Тәрбие саласында қалыптасып отырған бүгінгі күрделі ахуалдың себептері бір күнде пайда болған жоқ. Жаһандану үдерісімен бірге қоғамымызға Батыстан ентелеп енген сан алуан идея мен құндылықтар ұлттық дүниетанымға өз ықпалын тигізіп келеді. Соның салдарынан дәстүрлі тәрбие өлшемдері мен қазіргі заман ұсынған жаңа ұстанымдардың арасында қайшылықтар пайда болып, ұлттың табиғи болмысына әсер ететін өзгерістер күшейе түсті. Осыны ескере отыра, «біз тәрбиенің қай тұсынан ақсап тұрмыз?» деген сауалдың жауабын бірге ізделік.
Қоғамдағы құндылықтар жүйесі өзгерген сайын оның салқыны ең алдымен бала тәрбиесінен байқалады. Бір қарағанда ұсақ көрінетін өзгерістер уақыт өте келе тұтас ұрпақтың дүниетанымына ықпал етіп, адамның өмірдегі басымдықтарын қайта қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі тәрбие мәселесін тек отбасы мен мектептің шеңберінде қарау жеткіліксіз. Бұл – қоғамның рухани иммунитетіне қатысты мәселе. Осындай кезеңде ұрпақ тәрбиесіне ұлттық мүдде тұрғысынан қараудың маңызы арта түседі. Бұл өзге мәдениеттерден оқшаулану немесе сырттан келгеннің бәрін жоққа шығару деген сөз емес. Керісінше, жаһандық ақпарат пен мәдени ықпалдың арасынан ұлттық болмысқа сай келетінін таңдап, сүзгіден өткізе алатын сана қалыптастыруды талап етеді. Өйткені мәдениет әлсіресе, оның артынан қоғамның ішкі тұтастығы да шайқалады.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте балаға әсер ететін дүниелердің ауқымы бұрынғыдан әлдеқайда кең. Экраннан көрген бейне, әлеуметтік желідегі танымал тұлға, жарнамадағы өмір салты немесе қысқа бейежазбадағы «сәттілік тарихы» баланың құндылық туралы түсінігіне әсер етуі мүмкін. Мұндай ортада адамның қадірін оның білімі мен адамгершілігінен бұрын атақ, танымалдық, сыртқы келбет немесе материалдық мүмкіндігі арқылы бағалау үрдісі күшейсе, бұл тәрбиенің мазмұнына да әсер етпей қоймайды.
Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің «жетістік» туралы түсінігінің өзгеруі ойландыруы тиіс. Бұрын бала үшін жақсы маман болу, қоғамға пайда келтіру, жақсы адам атану маңызды арман саналған болса, бүгін әлеуметтік желінің ықпалымен танымал болу, көп ақша табу, жұрттың назарында жүру секілді ұмтылыстардың тартымдылығы артып келеді. Егер жетістік тек ақшаға, абырой тек танымалдыққа, бақыт тек материалдық мүмкіндікке телінсе, онда бала үшін мейірім, жауапкершілік, адалдық, еңбек, өзгені сыйлау секілді қасиеттердің салмағы біртіндеп төмендеуі ықтимал.
Мұндай өзгерістер бір күнде болмайтыны анық. Құндылықтар да адам мінезі секілді біртіндеп қалыптасады. Бала күн сайын нені көреді, кімге еліктейді, қандай әрекетті «жетістік» деп қабылдайды – оның болашақ дүниетанымына солардың бәрі із қалдырады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі туралы сөз болғанда, баланың қолындағы телефонды немесе көріп отырған контентімен қоса, оның санасында қалыптасып жатқан құндылық өлшемдерін де назардан тыс қалдырмаған жөн.
Ұлттық тәрбие дәл осы тұста өз маңызын жоғалтпайды. Оның міндеті – баланы заманнан оқшаулау емес, заманның өзгермелі ықпалына жұтылып кетпейтін ішкі тірек қалыптастыру. Өз мәдениетін білетін, өзгенің жақсысын қабылдай алатын, бірақ өзінің рухани бағдарынан айырылмайтын ұрпақ қана жаһандық кеңістікте өзін жоғалтпайды. Өйткені мәдениеттен айырылған қоғамның сыртқы тұрқы сақталғанымен, ішкі тұтастығы әлсірейді. Ал ішкі тұтастықтың өзегі – ортақ құндылық, ортақ жауапкершілік және ұрпақтар сабақтастығы.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында жариялаған қағидатының мазмұнын оның ұсынған «Адал азамат» ұғымы түгел қамтып отыр. Президент айтқандай, бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Ол Мемлекет басшысы берген тапсырмасына сәйкес дайындалған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына ұласып, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда мектеп пен ата-аналардың арасындағы тығыз байланысты орнатуды талап етеді. Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» құжатта отаншылдық, жауапкершілік, ынтымақтастық, жасампаздық пен жаңашылдық секілді іргелі құндылықтарды кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына ерекше мән берілген.
Ендеше, осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беру керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни бұл жерде адалдық пен әділдік бәрінен биік қойылып отыр. Демек озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғамның сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтар мен ұлтымызға тән мінез-құлық пен адами қасиеттердің орнықтырылуының маңызы зор. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болғанда ғана, елімізде әділ қоғам орнайды. Яғни бұл «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» үш тағаны – Қазақстанның озық әрі табысты елге айналуының басты кілті деген сөз.
Олай болса, ұлттық мінездің ұлттың болмысын құрайтын құбылыс және халық мәдениетінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің әрекеттегі көрінісі ретіндегі әлеуетін іске қосқан жөн. Өйткені тек ұлттық мінез ғана ұлттық бірлік, ұлттық бірегейлік, ұлттық болмысты қалыптастыруға негіз бола алады.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!