Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жиырмаға толмай әлемге танылған жастар

12.08.2026, 12:00 77

12 тамыз – халықаралық Жастар күні

Бірі 14 жасында сынық темірден жел диірменін жасап, үйіне жарық жақты. Екіншісі 15 жасында көру қабілеті нашар адамдарға арналған жазу жүйесін ойлап тапты. Тағы бірі мектепте жүргенде қатерлі ісікті анықтауға көмектесетін жасанды интеллект жобасын ұсынды.

12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай жастығына қарамастан, идеясын іске айналдырып, әлем назарын аударған жастардың оқиғаларын жинадық.

Халықаралық жастар күнін атап өту туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы қабылдады. Атаулы күн алғаш рет 2000 жылы тойланды. Биылғы тақырып «Әртүрлі жағдай, ортақ мұрат» деп аталады. Ол жастар қай елде өмір сүрсе де, сапалы білімге, лайықты жұмысқа, қауіпсіздік пен жарқын болашаққа ұмтылатынын білдіреді.

Қазақстандық Арнұр Артықбай биыл АҚШ-та өткен Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесінде марапат алды. Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы қатерлі ісіктерді машиналық оқыту арқылы анықтауға арналған жүйе ұсынған. Байқауға 60-тан астам елден 1700-ге жуық жас зерттеуші қатысты. Арнұр ақшалай сыйлық пен Сауд Арабиясындағы Король Фахд атындағы университеттің білім грантын иеленді. 

Француз Луи Брайль үш жасында көзінен айырылды. Алайда бұл жағдай оның білімге деген ынтасын тоқтата алмады. Ол небәрі 15 жасында алты нүктеге негізделген жазу жүйесін жасап шықты. Кейін бұл әдіс зағип және көру қабілеті нашар адамдардың оқуына жол ашты. Брайль жүйесі екі ғасыр өтсе де қолданыстан түскен жоқ. 

Америкалық Фило Фарнсворт 14 жасында теледидардың жұмыс істеу идеясын ойластырған. Ол кезде теледидар тұрмыста қолданылмайтын. Фермада өскен жасөспірімнің ойы кейін электронды теледидар жүйесін жасауға негіз болды. 

Малавилік Уильям Камквамба аштық кезінде мектептен кетуге мәжбүр болды. Отбасының оқу ақысын төлеуге шамасы жетпеген. Соған қарамастан, ол кітапханаға барып, ғылым туралы кітаптарды оқи берген. Уильям 14 жасында велосипед бөлшектері, пластик құбырлар мен темір-терсектен жел диірменін құрастырды. Қондырғы отбасының үйіндегі төрт шам мен екі радиоға электр қуатын берді.

Канадалық Энн Макосински батареясыз жанатын қолшам ойлап тапты. Құрылғы адам алақаны мен қоршаған орта температурасының айырмасын электр қуатына айналдырады. Жоба Эннге 15–16 жас аралығындағы қатысушылар арасында Google Science Fair байқауының жеңімпазы атануға мүмкіндік берді. 

Нидерландтық Боян Слат 16 жасында Грекияда суға сүңгіп жүріп, балықтан гөрі пластик қалдықтарының көп екенін байқайды. Осы көріністен кейін мұхитты қоқыстан тазарту жолдарын зерттей бастады. Екі жылдан соң, 18 жасында The Ocean Cleanup қорын құрды. Мектеп жобасы ретінде басталған идея кейін мұхит пен өзендердегі пластикті жинайтын халықаралық бастамаға айналды. 

Пәкістандық Малала Юсуфзай мектеп жасында қыздардың білім алу құқығын қорғай бастады. 15 жасында оған қарулы шабуыл жасалды. Малала аман қалып, күресін жалғастырды. 2014 жылы 17 жасында Нобель бейбітшілік сыйлығын алып, тарихтағы ең жас лауреат атанды.

Олардың өмір сүрген ортасы да, кездескен қиындығы да әртүрлі. Біреуінде ақша жетпеді, бірі денсаулығынан айырылды, енді бірі қоғамның қарсылығына тап болды. Бәріне ортақ бір қасиет бар. Олар мәселені көріп қана қоймай, шешуге әрекет етті.

Жастықтың қуаты туған жылмен өлшенбейді. Оның салмағын іске айналған идея көрсетеді.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: