Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес ел, бір теңіз: Орталық Азия Аралды бірлесіп сақтауға бет бұрды

12.06.2026, 11:05 74

Кезінде кеме жүзіп, балықшы ауылдары гүлдеп тұрған теңіздің едәуір бөлігінің орнында бүгінде шөл жатыр. Алайда соңғы жылдары Арал тағдырына қатысты үміт оты қайта тұтанды. Орталық Азия елдері «бұл – біреудің ғана емес, бәріміздің мәселеміз» деген тоқтамға келіп, бірлескен іске кірісті. Аймақ елдері Аралды сақтап қалу үшін нақты не істеп жатқанын Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі талдады.

Теңіздің тартылу тарихы белгілі, өткен ғасырдың екінші жартысында Әмудария мен Сырдарияның суы жаппай егістікке бұрылды. Соның кесірінен шөлейттену ұлғайып, тұзды шаң борандар жиіледі, Арал өңірінің миллиондаған тұрғыны әлеуметтік-экологиялық қыспаққа түсті. Мәселені жеке-дара еңсеру мүмкін емесін түсінген аймақ елдері 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорын құрған еді. Биыл сәуірде сол қордың құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Астанада өткен отырысында арнайы мәлімдеме қабылданып, су ресурстарын басқаруды жаңғырту мен суды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізу келісілді. Сондай-ақ 26 наурыз Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария күні болып бекітілді.

Көкарал – күллі аймаққа үлгі

Аралды құтқару жолындағы ең салмақты нәтиже Қазақстанның еншісінде. 2005 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен салынған Көкарал бөгеті Солтүстік Аралға қайта жан бітірді, онда су деңгейі көтеріліп, тұздылығы азайды, балық шаруашылығы жанданды. Кіші Аралдың су айдыны 18,9 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайды. Енді жобаның екінші кезеңі жоспарда тұр. Көкарал бөгеті жаңғыртылса, су көлемі 34 текше шақырымға жетуі мүмкін. Бұл – ең алдымен Қызылорда облысының халқы үшін зор үміт. Бүгінде Кіші Арал посткеңестік кеңістіктегі экожүйені қалпына келтірудің озық үлгісі саналады.

Көршілердің қадамы

Өзбекстан теңіздің кепкен табанында пайда болған Аралқұм шөлімен арпалысып жатыр, 2 миллион гектардан астам жерге сексеуіл секілді құрғаққа төзімді өсімдіктер егілді. Бұл топырақты бекітіп, тұзды шаңның таралуын тежейді. Ташкенттің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Арал өңірін экологиялық инновациялар аймағы деп жариялаған.

Қырғызстан мен Тәжікстанның рөлі бөлек, аймақтың ірі өзендері осы екі елдің тауларынан бастау алады. Бішкек Сырдарияның қайнары – Тянь-Шань мұздықтарына мониторинг жүргізуге кіріссе, Әмудария ағынының 60 пайызға жуығы қалыптасатын Тәжікстан Памир мұздықтарын қорғауға ден қойған. Душанбенің бастамасымен БҰҰ 2025 жылды Мұздықтарды сақтау жылы деп жариялағаны да белгілі. Ал Түрікменстан тамшылатып суару технологиясын кеңейтіп, дренаж суын қайта пайдалану жобаларын қолға алды.

Арал мәселесі әлдеқашан жаһандық деңгейге шықты. Өңірді қалпына келтіру жобаларына БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Еуропалық одақ, Азия даму банкі және басқа да халықаралық ұйымдар атсалысып отыр.

Сарапшылар не дейді

Дегенмен мамандар жеңіске әлі ерте екенін ескертеді. Экономика ғылымдарының докторы Толонбек Абдыров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Арал дағдарысы тек экологиямен шектелмейтінін айтты.

– Бүгінде Арал теңізіндегі ахуал – бүкіл Орталық Азияның тұрақты даму мәселесі, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, түйткілдің ең күрделі тұсы – елдердің суға деген мүддесі әрқилы болуында. Қырғызстан мен Тәжікстан суды ең алдымен гидроэнергетиканың негізі деп қараса, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан үшін су – егіннің тірегі. Осы энергетикалық және аграрлық мүдденің теңгерімін табу аймақтық ынтымақтастықтың басты міндеті болып қала бермек.

Ал гидролог Гүлбара Оморова Арал бассейнінің болашағын Тянь-Шань мен Памир мұздықтарының жай-күйімен тікелей байланыстырады. Маманның пайымынша, мұздықтардың жедел еруі Әмудария мен Сырдарияның ағынын өзгертіп, бүкіл аймақтың сумен қамтылуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан елдер бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізіп, климат пен су ресурсына қатысты деректермен алмасып отыруы қажет.

Қорыта айтқанда, соңғы отыз жылда Орталық Азия елдері су үшін бәсекелесуден гөрі ортақ шешім іздеуге ден қойды. Көкаралдың тәжірибесі бірлескен әрекеттің нәтиже беретінін дәлелдеп берді. Алайда аймақта халық саны өсіп, су тұтыну артып келе жатқанын ескерсек, Аралдың ертеңі бес мемлекеттің бұдан былай да қаншалықты ұйыса білетініне тікелей байланысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: