Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі мерейтой иесін құттықтады

20.06.2026, 1:32 34

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі Телағыс Бұхарбайды 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуға зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесінің замандас достары мен ел ағалары қатысты.

Аудан басшысы мерейтой иесінің туған өлкенің өркендеуіне, құрылыс пен сәулет саласының дамуына қосқан үлесі жайындап сөз қозғап, аудан жұртшылығының атынан ізгі тілегін жеткізді.

«Қасиет қонып, құт дарыған киелі Қазалы ауданында елдік мүддені ту етіп, ұлы мұрат жолында қызмет еткен, парасаты биік абыройлы азаматтарымыз жетерлік. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын алдыңғы буын ағаларымыздың орны біз үшін әрқашан бөлек, қалтқысыз еткен адал қызметтері – біздерге қашанда үлгі-өнеге. Бүгінгі ресми жиынымыз – аудан жұртшылығына етене таныс Бұхарбай Телағыс ағамыздың 70 жасқа толу мерейтойына арналуда. Сіздің ұзақ жылдар бойы туған өлке игілігі жолында атқарған еңбегіңіз, халыққа сіңірген адал қызметіңіз – шынайы құрметке лайық. Бүгінгі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп, ел алдында абыройыңыз арта берсін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Жиында аудан басшысы мерейтой иесіне ауданымыздың ең жоғары марапаты – Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» мен Құттықтауын және жұбайы Бейсенкүл Метерқұлқызына аудан жұртшылығының атынан шапан мен камзол кигізіп, жаулық жауып, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетті.

Мұнан кейін Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы, Тараз қаласынан арнайы келіп отырған курстас досы Анапия Бозжігітов, қауіпсіздік қызметі саласының ардагері, генерал-лейтенант, 2 дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерінің иегері, Алматы қаласынан келген досы Амантай Күреңбеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Талайлы Бөріқұлақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.

Жиын соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, арнайы қабылдап құрмет көрсетіп жатқан барша жерлестері мен аудан басшысына алғысын жеткізді.

Телағыс Бұхарбай еңбек жолын 1981 жылы Қазалы қаласындағы «Риссовхозстрой» тресіне қарасты шаруашылық есептегі бөлімшеде мастер қызметінен бастаған. Әр жылдары Қазалы ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің хатшысы, «Қызылорда ауыл құрылысы» тресінің №1604 жылжымалы механикаландырылған колоннасында бас инженер, Қазалы ауданының бас сәулетшісі, аудандық құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі, «Сәулет-Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орындаушы директоры болған. Кейінгі жылдары облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына қарасты «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қазалы ауданы бойынша бас инспекторы қызметін абыроймен атқарған.

Телағыс ағамыз Әйтеке би кентінің бас жоспарын әзірлеген авторлық ұжымның мүшесі, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр ескерткіштері мен Жанқожа батыр және Қарасақал Ерімбет кесенелерінің, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған аллея авторларының бірі болып табылады. Сондай-ақ, барлық елді мекендердің төлқұжаттарын әзірлеуге қатысқан. Орталық алаң, Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаевқа арналған ескерткіш, «Асандар көтерілісі» монументі, Бекарыстан би ескерткіші мен «Дәулетияр баба» кесенесінің тікелей авторы ретінде танылған.

Ағамыз қажырлы еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі және Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атанып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасы Қала құрылысшылары одағының медалімен марапатталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: