Рухани құндылықтарды дәріптеп, кітап оқуды насихаттауды мақсат еткен «Кітап керуені» акциясы бұл жолы Талсуат ауылына табан тіреді. Ауыл тұрғындары мен жас оқырмандар көшпелі кітап көрмесін үлкен қызығушылықпен тамашалап, өздеріне ұнаған кітаптарды таңдап, жаңа әдебиеттермен танысты. Керуен барысында тұрғындарға көркем әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар және танымдық басылымдар ұсынылды. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ресми парақшасында ақпарат таратты.

Іс-шараға Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Күлбаев, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қайруллаев қатысып, сөз сөйледі. Акция аясында кітапхана саласының мамандарына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталып, оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинацияларымен марапатталды.
Бағдарлама барысында «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Кездесуге жергілікті ақын-жазушылар Г.Қожахметова, Ғ.Әбілда, Н.Көбегенұлы, Ж.Таңрықбаев, А.Түменбай, Ғ.Қадырбай қатысып, әдебиет пен руханияттың қоғамдағы орны туралы ой бөлісті.

Сонымен қатар «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ҚР Журналистер одағының мүшесі Ж.Таңрықбаев, журналист Н.Көбегенұлы және Талсуат ауылының тұрғыны Ш.Ахметова қолдау білдіріп, өз кітаптарын кітапхана қорына тарту етті.
Игі бастама ауыл тұрғындарын рухани қазынамен қауыштырып қана қоймай, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға және өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын нығайтуға ықпал етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!