Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жағыппар Қарабала «Парасат» орденімен марапатталды

25.06.2026, 16:45 78

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақорда төрінде өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласының үздіктерін марапаттап, елдің қоғамдық санасын қалыптастыруда, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіруде және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуда журналистердің айрықша орны бар екенін атап өтті.

Осы мерейлі сәтте Сыр өңірінің ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі тележурналист, «Qyzylorda» телеарнасының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Аманжолұлы Қарабала жоғары мемлекеттік награда – «Парасат» орденімен марапатталды.

Жағыппар Аманжолұлының ғұмыр жолы – кәсіби біліктілік пен шығармашылық ізденіске, туған өлкеге деген жанашырлық пен ел мүддесіне адал қызмет етуге негізделген тағылымды еңбек жолы.

Сыр журналистикасының ардагері өңірлік телевизияның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, Сыр жұртшылығының тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерді көрерменге уақытылы әрі шынайы жеткізудің үлгісін көрсетті.

Өз ісіне деген жауапкершілігі мен талапшылдығының арқасында көптеген жас журналистердің кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, Сыр бойындағы телевизия саласында өзіндік мектеп қалыптастырды. Бүгінде сол мектептен тәлім алған талай маман ақпарат саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Кәсіби мереке қарсаңында еңбегі еленіп, мемлекет құрметіне бөленген ардақты жерлесімізді шын жүректен құттықтаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық қуат пен толайым табыс тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: