Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылу желілерінің 37 пайызы ғана жаңартылды. Қыс мезгіліне дайынбыз ба?

26.08.2026, 10:00 41

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жылу маусымына дайындық жалғасып жатыр. Биыл электр станцияларында 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Қазір 3 энергоблок, 13 қазандық пен 8 турбина толық жөнделген. Тағы 2 энергоблок, 29 қазандық және 22 турбинада жұмыс жүріп жатыр. 

Электр желілерін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жоспарланған 17,1 мың шақырым электр желісінің 13,3 мың шақырымы жөнделіп, 444 қосалқы станцияның 271-і және 3,4 мың тарату пунктінің 2 219-ы жаңартылған. Ал жылу желілерінде жұмыс баяуырақ: биыл жөнделуі тиіс 377 шақырым құбырдың әзірге 139 шақырымы ауыстырылды. Бұл жылдық жоспардың 37 пайызы. Энергетика министрлігі жұмыстар кестеге сай жүріп жатқанын және алдағы маусымға елеулі қауіп анықталмағанын мәлімдеді. 

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту аясында биыл жалпы құны 131,1 млрд теңге болатын 61 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 28-і жүзеге асырылып жатыр, 23 жоба бастауға дайын, тағы 10 жоба мақұлдау сатысында. 

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің пікірінше, қысқа дайындықты тек жөнделген нысандар санымен өлшеу жеткіліксіз.

— Энергетика саласы үшін жөндеу жұмыстарының көлемінен гөрі, күзгі-қысқы кезең басталғанда қанша қондырғы толық іске қосылатыны маңызды. Қыс кезінде электр тұтыну шарықтаған сәтте жүйенің нақты қуаты қанша болады, тұтынушылардың сұранысы өтелген соң қанша резерв қалады, ұзақ уақыт бойы апаттық жағдайға байланысты шектеуде тұрған жабдық бар ма, станциялардың отын қоры жеткілікті ме – ең алдымен осы мәселелерге назар аудару қажет, — деді сарапшы. 

Қазір энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут бар. Сарапшының айтуынша, бұл көрсеткішті ел бойынша жалпы көлеммен ғана бағаламай, әр станциядағы нақты қор мен отын шығынын жеке қарау қажет. 

Биыл дайындықты бақылаудың цифрлық жүйесі де енгізіліп жатыр. Қазір 160 кәсіпорындағы 115 мың нысан мен жабдық цифрландырылған. Жүйе жөндеу мерзімінің кешігуін, техникалық ақауларды және жабдықтың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі оның алғашқы нақты нәтижесін 2026–2027 жылдардағы жылу маусымынан кейін бағаламақ. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: