, не жиналыстан қайтып келе жатқаныңды білмей қаласың. Өйткені бір жиналыстан соң бір жина­лыс болып сапырылысады да жатады.

Кім  бақытсыз?

Өз бақытын аялай білмеген – бақытсыз.

Өзгерген  тек

Атасының аты Жұманғали еді. Ұрпақтары Джумангалиев, Жумангалиев  боп  жүріп  жатыр…

Өскен  екен

Бұрын бір-екі стақаннан кейін есіліп сөйлей бастайтын. Қазір бір-екі бөтелкеден кейін көсіліп түсіп ұйқысырап жатып сөйлейтін болыпты…

Айтсаң  да,  айтпасаң  да…

Ақымаққа ақымақ екенсің деп сөз шығындамай-ақ қой. Ол бәрібір өзінің ақымақ екендігін мойын­да­май  өтеді.

Ақылдыға сен ақылдысың деп мәймөңкелемей-ақ қой. Ол өзінің ақылды  екенін  айтпасаң  да   біледі.

«Ақындар-ай»

Өлеңдері бір-бірінен аумайтын бір шоғыр ақын бір-біріне тамсанып қол  соғып  отыр…

Князь  Вяземскийше

Поэзия жалтаң көз жағымпаздардың  одақтасы  емес.

Үміткердің  ішкі  ойы

«Өйтіп-бүйтіп, ептеп-септеп, сәтін салып өтіп кетсем, ар жағын ешкімнен сұрамаймын, өзім білем ғой…».

Ортадағы  одыраң

Жоғарыдан келген тапсырмаларды құйрығымен жорғалап жүрсе де орындайды. Төменнен келген талап­қа  танауының  астымен  қарайды.

Науқан  кезінде

Шаршамайтын шабармандар та­лай­ды  шаршататын  түрі  бар.

Көп  бата

Депутаттықтан үміткер боп құс­тай ұшып барған жерінің бәрінде де, түйе мен бие соймаса да, қолын жа­йып сұрап, абыздың да батасын алды, нағыздың да батасын алды, ақсақалдың да батасын алды, қабасақалдың да батасын алды… Енді тегін келген көп батаны бойына сіңіре алмай, ықылық  атып  отыр.

Сөз  тыңдағанда…

Біреулердің сөзін тыңдай бастасаң, сүлдерің құрып шаршап қаласың. Біреулердің сөзін тыңдасаң, сүдінің кіріп, серпіліп, тағы да сөйлей  берсе  екен  деп  аңсап  қаласың…

Тебіспей  табыспас

Тентек пен тентек тебісіп табы­сады.

Өктемдік

«Біздің партияны неге жақсы көрмейсіңдер?» деп зеки сөйлеп, ұра алмаса да, ұлы таяқ көтергісі келе­тіндер  пайда  болыпты.

Кемшілік  жабар

Қай-қай адамда да орны олқы бір кемшілік бар. Бірақ сол кемдікті әркім әртүрлі жолмен – біреу білімімен, біреу ақылымен, біреу қулығы­мен, біреу арамдығымен, біреу  сараңдығымен  толтырады.

Шығармашылық  шырғалаңы

Шығармашылық дегеніміздің өзі – бір жағынан, даралықтан дана­лыққа ұмтылу, екінші жағынан, жамағаттан жырылып жалғыздыққа қашу.

Сенгіштік

Біздің жұрт сөзге сенгіш. Өсек болсын, өтірік болсын, жолдау болсын, үндеу болсын, аузы аңқиып сенеді  де  отырады.

Мықтылыққа  ұмтылыс

Мықты адамдардың жанына жа­бы­сып суретке түседі, мықты болып көрінгісі  келіп  жүр…

Солай  болып  тұр

Мен қандай биіктерге де шарық­тап шығамын дейтін жалындаған жастар азайып, мені заңғар биіктерге шығар дейін боркеміктер көбейіп кеткен  сияқты.

Қара  қыздың  қылығы

Бой түзеген қара қыздар «қара­йып кетем» деп жаздай күндіз күн астына шықпай, түнде ғана қыдырып, ақ қыз болам деп жүр. Алайда ақ қыз  болғандары  шамалы-ақ…

Құрылыстың  бас-аяғы

Құрылысты  тендерлеп   алып  салу бар.  Салғаннан соң оны төрт  құбыласы  түгел  деп  қабылдата  алу  бар…

Ми  саудасы

Миы жоқтарға ми сататын сауда нүктелері ашылса, қанша адам барып  сауда  жасайды  екен?

Тағдыр  әуендері

Күйзелген, шаршаған  жұрт  кө­ңілді, жеңіл әнді қалайды. Жағ­дайы қалыпты жұрт ойлы, өрнекті әуендерді  қалайды…

Комплекс

«Менің комплексім жоқ» деп аспанға қарай мұрын шүйірудің өзі – комплекс.

Нәті  қатты  екен

Маған қарыз еді. Бір көргенімде маңқа танауы бырқ ете қалды. Екінші көргенде байқадым, оның жүрегі зырқ ете қалды. Тағы бір көргенімде, артқы жағы еріксіз тырқ ете қалды. Бырқыраса да, зырқыраса да, тыр­қыраса да, бірақ қарызымды әлі қайтарған  жоқ.

Өлшеуіш

Оның ақындығы біршама бол­ғанымен де, ақымақтығы одан да тым-тым  зор  еді…

Мұраты  мүттәй  мұндарлар

Бірін-бірі ойдан-қырдан іздеп біріккісі келіп жүргендер көп, «Қазақ болып бірігейік» десең, құлағының  сыртымен тыңдайды. Ал «Ру болып бірігейік» десең, табан астында қолдайды.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: