Қазақстандағы жалпы жүк айналымының басым бөлігі теміржол көлігіне тиесілі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті, деп хабарлайды halyqline.kz.
Министрдің мәліметінше, соңғы бес жылда көлік және қоймалау қызметінің көрсеткіштері екі жарым есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 трлн теңгеге жеткен. Мұның өзі инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және тасымал көлемін арттыру бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесі.
– Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57 пайызын теміржол көлігі құрайды, сондай-ақ ол көлік саласындағы жалпы қызметтің үштен бірін қамтамасыз етеді. Теміржол көлігі экспорт пен транзитті тиімді жүзеге асырады, сондықтан ел экономикасындағы стратегиялық маңызы зор, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Министр теміржол саласындағы үш негізгі бағытты атап өтті. Олар – локомотивтер паркі, вагон паркі және магистральды теміржол. Осы үш буынды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, өткізу қабілетін арттыруға және болашақтағы сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Сауранбаевтың сөзінше, 2014-2019 жылдары локомотив сатып алу көлемінің төмен болуынан паркте тапшылық байқалған. Кейінгі жылдары локомотив паркін жаңартудың ауқымды бағдарламасы іске асырылып, 2028 жылға дейін отандық өндірістегі жаңа локомотивтерді жеткізу жалғаспақ. Қазіргі кезде локомотив паркі тасымал қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр.
– Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде локомотивтердің тозу деңгейі 74 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Локомотивтерді пайдаланудың орташа мерзімі 30 жылдан 21 жылға қысқарды. Сонымен қатар техникалық жағдайы жақсарып, дизель шығыны азайды, – деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, әлемдегі жетекші өндіруші Wabtec компаниясының мәліметі бойынша «Қазақстан темір жолы» локомотивтері 93 мемлекеттің арасында ең тиімді деп есептеледі. Бұл орайда өндіріс пен сервисті оқшаулауға, яғни отандық деңгейде жүзеге асыруға ерекше мән берілген.
– Бұл жұмыстар отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!