Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылық құрылысшыларға құрмет көрсетілді

11.08.2026, 8:35 66

HALYQLINE.KZ

Кеше Қазалы ауданында тамыз айының екінші жексенбісі – Құрылысшылар күніне арналған мерекелік салтанатты іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс-шараға құрылыс саласының ардагерлері, сала мамандары мен еңбек адамдары қатысты. Оған қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала мамандары мен ардагерлерінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбектері жайында сөз қозғады.

— Құрылысшы – қоғамдағы ең қадірлі, ең жасампаз мамандықтардың бірі. Қазыналы Қазалы өңіріндегі құрылыс шежіресінің тамыры тереңде жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Құрылыс секторы – ұлттық экономиканың өркендеуіне тікелей әсер ететін маңызды сала. Сапалы инфрақұрылым құру және халықты жайлы баспанамен қамтамасыз ету – біздің мемлекеттік саясатымыздың басты басымдығы. Бұл бағытта құрылысшылардың еңбегі орасан зор», — деп атап өткен болатын. Бүгінде өңірімізде Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Қазалы ауданында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл есепті кезеңде 7,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,2 пайызға өсті. Биыл жыл басынан бері 398,5 млн теңгеге Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені, 1,3 млрд теңгеге теміржол вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір, Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешені» мен Қожабақы ауылынан спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. 125 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде аудан халқы жаңа нысандардың игілігін көруде. Құрылыс тек үй салумен шектелмейді. Ол – өңірдің қан тамыры іспетті автожолдар жүйесі, су, газ және жылу желілері. Аудандық маңызы бар, елді мекен ішілік жолдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар ерекше бақылауда. Осы нысандардың әрбір кірпішін қалап, ел игілігіне беріп жатқан Сіздер, құрметті құрылысшылар. Сіздерге сарқылмас қуат, отбасыларыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық тілеймін! Салған ғимараттарыңыз берік, еңбектеріңіз табысты болсын! Еліміздің іргесі нық болып, қалаларымыз бен ауылдарымыз көркейе берсін! Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті құрылысшылар, — деді аудан әкімі.

Мерекелік іс-шара барысында құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен «KZ Сапа Құрылыс» ЖШС-нің директоры Ниязов Марат Мінәжатұлы, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен құрылыс саласының ардагері Бисенов Жоямерген Бисенұлы марапатталды.

Сонымен қатар, құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып, өз ісіне жауапкершілікпен қарап жүрген бірқатар сала маманына Қызылорда облысы әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының, аудан әкімінің және облыстық құрылыс басқармасының Алғыс хаттары табысталды.

Жиында «Құрмет» орденінің иегері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай және бірқатар құрылыс саласының ардагерлері сөз сөйлеп, кейінгі буынға ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекелік іс-шара барысында сала ардагерлеріне аудан әкімінің атынан арнайы мерекелік сыйлықтар табысталды.

Мерекелік жиын әрі қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар қауымы құрылысшыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше мерекелік кеш тарту етті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: