Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Қазақстан Журналистер одағына жаңа мүшелерді қабылдау және сала үздіктерін марапаттау рәсімі биыл да жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиында журналистика саласының ардагерлері мен белсенді өкілдері құрметке бөленіп, Одақ қатары жаңа мүшелермен толықты.
Жиында Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов сөз сөйлеп, кәсіби мереке аясында Одақ қатарына қабылданып жатқан жаңа толқынды құттықтады. Ол журналистикадағы буын сабақтастығының маңызын атап өтіп, шығармашылық ортаға қосылған әрбір жаңа мүшеге сәттілік тіледі.
Өз сөзінде Қуат Әбішұлы Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалі» осыдан екі жыл бұрын тағайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, марапат қоғамға адал қызмет етіп, кәсібилігімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген түрлі саланың үздік өкілдеріне табысталады. Алғашқы жылы марапат денсаулық сақтау саласының үздігіне берілді.
Биылғы «Алтын медаль» Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Фархад Тажиевке табысталды. Ол 2004 жылы Тасбөгет кентінде болған өрт кезінде бір ересек адам мен үш жасөспірім баланы құтқарып, ерлік танытқан.
Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен ардагер журналист Төлепберген Бектұрғанұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы Қамбар Бекенов және «Халық» газетінің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы Рыскелді Жахман марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының қатарына Жібек Баймұратова, Үмбеталы Абибуллаев, Жанар Қайназарова, Сәкен Қабылов, Құралай Жақсылық, Қымбатгүл Бердеш, Айнұр Әлімбаева, Айнұр Назарова, Айсұлу Алданазарова, Малика Тұрғантай, Төребек Төремұратов, Назым Қараева, Гүлдана Жұмадинова және Перизат Захрадин қабылданды.
Салтанатты рәсім соңында марапат иелері мен жаңадан қабылданған мүшелерге Қазақстан журналистикасының дамуына қосар үлестері үшін алғыс айтылып, шығармашылық табыс пен толайым жетістік тіленді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!