Сырдария ауданының «Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Домбыра – ұлттың мәңгілік үні» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, зиялы қауым өкілдері, барлық сала ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Іс-шара барысында арнайы ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, онда жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан басшысы жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның қазақ халқының рухани болмысын айқындайтын, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қасиетті аспап екенін атап өтті.
– Домбыра – халқымыздың жаны, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Қос ішектен төгілген күй – ел тарихының шежіресі, халықтың қуанышы мен қайғысы, ерлігі мен елдігі. Бабаларымыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Бұл мереке – өнер мерекесі ғана емес, ол ұлттық сананы жаңғыртатын, елдік рухты көтеретін, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды рухани күн. Мемлекет басшысы халқымыздың мызғымас құндылықтарына, бай тарихы мен мәдени мұрасына арқа сүйеу қажеттігін ерекше атап өтіп келеді. Домбыра – халқымыздың рухани коды, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған қасиетті мұра, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шара барысында ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа және жас домбырашыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр сөз сөйлеп, барша аудан тұрғындарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Ол домбыраның қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық болмысын айқындайтын қастерлі аспап екенін атап өтіп, төл өнерді дәріптеу – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді. Іс-шара барысында ұлттық өнерге қызығушылық танытып жүрген жас домбырашыға ізгі тілекпен домбыра сыйға тартып, оның шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Мерекелік іс-шара күй күмбірі мен ұлттық өнерді ұлықтаған концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!