Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. Кездесуде өңірдің су шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы, вегетациялық кезеңнің өту барысы, су үнемдеу технологияларын енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы министрліктің көрші мемлекеттермен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде биыл вегетациялық кезең тұрақты өтіп жатқанын айтты.
Бұқара қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Шардара су қоймасына 2,8 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге қол жетті. Шілденің 10-на дейін жоспарланған 2 млрд текше метрдің орнына 2,8 млрд текше метр су келіп, жоспар 40 пайыз артығымен орындалды.
Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде суармалы егіншілікті әртараптандыру жалғасуда. Биыл күріш алқабы өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Кейінгі төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21 пайызға азайды. Қысқартылған күріш алқаптарының орнындағы 10 мың гектар жерге суды аз қажет ететін дәндік жүгері егілді.
Басқосуда өңірдің тыныс-тіршілігіндегі маңызды су жобаларын қолдау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын іске асыруды бастау. Жоба бойынша Көкарал бөгетін 44 метрге дейін көтеріп, Солтүстік Арал теңізінің сыйымдылығын 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту қарастырылған. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазалы ауданындағы 31 мың гектар егістікті, 120 мың гектар шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз ететін «Қараөзек» су қоймасының құрылысын бастау мәселесі де талқыланды. Жоба Ислам даму банкі қаржысы есебінен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ су шығынын азайту үшін 66 каналды бетондау мәселесі қаралды. Бүгінде сараптамадан өткен 17 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!