Шиелі ауданында биыл 32 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, егін шаруашылығында әртараптандыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.
«Биыл аудан бойынша 32 мың 515 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 11 мың 600 гектар алқапты алып жатыр. Сонымен қатар дәнді, майлы, мал азығы, картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Су тапшылығын ескере отырып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылуда. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары енгізіліп, жүгері, бидай, сүрлемдік жүгері мен мал азықтық асқабақ өсірілуде. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Егіске қажетті минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер толық қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 5,4 мың тонна күріш пен бау-бақша өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің өзге өңірлеріне экспортталуда», – деді аудан әкімі.
Әкімнің айтуынша, соңғы төрт жылда аудандағы ауыл шаруашылығы техникалары паркі 68,5 пайызға жаңартылған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 31 жоба мақұлданып, оларды қаржыландыруға 310 млн теңге қарастырылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!