Жас жігіт бір үйір пілдің жанынан өтіп бара жатып таңғалып тоқтай қалады. Себебі, пілдің иесі жер үстіндегі ең алып жануарлардың тек алдыңғы аяқтарын ғана жіп-жіңіше жіппен тұсап жатты. Ешбір тор, шынжыр емес, әрі жіңішке, әрі жылдам үзіліп қалатын нәзік жіптерге мойынсұнып тұрған пілдерді көргенде таңданбасқа шара жоқ еді.
Пілдер қай уақытта да жібін үзіп қашып кетуге мүмкіндіктері бола тұра момақан күйі мүлгіп тұрды. Таңғалған жігіт пілдердің иесіне барып: «Неліктен мына алып әрі жабайы аңдар қашуға ешбір әрекеттенбейді?», — деп сұрапты.
Иесі: «Оларды кішкентай бұзау (қодық) кезінде дәл осы жіңішке жіппен тұсап қоятынбыз. Олар үлкейіп өссе де, тұсамыс жіпті өзгертпедік. Пілдердің жіпті үзуге бұзау кезінде шамасы келмейтін еді. Енді үлкейсе де ол жіпті әлі үзе алмаймыз деп әбден сеніп қашуға әрекет жасамайды», — деп жауап беріпті.
Жігіт тіптен таңғалыпты. Өзінің қаншалықты күш-қуатты болғанын сезбей, жас кезіндегі қорқыныштарын әлі күнге жеңе алмай, қаша алмай жүрген пілдер оған өте аянышты көрінсе керек.
Біздің ортамызда да пілдерге ұқсап бұрынғы жасқаншақ үрейін жеңе алмаған адамдар көптеп кездеседі. Қандай бір ауыр іске бір рет әрекеттеніп, шамаңыз жетпесе қайта әрекет жасауға жүрексінетін кез сізде де болды. Иә, жай ғана: «Болмайды екен» деп сенгендіктен қайта ешқашан әрекет жасамаған кез бәріміздің де басымыздан өткен.
Сәт сайын, тіптен қарттық жасқа жеткен кезде де өзімізге байқалмай біздің ішкі-сыртқы күшті-қуатымыз артып отырады. Сондықтан да қай уақытта да өмірдің қатал жібін үзу үшін әрекеттенуден жасқанбауымыз, шегінбеуіміз керек. Сіздің кеше істей алмаған ісіңіз, бүгін де қолыңыздан келмейді деген сөз емес…
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!