– Мені қолдап, университет өзі ұсынды. Тіпті хаттамасын оқып та көрмедім. «Осы еңбек ұсынылсын» деп жаны ауырған азаматтың бірі – Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бір жыл ішінде 24 кітабымның жарық көруіне септігін тигізді. Өйткені Мұхтар кітап оқиды. Ал біздің министрлердің кітаптан көзі ауырады ғой. Екі-үш бетін оқыса, миы ауырып, басы тызылдап кетеді. Кітап оқымаған көзді бірден аңғаруға болады. Адамның көзі сөйлеп тұрады. Сөзді ұғатын немесе ұқпайтын құлақты да ажырата аламыз. Қазір әр адамның ішкі ойы мен түпкі мақсатын болжай аламын.
Өз табиғатымда Абай айтпақшы, «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден» дегенді ұстанамын. Осы ойды әкем де әркез айтып отырды. Еңбек етемін, жанымды аямаймын. Атқарған жұмысым жайлы шын жанашырлықпен айтса, қып-қызыл сиямен түзетемін. Ал жала жапқандар болса, үндемеймін. Сондықтан да қазір мемлекеттік сыйлық туралы айтқаным әдепке жатпайды. Өйткені сол даудың бір ұшығына менің де атым ілініп тұр. Қалай бағалайды, оны комиссияның ар-ұяты біледі. Ал мені қолдап, он мыңнан астам адам (оның ту басында Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров, Ақұштап Бақтыгереева, Құлбек Ергөбектер, кейінгі жастар бар) қол жинап, президентке хат жолдап, бағалап жатса, оған неге нала болуым керек? Ішімнен тәубе етіп, қанағаттанамын. Ал оның нәтижесі алай-былай болды деп тон піше алмаймын. Өз басым әлеуметтік желіні қарамаймын. Дегенмен де, 10 мыңнан астам қол жиналып, президентке хат жазу деген осал нәрсе емес. Бұл үшін өзім қатты қысылдым.
Шындықты айтайын, 2015 жылы «Ұраным – Алаш!» атты еңбегім мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, іріктеуден өттім. Енді Назарбаев қана қол қоюы керек. Содан тамыз айында Махмұд Қасымбеков хабарласып, президенттің жеке қабылдауына шақырды. «Тұрсеке, президентке кірсеңіз, келесі аптаға қабылдайық», – деді. Не істерімді білмей, аяқастынан ыңқылдадым да: «Жүрегім ауырып тұр еді, ауруханаға жатуға келісіп қойып едім», – дедім. Ол кісі мені бірден түсіне қойды. Қыркүйекте тағы шақырды. Сөйтсем, менің кіргім келмегенін Назарбаев та түсінген екен. Беріп тұрған сыйлықты алуын аласың ғой. Демек, жеке шақырып, қабылдаса міндетті түрде бір тапсырма беретінін сездім. Одан кейін мен не істеуім керек? Сосын бір күні «Кітабыңыз жақсы екен, оқуға лайықты еңбек» деген сарында баға берген хат жазып жіберіпті. Есесіне, арым – таза, биліктің бишігін соқпадым. Осылайша, өзімді өзім арашалап қалудан басқа амал қалмады. Бұрын да осындай бір-екі принцип жібермеген еді. Мысалы, 2004 жылдары Алаш идеясын насихаттамаған болсам, мемлекеттік сыйлықты алар едім. Сол кезде де «Енді жұмсарсаңызшы, үндемей жүрсеңізші» дегендер көп болды. Тіпті Әбіш Кекілбаевтың «Тұрсын, енді байқайсың ғой…» деген емеурінмен күлгені бар. Бірақ ол менің шындықты айтудан қайтпайтынымды білетін. Сондықтан бұл өзі іші толған интрига тақырып. Ал мен интригаға жоқпын. Егер қыл-қыбырдың ішіне кіріп кетсем, қайтадан қалам ұстай алмай қаламын. Қағаз бен қаламның бетіне арың таза боп, ертең айтқан пікіріңнен ауытқымайтындай тура қарау керек. Айтқан пікірің қате болуы мүмкін, бірақ ар-ұжданыңа күдік болмау керек. Осы тұста Қадыр Мырза Әлі өте жақсы аударған ұйғыр ақыны Махмұд Әбдірахмановтың мынадай өлеңі бар. «Мен өзім болсам досы көп шайыр, Қасым да көп, оған да қайыр. Болашақ үшін күреске түссең, Дұшпансыз адам – адам ба, тәйір» дейді. Әрине, үстімнен арыз жазуды ұйымдастырғандар, жағымсыз мінездеме жазғандар болды. Олардың кім екенін сездім, білдім. Қолдарынан келген мақсатына жетті. Ол да – жеңіс. Алайда қазақ үшін жанкешті еңбек етіп жүрген мен олардың жауы болсам, олар түбінде жеңіске жетсе, демек қазақ елінің бостандығына да бір көлеңке түсті деп есептеймін. Өйткені, адал жауынгерге ешқашан күнә артпау керек. Бірақ оқырмандарыма айтарым, өз тағдырыма ризамын. Маған жасаған құрметі табандылық пен ар-ұятымның бәсіне берілген шығар. Ал өз басым адам қолымен істелетін бөгеттерді бөгет деп есептемеймін. Ондай болса, 1982-1986 жылдары, 1990 жылдары да күресіп, жанталасып жүргенде жағамды жыртқызсам да, мен де біреуінің жағасын жыртып кетер едім. Бірақ оған бармадым. «Жұлдыз» журналында сын бөлімін 15 жыл басқардым. Сонда өзіме қастандық жасағандардың біреуінің ар-ұятына тиетіндей әрекет жасамадым. Ешқайсысынан кек алмадым…
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ғалым.
(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!