Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жасыл ел» – еңбек пен тәрбиенің мектебі

23.07.2026, 7:20 59

Халқымызда «Еңбек ер атандырады» деген тәмсіл бар. Иә, балақ түріп, қарекет қылған жанның  есігінен  бақыт сығалайды. Бұл – дәлелденген өмір тәжірибесі.

Қай кезеңде де еңбек етудің түрлі жолы бар. Әркім жас деңгейіне қарай жұмыс істейді. Ал, жас толқынның жұмыс істеу тәсілі мүлде басқаша. Олардың бойында жалын мен жігер, күш пен қуат жетіп артылады. Еңбекке ерте араласқан жас бөтен болмайды. Бұл – бір жағынан табыс көзі болса, екінші жағынан дене бұлшық етіне таптырмас жаттығу. Қазіргідей технология дамыған дәуірде телефонға таңулы толқынның қатары көп болмаса, аз емес екені үнемі айтылып жүр. Тиісінше, еңбекке бейім жастар қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Біз мұны «Жасыл ел» еңбек жасағынан көріп, біліп  жүрміз.

Әлқисса,  жаз айы басталысымен өңірімізде «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы басталды. Сырбойылық жастар толқыны жаз бойы «Таза Қазақстан» эко-науқанына атсалы­сып, қоршаған ортаны көркейтіп, көгалдандыруға өз үлесін қосып келеді.

Жалынды жастар үшін жаз­ғы демалыстың әр күні – мереке. «Жасыл ел» еңбек жа­са­ғының ұл-қыздары қаладағы саябақтар мен қоғамдық орындарда және көшелер мен басқа да тиісті аумақтарда еңбек науқанын қарқынды атқарып  келеді.  Ән  айтып, өзара бастан өткен қызықты сәттерінен естелік бөлісе жүріп уақытын тиімді өткізеді. Бұл жаңа орта оларға жаңа достар табуына сеп болуда. Сөйте жүріп, дема­лыс орындарын қоқыстан тазалап, су келе­тін  арық­тардың  шөбін  отайды.

– «Жасыл ел» жобасы 2005 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде табысты жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақ­тап, өз елінің көркеюіне нақты үлес қосты. Биыл жоба­ның қолға алынғанына 21 жыл толып отыр. Бұл оның өміршеңдігін, қоғамдық сұранысқа ие екенін және жастар тәрбиесін­дегі маңызын айқындап берді. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев елімізде экологиялық мәдениетті қалыптас­тырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады» деп атап өткен еді. Президенттің бұл ұстанымы бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының  негізгі  өзегіне  ай­нал­ды.

Шын мәнінде, тазалық пен тәртіп – өрке­ниетті қоғамның басты өлшемде­рінің бірі. Қоршаған  ортаны  қорғау, елді мекендер­ді көркейту, жасыл желекті көбейту – тек мемлекет­тік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы жауап­ты іске жастардың белсенді араласуы – ел  болашағына деген жанашыр­лықтың жарқын көрінісі. Осы орайда, еңбек науқанына белсенді атсалысып жүрген жастарға ризашы­лығымды білдіремін, — дейді «QADAM QARMAQSHY» қоғамдық бір­лестігінің ат­қарушы дирек­торы Гүлжазира Маханова  өз  сөзінде.

«Жасыл ел» жасақтарының ерекшелігі – олардың қызметі тек көгалдандыру немесе санитарлық тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейді. Бұл жоба – жастарды ұйымшылдыққа, тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиелейтін  өмір  мектебі.

Осындай жастардың бірі – Меруерт Жақсыбайқызы. Ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті.

Айтуынша, еңбек жаса­ғы құрамына келуі – ол үшін  үлкен  өмір  бастауы.

– Өзім қатарлы жастармен бірге туған өлкемнің көр­кеюіне үлес қосқаныма қуаныштымын. Менің ойымша, әрқайсысымыз өз туған елімізге көмектесуге міндеттіміз. Биыл жастар Президент­тің бастамасын қолдап, «Таза Қазақстан» науқаны­на белсенді атсалы­сып  жатыр. Жаздың үш айында облыс бойын­ша белсенді жастар құрамы қала мен ауыл-аймақ­тың тазалығы мен  гүлденуіне сүбелі үлес қоспақ. Бізге осындай мүмкіндік жаса­ған ел ағаларына үлкен рақмет. «Ұзақ жол алғашқы  қадам­нан  басталады» деген рас екен. Біздің бұл күнгі тәжірибеміз өмір жолымызға бағдаршамдай жол нұсқап  тұрмақ, — дейді «Жасыл  ел»  еңбек  жасағының  мүшесі  Меруе­рт  Жақсыбай.

Осы маусым айында еңбек жасағына 16 мен 35 жас аралығындағы қыз-жігіттер ерікті түрде қабылданады. Және де жастар игі бастамаға қолдау көрсетіп қана қоймай, «Жасыл ел» жобасы аясында еңбекақы алатын болады. Бұл – тек маусым­дық жұмыспен қамту тетігі ғана емес, жастардың бойында патриот­тық рухты, еңбекқорлықты, жауапкершілік пен табиғат­қа  жанашырлық мәдениетін қалыптастыратын маңыз­ды  қоғамдық  институт.

Ортақ еңбек арқылы жастардың көшбасшылық қабілеті шыңдалып, қоғамдық белсенділігі артады, өз идеяларын жүзе­ге  асыруға  мүмкіндік  алады.

Қызылорда  облысында  да «Жасыл ел» жобасы жүйе­лі түрде жүзеге асырып келеді. Өткен жылы жасақтардың қатысуы­мен облыс көлеміндегі 118 мәдени-демалыс орнында көгалдандыру және тал егу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жалпы көлемі 12 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, санитарлық  жұмыстар  атқарылды. Бұл жастардың  туған жерге  деген  жанашырлығы  мен  қоғамдық жауапкершілігінің  нақты  нәтижесі  екені  хақ.

Өңірде жасыл аймақтарды көбейту бағытындағы жұмыс­тар да  қарқынды  жалғасуда.  Өткен  жылы  облыс бойынша 46 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылса, биыл жыл соңына дейін 51 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, елді мекендердің көркін арттыруға және қолайлы өмір сүру ортасын  қалыптастыруға  бағытталған.

Биыл да «Жасыл ел» еңбек маусымына 1200 жасты тарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қызылорда қаласы, барлық аудан және Байқоңыр қаласының жастары бар. Олар жаз мезгілінде көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарымен айналысып, туған өлкесінің көр­кеюіне  өз  үлесін  қосады.

Жобаға қатысатын жастардың қауіпсіз әрі сапалы еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Олар арнайы жұмыс киімдерімен, қажетті құрал-жабдықтармен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етіледі. Бұл – жастарды қолдауға  бағытталған нақты мемлекеттік қамқорлықтың көрінісі.

Бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып келеді. Осы бастаманың алдыңғы қатарында жүрген «Жасыл ел» сарбаздарының еңбегі – туған жердің тазалығы мен көркеюіне қосылған қомақты үлес. Олар өз еңбегі арқылы өзгелерге үлгі көрсетіп, қоғамда қоршаған ортаға жауапкершілікпен  қарау  мәдениетінің  қалыптасуына  ықпал  етуде.

Қазақ халқында «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген тағылымды сөз бар. Сондықтан туған өлке­міздің тазалығы мен табиғатын сақтау, оны жасыл желекке бөлеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Ал осы игі іске белсенді араласып жүрген «Жасыл ел» жастары – ел ертеңіне бейжай қарамайтын, туған жердің гүлденуін өз жетістігі санай­тын  жас  буынның  жарқын  үлгісі.

Тақырып төңірегінде «JASYL EL» жастар еңбек жасақ­тарының республикалық штабы басшысының орынбасары, «Болашаққа қозғалыс» жеке қорының директоры Диас Бекмұратұлының  да  пікірін  білген  едік.

Айтуынша, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының эколо­гия­лық  бағыты  жүйелі әрі нақты нәтижелерге негіз­делген. Бұл бастама  тек  маусымдық  жұмыс емес, ол жастарды  еңбекке  баулу­мен қатар экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкерші­лікті қалыптастыратын  ұлттық  платформа  ретінде   дамып   келеді.

– Өткен  жылы біз «JASYL EL» қозғалысының 20 жылдығын атап өттік. Осы уақыт ішінде жоба мыңдаған жас үшін үлкен мектепке айналып, елдің барлық өңірін қамтитын тиімді жүйе қалыптастырды. Бағдарламаның маңызды нәтижелерінің бірі – жастарды жұмыспен қамту. Соңғы 5 жылда 150 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Ал жыл сайын орта есеппен 35 мыңға жуық жас еңбекке тартылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Тоқаев «Jasyl El» ұйымы­ның белсенділерімен кездесіп, жастардың  қоғамдық еңбекке қосқан үлесін ерекше атап өтті. Онда Президент: «Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз  бен  халқымыз үшін керек іс. Ең алды­мен ниетіміз таза болуы керек. Отаны­мыз  үшін қызмет етуге тиіспіз. «Jasyl El» ұйымының  жұмысын  қолдаймын»  деп  жас­тарға қолдау білдірді. Бұл – жай  ғана  ресми сөз емес, қоғам үшін   маңызды   бағыттың   бағалануы»  деп  атап  өтті.

Расымен де, экологиялық жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық бастамасымен тығыз байланыста жүзеге асыры­лып келеді. Соңғы екі жылда акция аясында 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 2 миллион тонна қоқыс жиналды, сондай-ақ 5,5 миллионға жуық ағаш отыр­ғызылды. Бұл жұмыстардың негізгі қозғаушы күші – жастар, соның ішінде «JASYL EL» қатысушылары. Жалпы алғанда жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам қатысады, оның  ішінде 780 мың волонтер бар. Бұл қоғамда эколо­гиялық  жауапкерші­ліктің  айтарлықтай  артқанын көрсетеді, — деді «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы басшысының  орынбасары  Диас  Бекмұратұлы  бізбен  әңгімесінде.

Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтарда да қарқынды жал­ғасуда. Соның ішінде Қызылорда облысында да жылдан-­жылға кеңейіп келеді. Биылғы еңбек маусымында өңір бойын­ша 1000-нан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Олар елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, ағаш отыр­ғызу, саябақтар мен қоғамдық орындарды күтіп-ұстау, санитар­лық тазалық жұмыстарын жүргізу сияқты қоғамдық  маңызы  бар  жобаларға  қатыстырылуда.

Қызылорда  облысы үшін бұл бастаманың маңызы ерекше. Себебі, өңірде экологиялық мәселелер, су ресурстарын сақтау, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы  жұмыстар  әрдайым  өзекті болып келеді. Сондықтан  жас­тардың  осы  үдеріске белсенді араласуы тек уақытша жұмыс­пен қамту мәселесін шешіп қана қоймай, олардың туған жерге деген жанашырлығын, экологиялық жауапкершілігін  және азаматтық  белсенділігін  арттыруға  ықпал  етеді.

«JASYL EL»-дің басты ерекшелігі – жастарды тек еңбекке тартып қоймай, оларды қоғамдағы нақты өзгерістердің қатысу­шысына айналдыру. Туған қаласының тазалығына үлес қосқан жас ертең қоршаған ортаға бейжай қарамайтын, жауапкершілігі  жоғары  азамат  болып  қалып­тасады.

– Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыс­тарын жастардың экологиялық мәдениетін қалып­тастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағалаймын. «JASYL EL» тек еңбек жасақтары емес, бұл – жастардың экологиялық ойлауын қалыптастыратын, жауап­кершілігін арттыратын және қоғамды біріктіретін плат­форма. «JASYL EL» мен «Таза Қазақстан» бастамалары нақты нәтижелер арқылы экология саласында тұрақты өзгерістер қалыптас­тырып, жастарды осы үдерістің басты қозғаушы күшіне айналдырып отыр. Бүгінгі «Жасыл ел» сарбазын бір ғана категорияға бөліп қарау дұрыс емес. Иә, араларында жазғы демалыста табыс табуды мақсат ететін студенттер де бар. Бұл – қалыпты  нәрсе. Себебі, жастар үшін алғашқы еңбек  тәжірибесі, өз  еңбегі­мен табыс табу, жауапкершілік сезіну – өте маңызды кезең. Бірақ «Жасыл ел» сарбазын тек уақытша жұмыс іздеген студент ретінде қабылдау оның шынайы рөлін толық түсінбеу болады. «Жасыл ел» сарбазы – бұл ең алдымен еңбек мәдение­тін меңгеріп жатқан, қоғамға пайдалы болуға дайын, экологиялық жауапкершілігі қалыптасып келе жатқан жас азамат. Олардың арасында эколо­гияға шынайы жаны ашитын, туған қала­сының немесе ауылының  тазалығына  бейжай қарамайтын, қоғамға үлес қос­қысы келе­тін жастар өте көп. Бір қызығы, көп жағдайда жастар бағ­дар­ламаға  бастап­қыда табыс табу үшін келеді, бірақ уақыт өте келе олардың көз­қарасы  өзгере бастайды. Біз үшін де ең маңызды мәселенің бірі – жастардың санасын қалып­тастыру. Сондықтан «Жасыл  елдегі» жұмыс тек еңбекпен шектел­мейді. Идеология­лық, тәрбиелік және экология­лық ағартушылық бағыттағы жұмыс­тар қатар жүргізіледі. Біз жастарға жай ғана тапсырма беріп қоймаймыз. Оларға экологиялық мәдениеттің маңызын, табиғат­ты қорғаудың мәнін, қоғамдық еңбек пен азаматтық жауап­кершіліктің  құндылығын  түсіндіруге  тырыса­мыз, — дейді  Диас   Бекмұратұлы.

Расымен, «Жасыл ел» сарбазы деген кім? Бұл – еңбек арқылы тәрбиеленіп тәжірибе жинап жүрген, өз еліне, таби­ғатына  және  қоғамына  бейжай қарамайтын жас буынның өкілі.

Мемлекеттің міндеті – сол жастардың бойындағы жауапкершілікті күшейтіп, уақытша жұмысты ұзақмерзімді азаматтық ұстанымға айналдыру. Бұл – бізде өз деңгейінен жоғары орындалып  жүрген  бірегей  қадам.

Тағы бір айта кетерлігі, «Жасыл ел» жасағы – еңбектің қайнар бұлағы. Ендеше, сен де өз еліңнің көркеюіне үлес қосам десең мархабат, жас дос! «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деген Құнанбайдың баласының сөзін бағдар  етсең,  құрметке  бөленесің.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: