Мәжілісте мектеп бітіру кештеріндегі даңғаза, қымбат кортеж және ата-аналарға түсетін артық шығын мәселесі көтерілді, деп хабарлайды halyqline.kz.
Депутат Жарқынбек Амантайұлы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары соңғы қоңырау мен түлектер кеші білімге құрмет көрсететін қарапайым рәсімнен алыстап, әлеуметтік бәсекеге ұқсап барады.
Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы мектеп бітіруші түлек атанды. Депутат осы кезеңде бірнеше өңірде қымбат автокөліктерден құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі бұзылғанын айтты. Алматыда түлектердің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылған.
Мәселе тек көлікпен шектеліп отырған жоқ. Соңғы жылдары бітіру кештерінде қымбат киім, үлкен гүл шоғы, мейрамхана, фото-видео түсірілім, сән-салтанатқа арналған шығын көбейген. Бұл ата-аналарға қосымша салмақ түсіреді. Енді депутаттар мектеп бітіру рәсімдерін тәрбиелік мәні бар, қарапайым әрі қауіпсіз форматқа көшіруді ұсынып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!