Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа жүйе, жаңа таңдау. Құрылтай сайлауына талдау

27.08.2026, 9:20 83

Қазақстанның саяси өмірінде жаңа кезең басталды. Бәрімізге белгілі, бұған дейін заң шығарудағы билікті Мәжіліс пен Сенат жүзеге асырып келді. Ал енді жаңа Конституцияға сәйкес, олардың орнын бір палаталы Құрылтай баспақ. Осылайша, тамыздың 23-і күні көптен күткен ел тарихында алғаш мәрте Құрылтай депутаттарын сайлау өтті.

Құрылтайдың құрылуы мемлекеттік басқару жүйесімен қатар, сайлаушының таңдауына да жаңа талап қойды. Нақтыласақ, ендігіде халық елдің заң шығару органында кімнің өкілдік ететінін бір палаталы жаңа құрылым арқылы айқындайды. Бірақ құрылым сол баяғы: сайлауға бірнеше саяси партия қатысып, өз бағдарламалары мен ұстанымдарын паш етіп, сайлаушы қолдауына ие болуға барын салады.

Сонымен, жаңа Құрылтай қандай саяси күштерден құралады? Партиялар халыққа не уәде етті? Дауыс беру сәтінде нендей қызықты әрі маңызды оқиғалар болды? Және ең бастысы, сайлау қорытындысы Қазақстанның жаңа саяси жүйесіне қандай бағыт береді? Осы сауалдарға жауап іздеп, сайлау науқанын талдап, таразылап көрелік.

Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі­нің негізі сонау 1995 жылы қаланды. Сол жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабыл­данып, елдің заң шығару билігін жүзеге асыратын қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Арада көп жыл өткен соң, 2026 жылғы жаңа Конституция бұл жүйеге түбегейлі өзгеріс енгізіп, қос палаталы Парламенттің орны­на бір палаталы Құрылтайды әкелді.

1995 жылғы Конституция бойынша алғашқы қос палаталы Парламент сайлауы сол  жылдың желтоқсанында өтті. 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессия­сы ашылды. Осыдан кейін Сенат пен Мәжіліс үш онжылдық бойы Қазақстанның заң шығару жүйесінің негізгі инс­титуттары  ретінде  жұмыс  істеді.

Бұл кезеңнің өз ішінде де саяси жүйе бірнеше рет өзгерді. Мәселен, 2022 жыл­ғы конституциялық реформадан кейін Президент тағайындайтын Сенат депу­таттарының саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. Ал 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесі қайта енгізіліп, 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы бірмандатты округтер арқылы сайланды. Яғни қос палаталы Парламенттің өзі бір орында тұрған жоқ, уақыт өте келе оның қалыптасу тәртібі де өзгеріп  отырды.

Ал 2026 жыл саяси жүйе үшін мүлде жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленді. 11 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда жаңа Конституция­ны қабылдау мәселесі бойынша жалпы­халықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа  қол  қойды.

Референдумнан кейін қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Сол күннен бастап 1995 жыл­ғы Конституция негізінде қалып­тасқан Парламенттің өкілеттігі тоқтады. Жаңа Негізгі заңда заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде Құрылтай белгіленген. Оның құрамына 145 депутат кіреді, ал өкілеттік мерзімі – бес жыл. Депутаттар біртұтас жалпы­ұлттық сайлау округі бойынша пропорцио­налды өкілдік  жүйесімен  сайланады.

Демек, 2026 жылғы 23 тамыздағы сайлау Қазақстанның заң шығару органының құрылымы өзгергеннен кейінгі алғашқы сайлау болды деуге негіз бар. Жаңа Конституцияның өтпелі ережесінде Құрылтай сайлауы Конституция күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде жарияланып, екі ай ішінде өткізілуі керектігі нақты  көрсетілген.

Мемлекет басшысы да Құрылтай сайлауын саяси жүйедегі ауқымды өзгерістің бір бөлігі ретінде бағалады. Оның сайлау алдында «Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады» дегені есімізде. Президенттің айтуынша, сайлау туралы алдын ала жариялау партияларға дайын­далуға және сайлаушылармен жұмыс іс­теуге  уақыт  беру  мақсатында  жасалған.

Құрылтай атауының өзі де кездейсоқ таңдалған жоқ. Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес бұл институ­ттың қайта жаңғыруын тарихи сабақ­тас­тықпен байланыстырды. Оның сөзінше, Құрылтайды қайта жаңғырту Орда­басы құрылтайының 300 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. 1726 жылғы Орда­басы жиынында қазақ хандары, сұлтандар, билер мен батырлар бас қосып, елдің ортақ мәселесін  талқылағаны  тарихи деректерде ашып  көрсетіледі.

Алайда  тарихи  атаудың жаңғыруы бүгінгі Құрылтайдың мазмұны бұрынғы құрыл­тайлармен бірдей деу – керағар тұжырым. Қазіргі Құрылтай – Конституцияда нақты мәртебесі мен өкілеттігі белгіленген заң шығару органы. Ол конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдайды, ал депу­таттары  жалпыға  бірдей, тең  және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру  арқылы  сайланады.

Осылайша, 2026 жылғы сайлаудың алдында Қазақстан қоғамы бір саяси институт­пен қоштасып, екіншісін таңдау­ға келді. Отыз жылға жуық уақыт жұмыс істеген қос палаталы Парламенттің орнына жаңа бір палаталы заң шығару органы келді. Ендігі мәселе – Құрылтайдың елдің заң шығару жүйесіне қандай өзгеріс әкелетіні мен қоғамның саяси сұранысына қаншалықты  жауап  бере  алатынында.

Сайлауалды науқанға 7 саяси партия қатыс­ты. Олар – «Әділет», «Ақ жол», «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық пар­тиясы, «Байтақ» және Жалпыұлттық социал-­демократиялық партиясы. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа осы партиялардан 545 кандидат тіркелді. Кандидаттардың орташа жасы 45,4 жасты құраса, олардың 172-сі – әйел, 74-і 35 жасқа дейінгі азаматтар  болды.

Партиялардың сайлауалды бағдарламаларында ортақ мәселелер аз болған жоқ. Халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту, ауыл-аймақты өркендету, әлеу­меттік қорғау, білім мен денсаулық сақтау секілді тақырыптар 7 партияның да назарынан тыс қалмады. Алайда әр саяси күш бұл мәселелерге өзінше басымдық беріп, сайлаушыға түрлі шешім жолдарын ұсынды.

«Әділет» партиясы саяси реформаларды жалғастыру, заң үстемдігін күшейту және әлеуметтік  әділетті орнықтыру мәселелеріне басымдық берді. Ал «Ақ жол» кәсіпкерлік­ті, отандық өндірісті және экономикалық өсімді қолдауды негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетті. «Ауыл» партиясы дәстүрлі түрде ауылдың жағдайы­на, агроөнеркәсіп кешеніне, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымға назар аударды. Respublica болса қуатты экономика, кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік басқару­дың тиімділігін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын көтеру мәселелерін алға шығарды. Қазақстан Халық партиясының бағдарламасында әлеуметтік саясат, білім беру, ауыл-аймақты дамыту және халықтың әлеуметтік қорғалуын күшейту бағыттары қамтылды. ЖСДП экономиканы монополиясыздандыру, әлеуметтік әділеттілік, бюджетті цифрландыру секілді бастамаларды ұсынса, «Байтақ» партиясы қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті басты мәселелердің  біріне  айналдырды.

Осылайша, партиялардың көпшілігі көтерген мәселелер ортақ болғанымен, олардың саяси екпіні әртүрлі болды. Бірі экономика мен кәсіпкерлікке, бірі ауыл мен әлеуметтік саясатқа, енді бірі экология­ға немесе саяси реформаларға басымдық берді. Ендігі мәселе осы бағдарламалардың қайсысы сайлаушының қолдауына ие болғанын  анықтау-тұғын.

23 тамыз күні Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Сандарды сөйлетейік. Дауыс беру ел аумағындағы 10 423 сайлау учаскесінде ұйымдастырылды, оның 79-ы шетелдің 61 мемлекетінде орналасқан. Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілді. ОСК мәліметінше, 107 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6:00-де басталса, басым бөлігінде учаскелер сағат 7:00-де жұмысқа  кірісті.

Сайлау күні Орталық сайлау комиссия­сы сайлаушылардың белсенділігі туралы әр екі сағат сайын ақпарат жариялап отыр­ды. Сағат 10:00-де сайлаушылардың 18,25 пайы­зы дауыс берсе, 14:00-де бұл көрсеткіш 55,27 пайызға, 18:00-де 72,15 пайызға жетті. Сағат 20:00-дегі қорытынды бойынша 9 352 151 азамат бюллетень алып, сайлаушылардың жалпы санының 74,19 пайызы дауыс беруге қатысқан.

Өңірлер арасындағы белсенділік те біркелкі болған жоқ. Дәлірек, сағат 20:00-дегі мәлімет бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 92,16 пайыз, Жетісу облысында – 91,19 пайыз және Қызылорда облысында 90,75 пайыз болды. Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында – 43,23 па­йыз,  Астанада – 51,67  пайыз  тіркелді.

Сайлау процесінің тағы бір ерекшелігі – азаматтарға дауыс беруді барынша қолжетім­ді етуге басымдық берілуі. Мәселен, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орын­дарында алғаш рет арнайы сайлау учаскелері құрылды. Қарағанды облысындағы Qarmet кәсіпорнының өндірістік алаңдарында және вахталық кентте осындай төрт учаске  ашылды.

Сайлауды халықаралық байқаушылар да бақылап отырды. ТМД миссиясы алғашқы бақылау қорытындысында заң­бұзушылықтар анықталмағанын мәлімде­се, ШЫҰ байқаушылары да сайлаудың алғашқы жартысында заңбұзушылықтар мен шағымдар тіркелмегенін хабарлады. Дегенмен, бұл бақылаушылардың аралық бағасы екенін ескерген жөн, сайлаудың толық қорытындысы мен түпкілікті бағасын осы мәлімдемелермен шектеп қоюға болмайды.

Кешкі сағат 20:00-де елдегі барлық сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталып, учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Осы сәттен бастап сайлау науқанының басты сұрағы да өзгерді: енді мәселе халықтың қаншасы дауыс бергенінде ғана емес, сол дауыстардың Құрылтайдағы сая­си күштердің арақатынасына қалай әсер ететінінде  болды.

Сайлауалды науқанның ең қызған тұсы телеэфирлерден байқалды. Құрылтай сайлауына қатысқан 7 партия бірнеше пікір­сайысқа қатысып, өз бағдарламаларын таныс­тырып қана қоймай, қарсыластарына сұрақ қоюға мүмкіндік алды. 19 тамыз­да 24KZ телеарнасында өткен қорытынды «Бас­ты дебат – 2026» пікірсайысына 7 партияның төрағасы түгел қатысып, экономика, халық табысы, ауыл шаруашылығы, әлеу­меттік саясат және экология мәселелерін  ортаға  салды.

Дебаттың форматын да бұрынғы сайлау науқандарынан ерекшелеуге тырысты. Төрт раундтың бірінде партия жетекшілері бір-біріне тікелей сұрақ қойса, келесі кезеңде көрермендердің сауалына жауап берді. Ал халықтың қызығушылығын бір ғана көрсеткіш аңғартады: арнайы QR-код пен байланыс арналары арқылы эфирге дейін 59 мыңға жуық сұрақ түскен. Оның ішінде Қазақстаннан ғана емес, шетелдегі азаматтардан  да  сауалдар  болған.

Дегенмен, дебаттағы тартыстың бәрі бірдей өткір саяси қақтығысқа ұласқан жоқ. Партия көшбасшыларының басым бөлігі өз бағдарламасын  қорғауға және негізгі басымдықтарын түсіндіруге көбірек көңіл бөлді. Мәселен, Respublica төрағасы Айдар­бек Ходжаназаров  «Ақ  жол»  төрайымы  Дания Еспаеваға ауыл мәселесіне қатысты тікелей сұрақ қойды. Мұндай пікір алмасулар партиялар­дың ұқсас тақырыптарды әртүрлі қырынан көретінін көрсетуге мүмкін­дік  берді.

Сайлауалды науқан тек телевизиялық студиялармен шектелген жоқ. Партиялар өңірлерді аралап, өндіріс орындарына, егістік алқаптарына, клиникаларға, IT алаңдарына және табиғи парктерге барды. Мәселен, «Әділет» партиясының мобильді керуені 23 күн ішінде Қазақстанның 16 өңірін аралап, 40 мың шақырымнан астам жол жүргенін хабарлады. Бұл – партиялардың сайлаушымен байланыс орнату үшін дәстүрлі митингіден бөлек форматтарға  барғанын  көрсететін  мысал.

Науқан барысында жаңа саяси тұлғалар­дың да есімі жиі аталды. Бұған дейін кең саяси аудиторияға аса танымал болмаған кандидаттар партиялық тізімдер арқылы алдыңғы қатарға шықты. Жалпы, Құрылтай сайлауына тіркелген 545 кандидаттың орташа жасы 45,4 жас болды. Яғни жаңа заң шығару органына баратындардың арасында тәжірибелі саясаткерлермен бірге жаңа буын  өкілдері  де  болды.

Саяси бәсекенің тағы бір ерекшелігі – оның әлеуметтік желілерге кең шығуы. Дебаттың өзі тек телеарна арқылы емес, YouTube, Telegram, Instagram және TikTok платформаларында таратылды. Осылайша саяси үгіт тек теледидар көретін аудитория­мен шектелмей, жастар жиі қолданатын цифрлық  кеңістікке  де  көшті.

Науқанның соңғы күндерінде партиялар арасындағы пікір айырмашылығы да анық көріне  түсті. ЖСДП «Ауыл» партиясын тіке­лей пікірсайысқа шақырса, басқа партиялар өздерінің сайлауалды ұсыныс­тарын еңбек ұжымдары мен кәсіби қауым­дастықтар алдында қорғауға тырысты. Бұл сайлаудың соңына қарай партиялардың тек бағдарлама жариялап қана қоймай, бір-бірінің саяси ұсыныстарына жауап беруге ұмтылғанын  көрсетті.

Сөйтіп, алғашқы Құрылтай сайлауының науқаны бір ғана ұранның төңірегінде өткен жоқ. Бір партия реформаны, екіншісі экономиканы, үшіншісі ауылды, төртіншісі экологияны алға шығарды. Ал олардың арасындағы саяси бәсекені телевизиялық дебаттар, өңірлік кездесулер және әлеуметтік желідегі жаңа форматтар толықтырды. Ең бастысы, сайлауалды науқан аяқталған кезде партиялардың бәріне ортақ бір сұрақ қалды: осы уәделердің қайсысына сайлау­шы  сенім  білдірді?

Сонымен, үш айға жуық саяси науқанның соңғы нүктесі қойылды. Қазақстан тарих­ындағы алғашқы Құрылтай сайлауы­ның алдын ала қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 71,17  пайыз  дауыс  жинап, айқын басымдықпен көш бастады. Одан   кейін  «Ауыл» – 6,26 пайыз,  Respublica – 5,56 пайыз, «Ақ жол» – 5,21 пайыз  және ЖСДП – 5,11 пайыз дауыс алды. Ал Қазақстан Халық партиясы 3,10 пайызбен, «Байтақ» 1,70 пайызбен бес пайыз­дық  межеге  жете  алмады.

Артынша Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша 145 депутаттық мандаттың саяси партиялар арасында қалай бөлінгенін жариялады.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлі­метінше, сайлау нәтижесінде 5 саяси партия Құрылтайға өтті. Мандаттардың басым бөлігі «Әділет» партиясына бұйырды. Атап айтқанда, партия Құрылтайдағы 145 орынның 110-ын иеленді. Қалған мандаттар «Ауыл» партиясына – 10, Respublica партиясына – 9, ЖСДП-ға – 8 және «Ақ жол» партиясына  8  мандаттан  бөлінді.

Осылайша, «Әділет» партиясы Құрылтайдағы орындардың шамамен 76 пайызын алып, айқын басымдыққа ие болды. Ал қалған төрт партияға тиесілі мандаттардың жалпы  саны 35-ті  құрады.

Сайлау қорытындысы Құрылтайдағы партиялық өкілдіктің ара салмағын да айқын көрсетті. 145 депутаттық мандаттың басым бөлігі бір партияға тиесілі болса, өзге саяси күштер Құрылтай жұмысына салыс­тырмалы  түрде  аз  құраммен  қатыспақ.

Бұл нәтижеден ең алдымен бір нәрсе анық көрінеді: Құрылтайдағы саяси салмақ тең бөлінген жоқ. «Әділет» пен қалған партиялардың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Тіпті  5 пайыздық межеден өткен төрт партияның жиынтық нәтижесі де «Әділеттің» көрсеткішіне ілеспейді. Демек, жаңа Құрылтайдың алғашқы саяси архитектурасында негізгі салмақ бір партияның қолы­на  түсіп  отыр.

Мұны «Әділеттің» сайлауалды науқанындағы басымдығымен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Партияның 186 кандидатпен додаға қатысуы, ел бойынша ауқымды үгіт жұмысы және оның билік жүргізіп отырған саяси бағытпен сабақтастығы оған бастапқыдан-ақ елеулі артықшылық берді. Reuters те «Әділеттің» жеңісін Президент Тоқаевтың саяси ықпалының  күшеюімен  байланыстырды.

Ал қалған партиялардың жағдайы мүлде басқа. «Ауыл» үшін 6,26 пайыз – бес пайыз­дық межеден сенімді өткен нәтиже болғанымен, оны үлкен серпіліс деп атау қиын. Дегенмен, ауыл, агросектор, азық-түлік қауіп­сіздігі сияқты тақырыптардың жеке саяси сұраныс ретінде сақталғанын осы көрсеткіштен   көруге  болады.

Respublica мен «Ақ жолдың» нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. Екі партия да Құрылтайға өтеді, бірақ 5,5 және 5,2 пайыз шамасындағы көрсеткіш олардың «Әділетке» балама саяси орталыққа айналғанын білдірмейді. Керісінше, жаңа Құрылтайда олардың ықпалы азшылықтағы саяси күш ретінде қалыптасады. Бұл жерде олардың нақты салмағын депутаттарының парламенттік  жұмысы  ғана  анықтайды.

ЖСДП-ның 5,11 пайыздық нәтижесі тіпті ерекше. Партия бес пайыздық межеден бар болғаны 0,11 пайыздық айырмамен өтті. Сондықтан оны «Құрылтайға сенімді түрде енген партия» деуден гөрі, сайлау нәтижесі ЖСДП үшін өте тар шекарада болғанын айту дұрысырақ. Оның ендігі міндеті – осы мандаттарды пайдаланып, сайлауалды бағ­дарламасында айтқан әлеуметтік және саяси мәселелерді нақты заңнамалық ұсыныс­тарға  айналдыру.

Ал ҚХП мен «Байтақтың» жағдайы күрделірек. 3,10 және 1,70 пайыздық көрсеткіш бұл екі партияның жаңа Құрылтайда партия­лық фракция ретінде өкілдік ету мүмкіндігінен айырылғанын көрсетеді. Әсіресе «Байтақ» үшін бұл экологиялық күн тәртібінің қоғамда мүлде қолдауы жоқ деген сөз емес. Бірақ экологияны жеке саяси бренд ретінде ұсыну сайлауда  жеткілікті электорат жинау­ға  әзірге  жетпегені  байқалады.

Осы сайлаудың тағы  бір  маңызды саба­ғы – партияның қоғамдағы идеялық ерекшелігі мен нақты электоралдық салмағы екі түрлі нәрсе екені. Сайлауалды науқан кезінде партиялар экономика, ауыл, әлеуметтік әділет, кәсіпкерлік, экология және саяси реформалар туралы түрлі ұсыныс айтты. Алайда  дауыс беру нәтижесінде олардың басым  бөлігі 5 пайыздық шектің айналасында  ғана  қалды.

Сондықтан енді басты мәселе – Құрылтайға кімдердің өткені емес, өткен партиялар өз мандатын қалай пайдаланатыны. Бес пайыздан сәл ғана жоғары нәтиже алған партиялар үшін әрбір депутаттың дауысы, әрбір бастамасы және әрбір пікірталасы маңызды болады. Өйткені сайлау аяқталды, енді олардың сайлаушы алдындағы уәдесін орындау  кезеңі  басталады.

Бұл ретте жаңа Құрылтайдың алғашқы жұмысы да қоғам үшін маңызды сынақ болмақ. Жаңа Конституция қалыптастырған бір палаталы заң шығару органының қалай жұмыс істейтіні, депутаттардың өзара пікірталасы қаншалықты ашық болатыны және партиялар өз бағдарламаларын нақты заң жобаларына  айналдыра ала ма – мұның бәрі  алдағы  уақытта  көрінеді.

Ал 74 пайыздан асқан сайлаушы белсен­ділігіне қарасақ, қоғамның едәуір бөлігі жаңа саяси институтты қалыптастыру проце­сіне қатысқанын көреміз. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі жаңа Құрылтайға авто­матты түрде жоғары қоғамдық сенім бермейді. Сенім енді дауыс берумен емес, нақты  іспен  өлшенеді.

Қорыта айтқанда, алғашқы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси картасында түбегейлі  өзгеріс болғанын көрсетті. Бір жағында – 70 пайыздан асатын қолдауға ие болған «Әділет», екінші жағында – 5 пайыз­дық межеден әрең өткен бірнеше партия тұр. Бұл  қазіргі саяси жүйедегі күштер арақаты­на­сының  қандай екенін анық аңғартады.

Бірақ сайлаудың шын бағасы бүгінгі пайыздармен емес, Құрылтайдың алғашқы жылдарындағы жұмысымен берілмек. Егер жаңа депутаттар халық көтерген мәселелерді заңға айналдырып, пікір алуандығын сақтап, атқарушы билікке кәсіби бақылау жасай алса, Құрылтай өзіне жүктелген жаңа міндеттің үдесінен шыққаны. Ал егер сайлауалды уәделер науқан аяқталған соң ұмытыл­са, бүгінгі жоғары көрсеткіштердің саяси мәні де уақыт өте әлсіреуі мүмкін.

Сайлау аяқталды. Енді Құрылтайдың кез­егі  келді.

Ал, Құрылтайдың  алғашқы сессиясы ертең,  28  тамызда  өтеді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: