Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай тағылымы, біз өзгердік пе?..

10.08.2026, 11:40 125

Бүгін қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Абай дүниеге келген дәуір мен бүгінгі уақыттың арасы бір жарым ғасырға жуық. Бірақ адамның ішкі әлемі, оның дүниеқоңыздығы, мақтанға құмарлығы, өзгенің бағасына тәуелділігі сияқты мәселелер өзгерген жоқ. Тек олардың сыртқы формасы ғана ауысты.

Бұрын адам көршісінің үйіне, малына, мансабына қызығатын. Бүгін біз біреудің көлігіне, үйіне, қызметіне, саяхатына, киіміне, тіпті әлеуметтік желідегі бақытты бейнесіне қызығамыз. Бұрын ауыл арасындағы әңгіме болса, қазір ол Instagram мен TikTok-та миллиондаған адамның көз алдында өтеді.

Иә, адам өз өмірін өзгенің өмірімен өлшей бастағанда, өзінің қадірін жоғалта бастайтыны рас. Абайдың бүкіл шығармашылығының өзегінде жатқан «адам болу» мәселесі де осы жерде алдымыздан шығады.

Көзге көрінген өмір мен көрінбеген шындық

Әлеуметтік желіге кірсеңіз, бәрі дерлік бақытты. Біреу жаңа көлік алған, біреу биік қызметке тағайындалған, енді бірі шетел аралап жүр. Бірі табысын көрсетеді, бірі жетістігін жариялайды, енді бірі мінсіз отбасының суретін салады.
Пендеміз ғой, ішімізде байқалмайтын салыстырулар басталады. Бірақ әлеуметтік желі адамның өмірін түгел көрсетпейді. Ол тек таңдалған кадрларды ғана береді.
Біз біреудің көлігін көреміз, бірақ оның автокредитке алғанын білмейміз. Оның қызметін көреміз, бірақ сол орынға жету жолындағы қысымды білмейміз. Оның күлкісін көреміз, бірақ жалғыз қалған кездегі жан дүниесін көрмейміз.
Абайдың он бесінші қара сөзіндегі «есті адам» болу туралы ойы осы тұста ерекше мәнге ие. Ойшыл адамды өз әрекетіне есеп беруге, өзін-өзі бақылауға, өмірін саналы бағалауға шақырады. Яғни адамның басты қарсыласы өз бойындағы надандық, жалқаулық, мақтан мен орынсыз құмарлық.

Абай айтқан «бес дұшпан» бүгін қалай өзгерді?

Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген ұстанымы бүгінде де адамның өмірлік бағдаршамы. Ал ақын атаған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты мінездер қазіргі заманда жаңа сипатқа ие болды. Яғни, өсек — әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа айналды. Мақтаншақтық — адамның әрбір жетістігін үздіксіз жариялау мәдениетіне ұласты. Бекер мал шашу — өзгеден кем көрінбеу үшін қажетсіз дүниеге ақша жұмсауға айналды. Еріншектік — дайын жетістікке қол жеткізгісі келетін, бірақ оның артындағы еңбекті қаламайтын сана түрінде көрінеді. Ал өсек пен өтірік кейде адамның абыройын бір ғана жазба немесе пікір арқылы жоюға дейін жетті. Сондықтан, Абайдың қара сөздерін тек әдеби мұра емес, қазіргі қоғамның психологиялық және әлеуметтік мәселелерін түсіндіретін рухани бағдар ретінде қайта оқуымыз қажет.

Өзгенің өміріне қызығудың түбінде көбіне қызғаныш емес, өз құндылығына күмәндану жатады. Адам өзін өзгенің жетістігі арқылы бағалай бастағанда, оның ішкі тыныштығы сыртқы факторларға тәуелді болады.

Біреу жоғары қызметке көтерілсе қызғаныш пайда болады, көңілі түседі. Біреудің табысы көбейсе өзін сәтсіз сезінеді. Біреу танымал болса өзінің қарапайым өмірін төмен бағалай бастайды. Бір қызығы, адам кейде өз өміріндегі көп жетістігін ұмытып, басқа адамның бір ғана жетістігіне қарап мұңаяды. Бұл жерде Абайдың қанағат туралы ойы маңызды. Яғни, қанағат қол қусырып отыру емес. Қанағат бар нәрсеге тоқмейілсу де емес. Қанағат — өз өміріңнің құнын жоғалтпай отырып, алға ұмтылу. Абай үшін адамның дамуы тоқтамауы керек. Бірақ, даму өзгені басып озудан бұрын өз бойыңдағы кемшілікті жеңу үшін қажет.

Мансаптың биігі мен адами биіктік екі бөлек нәрсе

Қоғамда лауазым мен адамдық қасиетті шатастыру да жиі кездеседі. Біреудің кабинеті үлкен болуы мүмкін. Бірақ оның ойы тар болуы ықтимал. Біреудің атағы биік болуы мүмкін. Бірақ абыройы төмен болуы мүмкін. Біреудің ақшасы көп болуы мүмкін. Бірақ жүрегінде тыныштық болмауы мүмкін.

Абайдың қара сөздерінде адамның сыртқы жағдайынан гөрі ішкі сапасына басымдық беріледі. Оның «толық адам» туралы философиясы, адамды адам ететін нәрсе байлығы немесе атағы емес, ақыл, қайрат, жүрек, әділет, рақым және білім, дейді. Осы өлшеммен қарасақ, қоғамның шынайы элитасы ең қымбат көлік мінгендер емес, ең үлкен жауапкершілікті адал атқаратындар.
Ең биік лауазым халыққа қызмет ету. Ең үлкен байлық ар-ұятты жоғалтпау. Ең үлкен атақ жақсы адам деген атқа ие болу.

Жерден жұлдыз іздеген қоғам

Бүгін біз адамдарды тез «жұлдызға» айналдырамыз. Біреуді тым жоғары көтереміз. Кейін сол адамның әр әрекетін талқылаймыз. Оған еліктейміз, оның сөзін абсолютті ақиқат деп қабылдаймыз. Бірақ, Абай адамды ешкімге соқыр табынуға емес, ойлануға шақырады.
Ойшылдың бүкіл ағартушылық мұратының бірі, адамның өз ақылын пайдаланып, дүниені танып, өзін жетілдіруі. Сондықтан бізге дайын тұлғаларға еліктейтін емес, өз тұлғасын қалыптастыратын ұрпақ қажет.

Абайдың «ғылым таппай мақтанба» дегені бүгінде өзекті

Қазіргі қоғамда білімнен бұрын көріну, еңбектен бұрын танылу, нәтижеден бұрын жарнама жасау үрдісі етек жайды. Адам бір нәрсені шынымен меңгермей тұрып, оны көрсеткісі келеді. Бір істі соңына дейін жеткізбей тұрып, оның нәтижесін жариялағысы келеді.
Абайдың, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптан ба?» деген сөзі осы тұста бүгінгі адамға қойылған талап секілді естіледі. Алдымен мазмұн, содан кейін форма. Алдымен еңбек, содан кейін нәтиже. Алдымен адамдық, содан кейін атақ. Бұл Абайдың өмір философиясының негізгі сабақтарының бірі.

Өз өміріңнің архитекторы бол

Әр адамның өмірі қайталанбас шығарма. Біреудің өмірін көшіріп, өз бақытыңды табу мүмкін емес. Себебі сіздің жағдайыңыз, мінезіңіз, қабілетіңіз, тағдырыңыз, мүмкіндігіңіз басқа адамдікіндей емес. Сондықтан өзгенің жолына қарап өз жолыңды кемсіту, өзіңе жасалған әділетсіздік.

Абайдың адам болу туралы философиясы бізге қарапайым, бірақ күрделі бір ақиқатты, алдымен өзін жеңуі керек екенін ұқтырады. Яғни, өз жалқаулығын. Өз қорқынышын. Өз мақтаншақтығын. Өз қызғанышын. Өз надандығын. Өзгенің бағасына тәуелділігін. Адам осы ішкі кедергілерден өткенде ғана өзінің шынайы мүмкіндігін ашады.

Өзгенің өміріне емес, өз жолыңа қара!

Абайдың туған күні өткенді еске алатын күн ғана емес. Ол өзімізге есеп беретін күн. Біз бүгін Абайды қаншалықты оқып жүрміз? Оның сөздерін қаншалықты өмірімізге енгіздік?
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» туралы ойды тек жаттап қана қоймай, күнделікті шешімдерімізде қолдана алып жүрміз бе? Өзгенің байлығына қызыққан кезде қанағатты есімізге аламыз ба? Мансапқа ұмтылғанда әділетті ұмытпаймыз ба? Білім іздегенде терең ойға жүгінеміз бе? Біреуді сынағанда рақымды сақтаймыз ба?

Әлеуметтік желіде өзгенің өмірін көріп, өзімізді төмендеткенде, өз қадірімізді қорғай аламыз ба? Мүмкін, бүгінгі адамға ең қажетті нәрсе, тағы бір мотивациялық сөз емес, өз-өзіне адал жауап бере алатын сана шығар.

Өзгенің өміріне қызығу кейде өз өміріңнің қадірін байқамаудан басталады. Ал өз жолыңды табу өзіңді танудан басталады.

Абайдың мұрасындағы толық адам болу — біреуден биік тұру емес, кешегі өзіңнен биік болу керектігін үйретеді. Үйткені, біреудің өмірі сенің өлшемің емес. Біреудің жетістігі сенің жеңілісің емес. Біреудің жолы сенің жолың емес. Сенің міндетің біреудің көлеңкесіне айналу емес, өз өміріңе жарық түсіретін тұлға болу. Абайдың туған күнінде ойланатын ең үлкен мәселелер де осылар шығар.

Нұрбек Дәуренбеков,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: