Бүгін, 2026 жылғы 31 тамыз Қазақстан тарихындағы есте қаларлық оқиғалар орын алған күн болды. Қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес дүниеге келген өкілетті орган – Құрылтай алдында Үкімет доғарысқа кетіп, жаңа Премьер-министр ретінде Олжас Бектенов қайтадан үкімет басшысы болып сайланды. Уақытша жұрт көзінен таса болған Ерлан Карин қайтадан жарқ етіп мемлекеттегі екінші тұлға – Вице-президент лауазымынан бір-ақ көрінді. Мұның бәрі әрине жақсы! Олардың бәрі енді мемлекеттік ант беру рәсімінен өтеді.
Осындайда 28 тамыз күні Құрылтай депутаттарының екі жарым сағатқа созылған ант беру рәсімін көріп жағамызды ұстағанымызды несіне жасырайық. Өзі небары 145 депутат. Солардың бірқатары қарадан-қарап тұрып малтығып, жазып берілген ант мәтінін дұрыс оқи алмай масқара болды. Құрылтайдың басқару аппараты әлі құрыла қоймаған шығар. Бұл шаруаның бәрін мұндайда реттейтін Орталық сайлау комиссиясы, дәлірек айтқанда Президент Әкімшілігі екендігі кімге де болса мәлім. Сонда бұл кандидатураларды ұсынған партиялардың басшылықтары не ойлаған? Ертең партиялық фракцияларда заң жобаларын талқыламақ түгілі өзінің жеке депутаттық антын дұрыс қабылдай алмаған адамдар қалай жұмыс істейтін болады? Сенімнің сетінеуі алғашқы күннен басталса, онда не болғаны?!
Ел Президенті екі сөзінің бірінде «Заң мен тәртіп» деп басты қағидаларды жұрттың есіне салумен әуре. Ал Президент Әкімшілігі қайда қарап отыр? Ант беру ойыншық емес, бұл – әскерилердің ант бергені тәрізді аса маңызды мемлекеттік рәсім. Іс жүзінде партиялар ұсынған тізімдегі бір адам мемлекеттік тілде дұрыс ант бере алмаса, оған көзді жұмып қарауға болмайды. Бұл – масқара жағдай! Тізіммен ұсынылған ол үміткер дереу тізімдегі басқа үміткермен алмастырылуға тиіс! Өйткені бұл – Конституциялық норманың бұзылуы! «Тіл туралы» заңымыздың аяқасты етілуі!
Жаңа Ата заңымыздың 9-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» екендігі тайға таңба басқандай айқын жазылған. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi.
Құрылтай – мемлекеттік ұйым емес, ол – мемлекеттік орган. Ендеше заң шығарушы органның мүшесі мемлекеттік тілді білуі – басты талап. Оның үстіне еліміздің «Тіл туралы» заңының 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» делінген. Сондықтан жаңағы мырзалар тіпті депутат болмаса да, Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тілді білуі міндетті.
Ант мәтіні соншалықты қиын да емес: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!». Сол өзі ант беріп тұрғанында Конституция мен «Тіл туралы» заңды аяқ асты етіп тұр ғой. Ол қалай депутат болады? Партиялық басшылықтар сонда көшеден жинап әкелген, заңдарымызды білмейтін, заңға бағынуды міндетті деп есептемейтін кездейсоқ адамдардан қалай фракциялар жасақтамақ?
«Әндіжанда бір апам бар, менен өткен сорақы демекші» ең сорақысы бір депутат антты орыс тілінде берді. Конституцияда орыс тілінің ешқандай мәртебесі қарастырылмаған. Бұл – конституцияны сорақы бұзу! Заңы қайда? Тәртібі қайда? Шатасып, мәтінді дұрыс оқи алмағандар, орыс тілінде ант беріп, заңдарымызды бұзған партиялық депутаттар меніңше ант беру рәсімін қайтадан өткізуі керек!
Сол сияқты мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде Ант беру рәсімінің жауапкершілігін қайта қарастыру қажет! Антын дұрыс бере алмағандар, ант мәтінін бұзып оқығандар жауапты лауазымдарға жолатылмауға тиіс!
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Фейсбуктегі парақшасынан алынды.
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!