Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылтайдағы ең жас депутаттар кімдер?

29.08.2026, 13:30 39

Қазақстандағы жаңа Құрылтай құрамына партиялар атынан ұсынылған депутаттар арасында 30 жасқа толмаған және отыздан енді асқан бірнеше жас бар. Олардың қатарында жастар саясаты, экология, инклюзия, журналистика және кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген азаматтар бар.

Ең жас депутаттардың бірі – 27 жастағы Русана Сулаймонова. Ол Павлодар қаласында тұрады және жастардың еңбек қозғалысы бағытында жұмыс істейді. Қазір Павлодар облыстық «Жасыл Ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтары штабының директоры әрі командирі қызметін атқарады. Сонымен қатар Павлодар қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты. «Әділет» партиясы ұсынған депутаттар тізімінде 78-орында тұрған.

28 жастағы Динара Наумова – Respublica партиясының өкілі. Мамандығы бойынша мұнай және газ өңдеу технологы болғанымен, қоғамдық қызметте инклюзивті қоғамды дамыту бағытындағы жұмысымен танылған. Ол «Life+» инклюзивті фитнес орталығын құрған.

Құрылтайдағы жас депутаттардың тағы бірі – 29 жастағы Ақерке Искандерова. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін шетел филологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін алған. 2018 жылдан бері «Жастар Рухы» жастар қанатында еңбек етіп келеді, ал 2024 жылдан бастап ұйымның республикалық төрағасы қызметін атқарады.

29 жастағы Дидарбек Ділдәбек мамандығы бойынша эколог. Ол студенттік кезінен қоғамдық-саяси жұмыстарға араласып, университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетін басқарған. 2019 жылы Алматы қаласындағы үздік жастар комитетінің төрағасы атанған. Қазір «Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы қалалық филиалына жетекшілік етеді.

30 жастағы Замира Кузиева саясатқа басқару және кәсіпкерлік саласынан келген. Қазіргі уақытта «Универсал» компаниялар тобының басқарма төрайымы. Сонымен бірге «Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі және Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істейді.

Ал 34 жастағы Ирина Тен тележурналистика саласында танылған. Қазір «Qazaqstan» телерадиокорпорациясында еңбек етеді. Сондай-ақ «Әділет» партиясын құру бастамашыларының бірі ретінде аталып, партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі қызметін атқарады.

Осылайша, жаңа Құрылтай құрамындағы жас депутаттар арасында түрлі салада тәжірибе жинаған, қоғамдық және саяси жұмыстарға ерте араласқан мамандар бар.

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: