Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанашыр  жалшы

30.06.2026, 6:00 40

HALYQLINE.KZ

(Мысал  ертегі)

Баяғы өткен заманда Патша мен Молда таудың етегінде көрші тұрыпты. Екеуі елдің тағдырын бірге шешіпті. Олардың ортақ жалшысы болыпты. Бір күні жалшы қолына балтасын алып, таудың басына ағаш әкелуге шығады. Ымырт үйіріле отынын арқалап үйге оралады. Қақпа алдынан Патша мен Молда кезігеді.

— Қожайындар, таудың ұшар басынан төмен қарай жылжып келе жатқан үлкен тас көрдім. Бұл жерден тез арада көшіп кетпесеңіздер, жойқын залал төніп тұр, — дейді.

Молда үйіне барып ойланады.

— Ау, ол қара тастың менде қай әкесінің құны бар? Осы уақытқа дейін ешкімнің ала жібін аттамадым, — деп өзін жұбатады.

Патша:

— Мен патшамын. Тастан қорқатын жайым жоқ, — дейді.

Төсекте жатқан тоқалының қасына домалай кетеді.

Ертеңіне жалшы тағы тауға шығады. Тастың жақындап қалғанын ескертеді. Олар құлақ аспайды.

Молда:

— Күніге бес мезгіл Құдайға құлшылық етіп отырған жанмын. Мүмкін тас бағытын өзгертіп, басқа біреудің төбесіне түсер…

Терең ойға кетеді. Ол кезде Патша да ойланып жатады.

— Көршім Молда мені күнде дұғасына қосып тілегімді тілейді. Қайдағы бір тасқа бола көшіп нем бар?

Үшінші күні жалшының жан дауысы шығып жүгіріп келеді.

— Тас жақындап қалды, тезірек көшіңіздер, — деп, жалынады.

Патша ашуланып, дауыс көтереді:

— Мына жалшы мазамызды неге ала береді?

Молда:

— Ақ Патшам, жалпы жамандық шақыру жақсы емес, мүмкін ішіне жын кіріп кеткен шығар.

Патшаға болысады.

Патша:

— Тыныш заманда елге үрей тудырғаны үшін елу дүрсе соғылсын, — деп бұйырады.

— Таяқ тисе, жыны ұшып шығады, — дейді Молда сақалын сипап.

Жалшы:

— Олай болса менің бір өтінішімді орындаңыздаршы…

— Қандай? — деп қожайыны зекіреді.

Жалшы:

— Дүрені таң біліне бастағанда соғыңыздар.

Олар келіседі. Үкімді тамашалауға әулетінің бәрі барады. Жаза орындалып жатқанда таудан домалаған қара тас Патша мен Молданың үйлерін басып қалады. Бірақ, олар жон арқасы қанға боялған жазықсыз жалшының арқасында аман қалады. Мұны көріп Патша риза болады. Өз қателігін мойындап, жалшыны ең сенімді уәзірі етіп қарамағына алады.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: