Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары осы аптада Қазақстандағы Құрылтай сайлауының қорытындысына, елдің цифрлық даму жоспарына, Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунның сапарына, сондай-ақ Каспийдегі құтқару флоты мен мұнай-газ саласындағы жаңа инвестициялық жобаларға назар аударды.
Ресейдің ТАСС агенттігі Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижелерін жариялады. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауға 9,3 млн адам қатысып, дауыс берушілердің белсенділігі 74,08 пайыз болған. «Әділет» партиясы 71,17 пайыз, «Ауыл» 6,26 пайыз, Respublica 5,56 пайыз, «Ақ жол» 5,21 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 5,11 пайыз дауыс жинаған.
Жапониялық Jiji Press Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунның Қазақстанға алғашқы ресми сапары барысында Nazarbayev University студенттерімен кездескенін жазды. Ол Сингапурдың даму жолы, екі ел арасындағы ынтымақтастық және өзгерістерге бейімделе алатын мемлекеттік жүйе құрудың маңызы туралы пікір білдірген.
Қытайдың Xinhua агенттігі Қазақстан Үкіметі бекіткен 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясына тоқталды. Жоспар бойынша 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру жүйесінің 80 пайызына жасанды интеллект технологиялары енгізілуі мүмкін. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және ЖОО түлектерінің кемінде 80 пайызы ЖИ бойынша базалық дағдыларды меңгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге кететін уақытты кемінде 50 пайызға қысқарту да көзделген.
Caspian Post Қазақстанның Каспий теңізіне арналған DAMEN Fast Crew Supplier 2710 жоғары жылдамдықты құтқару кемесін қабылдап алғанын хабарлады. Эстонияда жасалған кеме төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың оқиға орнына жылдам жетуіне және авариялық-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал әзербайжандық Report басылымы француздың SNF SA компаниясының Қазақстанның мұнай-газ саласына 100 млн еуроға дейін инвестиция салу жоспарына назар аударды. Жоба мұнай-газ саласына арналған полимерлік өнімдер мен жабдықтар өндірісін Қазақстанда жолға қоюға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!