Атқарушылық құжаттарды орындау – сот актілерінің заңды күшін қамтамасыз ететін маңызды тетік. Сот шешімімен немесе өзге де атқарушылық құжатпен белгіленген міндеттемелерді борышкердің өз еркімен орындамауы жағдайында заңнамада көзделген мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады. Соның бірі – борышкердің жалақысы мен өзге де табысынан өндіріп алу. Жалақыдан өндіріп алу борышкердің табысынан белгілі бір мөлшердегі қаражатты ұстап қалу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
Өндіріп алу борышкердің жұмыс орны, алатын жалақысы немесе өзге де табыстары туралы мәліметтер негізінде жүргізіледі. Сот орындаушысы тиісті қаулы шығарып, оны борышкердің жұмыс берушісіне жолдайды. Жұмыс беруші атқарушылық құжат талаптарын орындауға және ұсталған қаражатты белгіленген тәртіппен өндіріп алушыға аударуға тиіс. Бұл ретте борышкердің жалақысынан ұстап қалу мөлшері заңда белгіленген шектерден аспауы қажет. Яғни борышкердің барлық табысын толықтай өндіріп алуға бағытталған әрекеттерге жол берілмейді. Азаматтың және оның отбасының қалыпты өмір сүруіне қажетті қаражатының сақталуы да заң талаптарымен қамтамасыз етіледі.
Жалақыдан өндіріп алу алимент, қарыз, келтірілген залалды өтеу және басқа да міндеттемелер бойынша қолданылуы мүмкін. Өндіріп алудың тәртібі мен мөлшері атқарушылық құжаттың мазмұнына және қолданыстағы заңнама талаптарына байланысты айқындалады. Борышкер өз кезегінде атқарушылық іс жүргізу барысында өз құқықтарын білуге, сот орындаушысының әрекеттерімен танысуға, қажетті жағдайда түсініктеме беруге және заңда белгіленген тәртіппен сот орындаушысының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
Сонымен қатар борышкердің атқарушылық құжат талаптарын уақтылы орындауы оның жалақысына мәжбүрлеп өндіріп алу шарасының қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Сондықтан берешек туындаған жағдайда оны өтеу жолдарын алдын ала қарастырып, сот орындаушысымен өзара байланыста болған маңызды. Борышкердің жалақысынан өндіріп алу – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ететін заңды әрі тиімді шаралардың бірі.
Оның негізгі мақсаты – өндіріп алушының заңды талабын орындаумен қатар, борышкердің де құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар заң талаптарын біліп, өз міндеттері мен құқықтарына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Манат Кәрімбайұлы,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп орындату
аумақтық бөлімінің басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!