Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы стратегиялық маңызы бар үш автожол жобасының құрылысын бастап берді. Олардың қатарында Қызылорда өңірі үшін аса маңызды «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» бағыттары бар.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласы Қазақстанның экономикалық өсімі мен транзиттік әлеуетін айқындайтын негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Жол – тіршіліктің күретамыры. Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар маңызды жоба жүзеге асқан. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі пайдалануға беріліп, жүк тасымалының көлемі бес есеге артқан. Сонымен қатар Алматыны айналып өтетін теміржол іске қосылып, жүктерді жеткізу мерзімі қысқарған.
Президент жаңа автожолдардың ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағытының халықаралық маңызы ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жол Қазақстанның ішкі байланысын нығайтып қана қоймай, Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды дәлізге айналады.
– Бұл жол республикалық, аймақтық және құрлықтық деңгейдегі маңызды магистраль болады. Сондықтан оны «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа жоба Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүктің жолы шамамен мың шақырымға қысқарып, тасымалдау мерзімі үш күнге дейін азаяды.
Сондай-ақ Президент жалпы ұзындығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту мен толық жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!