Өнер дегенде көбіміздің ойымызға алдымен әдебиет, театр, кино, би, ән, сахна келеді. Расында, бұлардың бәрі өнердің үлкен салалары. Бірақ қоғамда көзге көп түсе бермейтін, көпшілік біле бермейтін қаншама туынды, қаншама талант бар. Бүгінде өз қабілетін табыс көзіне айналдырып, еңбегінің жемісін көріп жүрген адамдар аз емес. Бірі ән айтып, бірі би билеп, бірі киноға түсіп, енді бірі әлеуметтік желі арқылы өзін танытып жүр. Өнер адамға туа біте келе ме, әлде еңбек пен талпыныстың нәтижесінде қалыптаса ма деген сұрақ көпшілікті ойландырады. Шығармашылық жолда жетістікке жету оңай көрінгенімен, оның артында көп ізденіс, талай сәтсіздік, талай құлау мен қайта тұру бар. Кез келген адам өз бойындағы қабілетті бірден байқай бермейді. Кейде адамның қарапайым ісінің өзінен ерекше қырын көруге болады.
Мысалы, кәсіпкерді алайық. Ол өз кәсібін дамыту үшін өнімін таныстырады, видео түсіреді, әлеуметтік желі жүргізеді, халықпен тіл табысады. Мұның бәрі де шығармашылықты, тапқырлықты, сөйлеу мәдениетін қажет етеді. Қоғамдық орында балмұздақ немесе үрленген шар сатып жүрген адамның өзі жұрттың назарын аударып, көңілін таба білсе, бұл да белгілі бір деңгейде өнерге жақын әрекет. Көп жасөспірім өз бойындағы қабілетін ашуға қорқады. Бірі ұялады, бірі “өнер адамы болу қиын” деп ойлайды. Біз “өнерлі адам” дегенде көбіне сахнадағы әнші мен әртісті елестетеміз. Ал олардың сол биікке қалай жеткенін, неден бастағанын әркім біле бермейді. Танымал футболшы Криштиану Роналдудың өзі қарапайым отбасынан шыққан. Ол бала кезінен футболмен үздіксіз айналысып, еңбек пен табандылықтың арқасында әлемге әйгілі спортшыға айналды.
Соңғы жылдары TikTok пен Instagram арқылы өзін танытып, өнерін көпшілікке көрсетіп жүрген жастар көбейді. Бірі ән айтады, бірі сурет салады, бірі би билейді, бірі пайдалы контент жасайды. Бұл да заманға сай қалыптасқан жаңа мүмкіндік. Ең бастысы, адам өз қабілетін жоғалтпай, оны дамытуға ұмтылуы керек.
Өнер адамды рухани байытады, өзіне сенім береді, өмірден орнын табуға көмектеседі. Әр адамның бойында ашылмаған бір қыры болуы мүмкін. Сол қабілетті байқап, еңбектеніп, халыққа ұсына білу адамның өз қолында.
Мерей ҚАЛАБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!