Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Уақыттан ұтылған ұрпақпыз ба?

16.07.2026, 6:20 21

Қазіргі қоғамда жастар туралы сөз болғанда олардың білімді, технологияны меңгерген, әлемдік ақпаратқа еркін қол жеткізе алатын буын екені жиі айтылады. Шынында да, бүгінгі жас бұрынғы ұрпақпен салыстырғанда әлдеқайда көп мүмкіндікке ие. Алайда, осы мүмкіндіктердің көбеюі жастардың өмірін жеңілдетті деу қиын. Керісінше, соңғы  жылдары  жастар  арасында уақыттың  жетпеуі, тұрақты  шаршау, психологиялық қысым мен өмір қарқынына ілесе алмау мәселесі өткір сезіле бастады. Бір қарағанда, парадокс дерсіз. Технология дамыды, көптеген қызмет цифрландырылды, ақпарат алмасу жеңілдеді. Бірақ соған қарамастан уақыт тапшылығы мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Мұның  себебі  неде?

Бүгінде жастардың өмірі үздіксіз талаптар мен міндеттердің ортасында өтуде. Қазіргі еңбек нарығы дипломмен ғана шектелмейтін мамандарды қажет етеді. Жас адам кәсіби біліммен қатар, бірнеше тілді меңгеруі, цифрлық технологияларды білуі, жаңа дағдыларды игеруі тиіс. Оның  үстіне қоғам жастардан белсенді болуды, өзін дамытуды, қоғамдық өмірге араласуды күтеді. Осының бәрі бір адамның иығына жүктелгенде уақыт  жетпейтіндей көрінеді. Шын мәнінде мәселе уақыттың  аздығында емес, оған  деген  талаптың  шектен  тыс  артуында.

Бүгінгі жастардың көпшілігі өмірді жарыс ретінде қабылдай бастады. Себебі, олардың алдында үнемі салыстыруға болатын мысалдар бар. Әлеуметтік желілерден жиырма жасында кәсіп ашқан, шетелде білім алып жатқан немесе үлкен табысқа жеткен жастарды көреді. Мұндай мысалдар еңбек етуге ынталандыратыны рас. Бірақ екінші жағынан өз өміріне көңілі толмайтын  жастардың  көбеюіне  де  әсер  етуде.

Расын айту керек, бұл құбылыстың тағы бір қауіпті тұсы – жастардың демалуды ұмыта бастауы. Қазіргі қоғамда бос уақыт өткізу кейде өнімсіздік ретінде қабылданады. Егер адам демалып отырса, уақыт жоғалтып жатқандай сезінеді. Егер жұмыс істемесе, мүмкіндігін жіберіп алғандай күй кешеді. Осылайша, жастардың бір бөлігі үнемі қозғалыста болғанымен, рухани тұрғыдан қажып барады.

Психолог мамандар соңғы жылдары жастар арасында эмоционалдық шаршау мен күйзелістің көбеюін осы жағдайлармен байланыстырады. Анығында,  адамның миы тәулік бойы ақпарат қабылдайды. Таңертең әлеуметтік желіден басталған күн кешке дейін түрлі хабарлама, жаңалық, жұмыс тапсырмасы мен ақпараттық ағынның ортасында өтеді. Мұндай жағдайда адам физикалық емес, психологиялық тұрғыдан шаршайды.

Уақыт мәселесінің тағы бір қыры – назардың бөлінуі. Бұрын адам бір іске толық көңіл бөле алатын болса, қазіргі жастардың өмірі үнемі алаңдататын факторларға толы. Телефон хабарламалары, әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер мен ақпарат тасқыны адамның уақытымен қатар, назарын да ұрлайды.

Зерттеушілер адамның назарын жиі бөлу оның еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететінін айтады. Бір жұмысты аяқтамай жатып екіншісіне ауысу, ақпараттың шамадан тыс көп болуы уақытты тиімді  пайдалануға мүмкіндік  бермейді. Нәтижесінде, адам күні бойы босамағандай көрінгенімен, нақты нәтижесі  аз болуы  мүмкін. Осы ретте, Шразаддин Каниязовтың   «Фокус»  атты  кітабының  жастарға  берері  мол. Фокус пен зейін ұғымының  аражігін  ажыратып, негізгі  мақсаттарын түсіне білген жөн. Фокус дегеніміз  не? Ал, зейін дегеніміз не? Осы сұрақтарға жауапты әлгінде айтқан кітабымыздан  таба  аласыздар.

Бүгінгі жастардың алдында тағы бір маңызды мәселе тұр. Ол – болашаққа деген тұрақты алаңдаушылық. Экономикалық өзгерістер, тұрғын үй мәселесі, еңбек нарығындағы бәсекелестік жастарды ерте жастан-ақ болашақ туралы ойлауға мәжбүрлейді. Бір жағынан бұл жауапкершілікті арттырса, екінші жағынан адамның қазіргі уақыттан ләззат алуына кедергі келтіреді.Көптеген жас «алдымен жақсы жұмыс табуым керек», «алдымен үй алуым керек», «қаржылық тұрақтылыққа жетуім керек» деген оймен өмір сүреді. Әрине, мұның бәрі – маңызды мақсаттар. Бірақ кей жағдайда  адам  болашаққа дайындаламын деп жүріп  бүгінгі  өмірін  кейінге қалдырып қояды.

Шындығында, уақытпен күресте ешкім жеңіске жеткен емес. Уақыт бәріне бірдей берілген. Бірақ оны қалай пайдалану әр адамның өзіне байланысты.

Бүгінгі  жастардың  басты  мәселесі – уақыттың  аздығы  емес,  өмір  қарқынының шектен  тыс  жылдамдап кетуі.  Қоғам жетістікке жетудің жылдам жолын іздейді. Әлеуметтік желі бәрін тез жасауға үйретеді. Ал шынайы өмірдің заңдылығы басқаша. Білім де, тәжірибе де, мансап та, бедел де уақытпен келеді. Сондықтан  да, жастардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – уақытпен жарысуды тоқтату. Өзгенің жетістігін өз өмірінің өлшеміне айналдырмау. Ақпарат тасқынының арасында өз мақсатын жоғалтпау. Өйткені  адам өмірінің сапасы қанша іске үлгергенімен емес, сол уақытты қаншалықты мәнді  өткізгенімен  өлшенеді.

Уақыттан ұтылған ұрпақ дегеніміз – сағаты жетпейтін ұрпақ емес. Уақытты үнемдеудің мыңдаған мүмкіндігі бола тұра, өзіне, жақындарына, рухани дамуына және шынайы өмірге уақыт таба алмай жүрген буын. Егер, біз осы мәселені дер кезінде түсінбесек, технологиялық прогресс қанша дамығанымен, уақыт тапшылығы қазіргі жастардың ең үлкен проблемаларының бірі  болып  қала береді.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: