Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

6 тамыз: Бүгін қандай күн?

06.08.2026, 6:20 68

Жылдың әр күні белгілі бір оқиғамен, айтулы тұлғамен немесе тарихи кезеңмен есте қалады. 6 тамыз да – сондай күндердің бірі. Бұл күн әлемдік тарихта да, Қазақстан өмірінде де маңызды оқиғалармен ерекшеленеді.

Ең алдымен, 6 тамыз – «Әлем дәрігерлері бейбітшілік үшін» халықаралық күні. Бұл күн 1985 жылы ядролық қарудың адамзатқа төндіретін қатеріне назар аудару мақсатында белгіленді. Бастаманы әр елдің дәрігерлері көтеріп, соғыстың ең ауыр зардабы адамның денсаулығы мен өміріне тиетінін әлемге жеткізуге ұмтылды. Содан бері бұл күн дәрігерлердің бейбітшілік жолындағы үнін білдіретін күн ретінде аталып келеді.

Бүгін – Ямайка халқы үшін де ерекше мереке. 1962 жылдың 6 тамызында Кариб теңізіндегі арал мемлекеті Ұлыбританиядан тәуелсіздігін жариялап, дербес даму жолына түсті. Байырғы тұрғындары аралды «Хамайка» деп атаған. Кейін Христофор Колумбтың келуімен Ямайка Еуропа мемлекеттерінің отарына айналып, бірнеше ғасыр бойы Испания мен Ұлыбританияның билігінде болды. Тек ХХ ғасырдың ортасында ғана ел тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазір бұл күн Ямайкада ұлттық шерулермен, концерттермен және халықтық мерекелермен атап өтіледі.

6 тамыз әлем тарихында бірнеше маңызды оқиғамен де есте қалған. 1866 жылы Ванкувер аралы Британ Колумбиясының  құрамына  енгізілді.  1889 жылы қолғапсыз өткен соңғы ресми бокс жекпе-жегі ұйымдастырылды. 1890 жылы Уильям Кеммлер электрлі орындық арқылы өлім жазасына кесілген алғашқы адам  ретінде  тарихқа енді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1914 жылдың  дәл  осы  күні Австрия-Венгрия Ресейге  соғыс  жариялады.  Ал 1932 жылы  Венеция  халықаралық  кинофестивалі  алғаш рет көрерменге есігін ашып, кейін әлемдегі ең беделді кино форумдарының біріне айналды. Ақпараттық технологиялар тарихында да бұл күннің орны ерекше. 1991 жылы алғашқы интернет-сервер іске қосылып, бүкіләлемдік интернеттің негізіне айналған «World Wide Web (WWW)» стандарты бекітілді.

Қазақстан тарихында да 6 тамыздың өз орны бар. 1969 жылы Қазақ КСР-інің «Неке және отбасы туралы» кодексі қабылданды. 2003 жылы Жамбыл облысында фосфор өндірісі кеншілеріне арналған ескерткіш ашылды. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден алтын медаль жеңіп алып, ел спортының тарихына жарқын бет жазды. Ал 2014 жылы Алтай өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында  VII  ғасырда  өмір  сүрген  сарбаздың  сүйегі  табылып,  түркі дәуірін  зерттеуге  тың  дерек  қосылды.

Бұл күні бірқатар белгілі тұлғаның туған күні тарихта қалған. Атап айтқанда, 1817 жылы ақын әрі сатирик Петр Шумахер дүние есігін ашса, 1928 жылы поп-арт  бағытының көрнекті өкілі Энди Уорхол өмірге келді. Сондай-ақ,  1947 жылы кеңестік хоккейші, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Евгений Зимин, 1972 жылы британдық әнші, Spice Girls тобының бұрынғы мүшесі Джери Холлиуэлл дүниеге келген. Ал, Қазақстанда 6 тамыз – күні кинотанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Нөгербек, белгілі футболшы әрі бапкер Құралбек Ордабаев, дипломат Абзал Сапарбекұлы және  футболшы  Мақсат  Байжановтың  туған  күні.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: