Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЛОР ауруларын елемеу – бала болашағына жасалған үлкен қателік

06.08.2026, 7:20 66

Балалардың денсаулығы – әрбір ата-ананың басты алаңдаушылығы. Әсіресе құлақ, мұрын және тамақ аурулары (ЛОР) мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында жиі кездеседі. Қарапайым тұмау немесе мұрынның бітелуі дер кезінде емделмесе, созылмалы сырқатқа ұласып, есту қабілетінің төмендеуіне, тыныс алу бұзылыстарына және басқа да асқынуларға себеп болуы мүмкін. Өкініштісі сол, көп жағдайда ата-аналар аурудың алғашқы белгілеріне мән бермей, дәрігерге кеш жүгінеді.

Қазіргі күні балалар арасында аденоидтың ұлғаюы, жиі қайталанатын отит, аллергиялық ринит, созылмалы тонзиллит секілді ЛОР аурулары жиілеп келеді. Мұндай жағдайда аурудың алдын алу, дұрыс күтім жасау және дер кезінде маманның көмегіне жүгіну ерекше маңызға ие. Балалардың ЛОР ауруларының алдын алу жолдары, ата-аналар жиі жіберетін қателіктер және заманауи емдеу тәсілдері туралы толығырақ білу мақсатында біз осы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар Қызылорда облыстық  көпбейінді  балалар ауруханасының  балалар  хирургі,  отоларинголог  Жандос  Бөлекеевпен  сұхбаттасқан  едік.

– Жандос Жанкелдіұлы, алдымен сұхбатымызды аймақтағы ахуалдан бас­тайық. Қазіргі уақытта қызылордалық тұрғындар мұрын қуысына қатысты қандай  шағымдармен  жиі  келуде?

– Бүгінде аймағымыз экология­лық әрі климаттың құрғақтығымен алдың­ғы  орында  тұрғандықтан, аллергия­лық  асқынулар өте көп. Негізінен, бұндай шағыммен бізге 3 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер де келеді. Аллергиялық қабынулар жас талғамайтындықтан, аймақтағы құрғақтықты қосқанда  қазіргі  уақытта  түрлі өсім­діктің шаң-тозаңдары желмен тарап, тамақ, мұрын, көз секілді аймақтарда қышу, қызару, тұмау секілді қабыну әсерлерін береді. Сондықтан да болар, аймақтағы алдыңғы орындағы шағымданулардың бірден-бір себебі – алдымен аллергия. Ал, одан кейін гайморит, балалар аденоиды, мұрын қуысындағы полиптер. Негізгі бағытым балалар арасындағы ЛОР ауруларын емдеу, сол себептен де балалардағы құлақ, мұрын қуысына қатысты пато­логиялық шағымдардың көп бөлігі аллер­гиядан туындап жатады. Оны көп ата-ана байқамайды, не селқос қарайды.

– Аллергияның тұмаудан қандай өз­ге­шелігі бар?  Бұл қабынуды суық тию­ден қалай ажыратамыз? Қандай да біз білмейтін  ерекшеліктері  бар  ма?

–  Иә, әрине. Аллергиялық синус­та температура болмайды. Алғашқы суық тию секілді сипмтомдары болады, мәселен, тұмау тигендей мұрынның бітелуі, мұрын шырышты қабатынан еріксіз бөліндінің тоқтаусыз бөлінуі, яғни мұрыннан жиі су ағу, бас ауруы, көздің жасаурауы, тіпті тамаққа тас түскендей, баспа безінің ісінгеніндей сезімді  сезіну, құлақтың бітелуі. Негізгі  суықтаудан басты айырмашылығы да осында. Ал тұмау тигенде, тамақ ауырсынғанда  алдымен бәріміз білетіндей дене қызуы көтеріледі. Осы тұста, дәрігер ретінде айтарым, аллергия­лық қандай да бір белгіні байқасаңыз, дереу дәрігердің кеңесіне жазылып, тағайын­дауындағы ғана дәрілік препаратты қабыл­даған аса маңызды. Себебі, түрлі гормондық өзгеріс пен жанама әсерлерінен ағзаны одан әрі әлсіретіп не денсулыққа кері зиянын беру ықтималдығы  жоғары.

– Дәрілік препарат демекші, бүгінде дәріханаларда дәл осы сіз атап өткен аллергиялық белгілерді басуға арналған дәрігердің тағайындауынсыз тұтынуға рұқсаты бар себінділер мен таблетка түріндегі дәрілер сатылымда. Бұл қаншалықты  қауіпті  деп  ойлайсыз?

–  «Мұрын қуысына қатысты пато­логиялық сипаттағы аса ауыр дерттермен күресемін деген жан болса, дәрігердің нұсқауынсыз, өз бетінше, арнайы дозасыз уақытша ғана асқынуды басатын себінділерді қолдана беріңіздер» деп пациенттерге жиі ескертетінмін. Неге? Біріншіден, бұл аллергия түрлі ауруға апарушы. Екіншіден, ал осы аллергия тудырған сезімдерді басамын, уақытша болсын, тыныштықты қажет етемін деген болсаңыздар, сіздерді бұдан да жоғары деңгейдегі асқынулар күтіп тұр. Ол қандай асқынулар – алдымен, нұсқау­лықсыз әрі ондағы көрсетілген шамадан тыс қолдану мұрын қуысын құр­ғатып, полиптің түзілуіне әкеледі. Ал, полипті операциялық жағдаймен ғана жояды. Одан  бөлек, ұзақ уақыт бойы аллергияны уақытша басулармен ғана тоқтатып жүрген болсаңыз, маңдай сүйегінің ауруына, ол тиісінше, минин­гитке апарады. Сондықтан да, дер кезінде нақты қажетті деп тағайын­даған дәрігердің рұқсаты бар емді қабылдаған  жөн  әрі  маңызды.

– Жоғарыда атап өттіңіз, аллергия­лық асқынулармен шағымданып балалар да келеді деп. Ендігі сұрақ,  одан өзге бала­лар арасында жиі кездесетін патоло­гиялық шағымданулар қандай? Ата-аналар тарапынан баладағы ЛОР күтімінде қандай  қателіктер  көптеп  кездеседі?

– Өте маңызды сұрақ. Қарапа­йым құлақ шұқығышпен құлақты тазар­ту­дың өзі үлкен қателіктерге алып барады. Мәселен, түрлі аппарат қазір қолжетімді, оның ішінде құлаққа су айдайтын аппарат бүгінде біршама ата-ананың қолданысында бар. Оның зиянын бірі білсе, бірі білмес, құлаққа сұйықтық айдап тазарту баладағы құлақ шырышты қабатын зақымдайды. Сұйықтық қалып қойса, баланың есту қабілеті төмендейді. Ал, есту қабілеті төмендеген балада назар қою азаяды, тілі кеш дамиды. Яғни, баладағы даму дағдыларын қолдан тежейміз. Тіпті, қара­пайым құлақ щұқығышпен абайсызда дыбыс пердесін жыртып алып келетін де аналар болды. Құлақтың ішкі етін зақымдап алған да аналар болды. Дәрігер ретінде де, ата-ана ретінде де сақ болуды үнемі кеңес етемін. Негізінен, сақтық үшін 1-7 жас аралығында балаларды міндетті түрде, кемінде жылына бір  рет  ЛОР  дәрігері­нің  қабылдауы­нан  өткізген  абзал.

Одан бөлек, шағымның көп кезде­сетін  тағы  бір түрі – айлық балалар­да­ғы тыныс алудың енді ғана дамып келе жатқанын кей ананың гайморит­пен шатастырып, мұрындарына себінді сеуіп, ашамын деуі. Бұл ретте де, әлгін­дегідей айтарым, дәрігердің нұс­қаулығынсыз ешқандай препарат қолдан­бау. Айлық  балаларда  жиі кездеседі – емгенде тұншығып қалуы, ауызын ашып ұйықтауы. Мұндай жағ­дайда ЛОР дәрігерінің көмегіне жүгін­ген абзал. Негізінен ешқандай бала ұйқысында ауызын ашып ұйықтамауы қажет. Бұның өзі қандай да бір патологиялық жағдай бар екенін білдіреді. Мәселен, мұрын  неден  бітеледі? Мүмкін суық тиді немесе мұрын шырыш қабатында  ет  өсті.

Сондықтан да, ата-аналарға айтарым, өз бетінше емдеу дегенді ұмытыңыздар.

– Баланың  сөйлеу қабілетіне теже­гіш – күтімдегі қарапайым көрінген қате­ліктен деген тұжырым жасадыңыз. Әдетте баладағы дамудың тежелуін арнайы педиатр, психотерапевт, невропотолог мамандар анықтаса, ЛОР маманының  бұл  ретте  маңызы  қандай?

– Иә, біздің тәжірибемізде көп кездеседі, баланың атын айтқанда қарамауы, дыбыстарды атамауы деген шағымдармен келетін ата-аналар бар. Қазір көп ата-ананың қателігі – тілі шықпаса, бірінші кезекте логопедке апаруы. Негізінен, жоғарыда айтып өткенімдей, баладағы әр жыл сайын құлақ, тамақ, мұрын қабаттарының саулығына көз жеткізіп отырған абзал. Әсіресе, енді ғана дамушы жастағы бала болса, бұл аса маңызды. Себебі, құлақтың есту қабілетінің төмендігі бала­дағы  басты дамушы ағзалардың дамуын тежейді. Өзіңіз де білерсіз, айналамен байланыс болмаған балада даму жоқ. Есту қабілетінің ең маңызы да осында. Сырттан дыбыс қабыл­дама­ған балада дыбыс алмасу қабілеті де төмен болады. Ол – өз кезегінде, бала­ның тілінің шығуына үлкен кедергі. Сол себеп­тен де, ата-аналарға тағы да қайталап айтатыным, бала саулы­ғы мен қалыпты дамуына үлес қосамын десеңіз, алдымен маңызды деген ағза­лар­ды дәрігер  қабылдауынан  өткізіңіз.

– Ашық әңгімеңіз бен кеңестеріңізге рақмет. Жұмысыңыз жемісті, абы­ройыңыз арта берсін дейміз,  Жандос  Жанкелдіұлы!

ТҮЙІН. Кейіпкеріміз атап өткен мәселелер бүгінде өте өзекті. Әсіресе, аймақтағы ауа райы мен климат құбылысының әсерінен туындаған ахуал да көңіл көншітпейтіні анық. Дәрігеріміз атап өткен кеңестеріміз кәдеңізге жарасын, оқырман! Бала дамуының керекті дағдыларын дұрыс қолдана білейік және жанның саулығына  қарапайым  көрінген қажетті  күтімдерді  қате  жасаудан  сақтанайық.

 Сұхбаттасқан 

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: