Қазақстанда мәйіттік донордың ағзалары арқылы жасалатын трансплантация саны соңғы бір жылда үш есеге жуық артты. Дәрігерлер мұны мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды өзгеріс деп бағалап отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов 2024 жылы қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы 23 трансплантация жасалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 68-ге жеткенін айтты. Биыл да оң үрдіс жалғасып келеді.
Сонымен қатар мәйіттік донор болған азаматтардың саны да артқан.
«2024 жылы қайтыс болғаннан кейін донор болған адамдар саны 6 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 18-ге жетті», – деді Айдар Ситказинов.
Маманның айтуынша, бір мәйіттік донор бірнеше адамның өмірін аман алып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл бағытты дамыту – отандық трансплантологиядағы ең өзекті міндеттердің бірі.
«Бір қайтыс болған донор бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан мәйіттік донорлықты дамыту трансплантология саласындағы маңызды бағыттардың бірі саналады», – деді орталық директоры.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда трансплантация қызметі іске қосылғалы бері барлығы 3 270 ағза трансплантациясы жасалған. Оның 2 726-сы тірі донорлардың қатысуымен жүзеге асса, 544 операция қайтыс болған донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы орындалған.
Дәрігерлер қоғамда мәйіттік донорлыққа деген көзқарастың біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айтады. Бұл өз кезегінде ағза трансплантациясын күтіп жүрген мыңдаған адамның өміріне жаңа мүмкіндік сыйлап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!