ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ
Біздің әйел барып тұрған еріншек қой, адам жұмсағыш, «мынаны апаршы», «ананы алып келші» деп, алдынан кім шықса, соны жүгіртіп жібереді. Ебін тауып қайнағасын да жұмсайды. Бүгін таң атпай мені дірдектетіп дүкенге қуды. Тауықтың отыз жұмыртқасын сатып алып үйге кіре бергенімде, босағада аузымен дөңгелетіп үрлеп отырған жүгірмектің шары тарс етіп жарылды. Оқыс дыбыстан селк етіп, шалқамнан құладым. Шешем өте қорқақ адам еді, «ойбай, бомба түсті» деп сыртқа тұра жүгірді. Ол Арыс қаласында әскери қойма жарылғалы қатты дыбыс шықса, ауылдың шетінен бір шығады. Жан ұшырып айғайлап бара жатқан шешеме тағы бес-алты кемпір қосылып бірге қашты. Ал, сол мезетте менің қолымдағы жұмыртқалар жан-жаққа бытырап ұшты. Тура, Жамбыл облысының қару-жарақ қоймасындағы өрттен кейін жанып ұшқан снарядтар сияқты әр жерге тарс-тарс етіп жарылып қалды. Бір жұмыртқа адам жұмсағыштың басына тиді. Мұны көріп қатын ашуға булықты.
— Немене, қолыңа «бәленшеңді» ұстап тұрсың ба? — деді.
Өмірі ашуланбайтын едім, осы жолы шыдамым таусылды.
-Не? — дедім.
— Ұстаған заттың бәрін жарасың, — деп, әйелім қырғидай шүйлікті.
— Неңді жардым, төбеңді ойдым ба?
— Осы сен сияқтылар әлемді жарып жатыр. Енді бір күні жүрегімді жаратын шығарсың. Оттасқанымызға отыз жыл болды. Бұл үйде жармаған түгің қалмады. Жұрттың байлары біреудікін жарады, — дейді.
— Аузымды қыздырма, мен жарылғыш террорист, не жанкешті емеспін…
Әйелім ананы-мынаны жардың деп жатқанда ауылдан беріп жіберген «боклашкадағы» бес литр шұбат күннің ыстығынан ашып гүрс етіп атылды. Жойқын жарылыс болды. Асүйдегі ыдыс-аяқтар жан-жаққа ұшты. Кесе-құман сынды. Қатын талып қалды. Қолына ұстап тұрған құлаштай қарбыз былш етіп жерге жарылды. Еденге төгілген тегін шұбатты ала мысық тілімен жалап тұр. Ауылды екі айналып үрейі басылып, үйге енді кіріп келе жатқан шешем ойбайлап есік алдына құлай кетті. Осы көріністерді тамашалап тұрған көршінің ойын балалары күлкіден жарылды. Құлап жатып жығылғанға мен де күлдім.
— Күмірә болғыр, мұның несі күлкілі? — деп әйелім басын көтерді.
Білмеймін, соңғы кездері біздің үйде жарылыс бітпейді.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!