Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім қызметкерлері арасындағы аудандық спартакиада басталды

31.08.2026, 16:40 64

HALYQLINE.KZ

Арал қаласындағы №292 орта мектептің спорт алаңында білім қызметкерлері арасында «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ұстазы Ебейсін Исаев» атындағы аудандық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Спартакиада саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, талай шәкірттің жүрегіне білім мен ізгіліктің сәулесін түсірген, Арал өңірінің білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты ұстаз Ебейсін Исаұлы Исаевтың өнегелі жолын ұлықтауға арналған.

1928 жылы Қамыстыбас теміржол стансасында дүниеге келген Ебейсін Исаұлы небәрі 14 жасында ұстаздық жолға қадам басып, кейін өмірін ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына арнады. Ол математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарып, 21 жылдан астам уақыт Арал аудандық оқу бөлімін басқарды. Ерен еңбегі еленіп, 1964 жылы «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім» құрметті атағына ие болды.

Салтанатты іс-шара барысында Ебейсін Исаұлының өмірі мен еңбек жолы кеңінен насихатталып, ардагер ұстаздың жарқын бейнесі еске алынды. Тұлғаны құрмет тұтып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, білім саласының ардагерлері, зейнеткер ұстаздар, Ебейсін Исаұлының туған-туыстары мен ұрпақтары қатысып, тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Спартакиада бағдарламасына ерлер және әйелдер волейболы, баскетбол 3х3, шағын футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату және бес асық спорт түрлері енгізілді.

Білім саласының қызметкерлерін бір арнаға тоғыстырған бұл жарыс саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұстаздар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды спорттық мереке ретінде дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: