Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘЧ-2026 – Ерекше турнир

11.06.2026, 17:45 47

Әлеуметтік желідегі көпшіліктің пікіріне үңілсең, айтарлары бір: «осы ӘЧ қызықсыз өтейін деп тұр», «баяғыдай атмосфера жоқ» секілді кертартпа әңгімелер. Әрине, талғамқа талас жоқ, әр адамның жеке пікірі бар екенін ескереміз. Дегенмен де, осы шамадағы пікірлерді алға тартатындар көп нәрсеге критика тұрғысынан қарамайтын секілді. Тек қауым не дейді – соны орысша айтқанда «хавать» етіп, қосыла салатындай көрінеді. Негізінде бізді алда қызық, тіпті бұрын-соңды болмаған тартысты чемпионат күтіп тұруы әбден мүмкін.

Осы тұрғыда «неге?» деген сұрақ туындайды. Тарқатайық.

Бәсекелестік

Биылғы бәсекелестік бұрынғы мундиальдарға қарағанда ерекше болады. Неліктен десеңіз, бұл жолы көзіміз үйренген Испания, Франция, Англия сияқты құрамалардан тыс, ұзаққа баруы мүмкін саналатын командалар саны қатысушылармен қатар едәуір артты. Айталық, бұған дейін мундиальда атой салмақ түгілі, қатысуы мұң болған Норвегия, Сенегал, Марокко, Түркия, Эквадор, Кот-д’Ивуар ұлттық құрамалары – бүгінде әжептәуір элита. Әрқайсысында жалындай жас, сондай-ақ тәжірибесі мол ойыншылар кем дегенде үш-төртеуден. Эрлинг Холанд, Арда Гүлер, Кенан Йылдыз, Ашраф Хакими, Мойзес Кайседо, Уильям Пачо, Ян Диамонделер – сөзімізге дәлел. Онымен қоймай, жоғары деңгейлі құрама болса да, құрамы ортаңқол келген Португалия, Уругвай, Колумбия секілді командалар да мықты ойыншылармен жасақталып, алдағы турнирге сақадай сай тұр. Тиісінше аталмыш фактор командалар арасында үлкен бәсекелестік тудыратыны хақ.

Вундеркидтер дәуірі

Вундеркид, талантты ойыншылар сөз болғанда ең алдымен есімізге каталон клубы «Барселонаның» вингері Ламин Ямаль топ ете қалатыны жасырын емес. Ламин футболға үлкен өзгеріс әкелді. Олай дейтін себебіміз, 18-19 жаста клубтың жастар құрамында болу «норма» саналған кезде Ямаль 16 жасынан-ақ клубтың негізгі құрамында доп теуіп, Испания сапында Еуропа чемпионатын жеңіп алып, турнир дүлділі атанды. Аталмыш реформа басқа клубтардың да академияда керемет ойын өрнегін көрсетіп жүрген жас жігіттерге сенім артуына түрткі болды. Соның әсерінен осы мундиальда таза «зумерлер тартысына» куә болғалы тұрмыз. Құрамалардың шақырылған ойыншыларына көз салсақ, 2008-ден бастап 2005-ке дейінгі өрімдей аяқдопшылар өріп жүр. Франциядан – екі дүркін ЧЛ жеңімпазы Дезире Дуэ, Испаниядан – атышулы Ламин Ямаль мен тас қамал Пау Кубарси, Түркиядан – «Реал» таланты Арда Гүлер, Хорватиядан – жас болса да бас болып жүрген Лука Вушкович Әлем чемпионатына одан ары әр береді десек, артық айтқанымыз емес.

Соңғы би

Жастар жайлы сөз қозғап, қарттар жағын елеп-ескермеу орынсыз болар. Иә, осы Әлем додасы талай жасөспірімнің кәсіпқой футболдағы адымын аттауына себеп болса, кей жасы келген, тәжірибелі аңыз ойыншылар үшін «соңғы би» саналады. Футболдың қос GOAT-ы Лео Месси мен Криштиану Роналду мансабындағы алтыншы мундиалға қатысады. Одан бөлек, Лука Модрич пен Неймар Жуниор да ақырғы Әлем кубогында бой көрсетпек. Енді бұл аты аңызға айналған футболшыларды халықаралық ірі турнирлерде көруіміз екіталай.

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: