Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аппарат мәжілісінде кадрлық өзгерістер таныстырылды

17.06.2026, 10:35 84

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кадрлық өзгерістер таныстырылды.

Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы конкурстық комиссиясының қорытындысы негізінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Бөріқұлақов Ақтілеу Талайлыұлы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Ақтілеу Талайлыұлы – жоғары білімді, 2003 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Ү.Түктібаев ауылдық емханасының есепшісі болып бастаған. Әр жылдары ауданның қаржы, экономика, кадр және мемлекеттік басқару салаларында жауапты қызметтер атқарған. 2017-2018 жылдары Ақжона ауылдық округінің әкімі, 2018-2025 жылдары аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы, 2025 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Аудан басшысы Ақтілеу Талайлыұлының кәсіпкерлік саласында мол тәжірибе жинақтағанын атап өтіп, кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ, конкурстық комиссия қорытындысымен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Зинадинов Ғалымжан Зинадинұлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Ғалымжан Зинадинұлы – еңбек және әлеуметтік қорғау, салық, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман. Аудан басшысы оған әлеуметтік төлемдердің заңдылығын бақылау, жұмыспен қамту шараларын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығы жұмысының нәтижелілігін арттыру бағытында бірқатар міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының бұйрығына сәйкес Сисен Ғалымжан Әлдебайұлы «Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабы» өндірістік учаскесінің басшысы болып тағайындалды.

Ғалымжан Әлдебайұлы су шаруашылығы саласында көп жылдық тәжірибесі бар маман. Аудан әкімі стратегиялық маңызы бар нысанда су ресурстарын тиімді басқару, көлдер жүйесін суландыру және су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: