Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңдеу өнеркәсібі 16 трлн теңгеге жетіп, елде жаңа өнімдер шығарыла бастады

04.08.2026, 12:00 49

Қазақстанда бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайызға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті. Шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6 пайызға артып, 12 млрд долларды құрады, деп хабарлайды halyqline.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, мемлекеттік және реттелетін сатып алулар аясында отандық өндірушілермен 82 млрд теңгеге 45 мыңнан астам шарт жасалған. «Самұрық-Қазына» қорының ұзақ мерзімді және офтейк-келісімшарттарының көлемі 390 млрд теңгеден асты.

Қазақстандық кәсіпорындарға басымдық берілетін 5323 тауар белгіленді. Жер қойнауын пайдалану саласында 123 млрд теңгеге 425 кепілдендірілген сатып алу шарты рәсімделген.

Мемлекеттік қолдау нәтижесінде Шымкенттегі трансформатор зауытының өндірістік қуаты 90 пайызға дейін көтерілді. Семейдегі кабельдік өнім шығаратын кәсіпорынның қуаты 72 пайызға, Қарағандыдағы темір арқан зауытының көрсеткіші 71 пайызға жетті.

«Жаңа өндірістерді дамыту мақсатында 2023 жылдан бері өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған 623 жоба іске қосылды. Осының нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Атап айтқанда, локомотивтердің тірек балкалары, автобустардың қаптама элементтері, жүк техникасына арналған бөлшектер, автокөлік орындықтары мен мультимедиялық жүйелер, тұрмыстық техника, тік жікті құбырлар, терезе профильдері, фиброцемент тақталары, ламинат, жылыту радиаторлары және өзге де жаңа өнім түрлері өндіріле бастады», деді Ерсайын Нағаспаев.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында үшінші елдерден әкелінетін цемент, гипсокартон, табақ шыны, тастан жасалған бұйымдар мен құрғақ құрылыс қоспаларының импорты шектелді. Министрлік аталған шараның нарықтағы бағаға кері әсер етпегенін және отандық өндірістің өсуіне жол ашқанын мәлімдеді.

Минералды тыңайтқыштардың экспортына лицензиялау талабы енгізілді. Соның арқасында фермерлерді тыңайтқышпен белгіленген баға бойынша қамту көзделіп отыр. Отандық өнімнің тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру үшін қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі де іске қосылған. Ірі компаниялармен ұзақ мерзімді сатып алу тетіктері кеңейтілмек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: