Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

05.08.2026, 17:15 31

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беру мәселелерін талқылау мақсатында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен мәжіліске аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудан жастарымен кездесуге арнайы келген қонақтар – Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлы, ақын, «Алтын домбыра» республикалық айтысының үш дүркін иегері, облыстық мәслихат депутаты, Н.Бекежанов атындағы қазақ академикалық музыкалық-драма театрының директоры Мұхтар Ниязов, танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Күміс қалам-2025» байқауының жүлдегері Ақжол Түменбай және құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары мен аудан жастары қатысты.

Жиында аудан басшысы алдымен өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жас ұрпақты еңбекқорлыққа, тәртіпке, отансүйгіштікке және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу жөніндегі ұстанымдарына тоқталып, бүгінгі қоғамда отбасы, мектеп және мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа Конституция аясында қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапты азамат тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мәжіліс барысында арнайы шақырылған қонақтар жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды дәріптеу, діни сауаттылықты арттыру, ұлттық болмысты сақтау, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Белгілі теолог Нұрлан Асанов жастардың теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтануы, отбасы, ата-ана тәрбиесінің маңызы мен рухани иммунитетті қалыптастыру жайында кеңінен әңгімелесе, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ұлттық тәрбие, отбасы құндылығы және ата-ананың жауапкершілігі туралы тағылымды ойларын ортаға салды. Ал ақын Ақжол Түменбай жастардың рухани дүниесін байытудағы әдебиет пен ұлттық тәрбиенің орнына тоқталды.

Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы сөз қозғады.

Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, аудан жастары қонақтарға сауалдарын қойып, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және рухани тәрбиесін күшейту бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ұрпақ тәрбиесі – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін, бұл бағыттағы жұмыстарды қоғам болып бірлесе жүйелі түрде жалғастыру керектігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: