Orda.kz редакциясы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім негізгі ақпараттық ресурсқа ғана емес, редакцияға тиесілі барлық әлеуметтік желідегі парақшалар мен YouTube арнасына да қатысты.
Редакцияның хабарлауынша, жұмысты тоқтату туралы шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.
— Қабылданған шешімнің ешқандай астары жоқ. Редакция табатын қаражат оның жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға алып келген басқа себеп жоқ, — делінген мәлімдемеде.
Редакция өзіне алған міндеттемелерді толық орындауға бар күшін салатынын да атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерінен редакцияның тек ресми мәлімдемелеріне сүйенуді сұрады.
Orda.kz бас редакторы Анна Платонованың мәлімдеуінше, редакция 31 тамыздың соңына дейін материал жариялауды жалғастырады. Ал 1 қыркүйектен бастап жаңа жарияланымдар шықпайды.
Айта кеткен жөн, Orda.kz айналасындағы жағдай бұған дейін де қоғам назарында болды. 2025 жылғы 1 желтоқсанда редакция мен Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізіліп, ол үйқамаққа алынған. Бажкенова мен оның адвокаттары бұл әрекеттерді редакцияға және оның иелік үлесіне байланысты қысыммен байланыстырған. Редакция бұған дейін кибершабуылдар, қоқан-лоқы және Orda.kz-ті бақылауға алу әрекеттері болғанын мәлімдеген. Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті де Бажкеноваға тағылған айыптарды сынға алып, биліктен қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап еткен.
2026 жылғы 18 тамызда Алматының Бостандық аудандық соты Гүлнәр Бажкенованы заңсыз кәсіпкерлік, көрінеу жалған ақпарат тарату және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету баптары бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды, сондай-ақ оған бес жыл бойы журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бажкенова тағылған айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ.
Осы аралықта оның адвокаты Мұрат Адам да адвокаттық лицензиясынан айырылды. Адам бұл істі Бажкенованы қорғау қызметімен байланыстырып, саяси қысым деп бағалаған, ал сот Әділет министрлігінің талабын қанағаттандырған.
Сондықтан Orda.kz-тің 1 қыркүйектен жұмысын тоқтатуы редакция мәлімдегендей қаржылық себеппен түсіндірілгенімен, басылымның соңғы жылдардағы тарихында сот процестері, тінтулер, үйқамақ, адвокатқа қатысты шаралар және редакцияның өзі айтқан қысым фактілері қатар жүргенін де айта кеткен жөн.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!