Бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев жас жайдарманшыларды қабылдады, деп жазады баспасөз қызметі.
Кездесу барысында аудан басшысы жас жайдарманшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы шығармашылық жолдарына сәттілік тіледі.
– Жайдарман – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдайтын және сахна мәдениетін қалыптастыратын ерекше өнер алаңы. Сіздер осы өнер арқылы ауданымыздың намысын қорғап, өңіріміздің мерейін асырып жүрсіздер. Біз әрдайым Өздеріңіздей жастарды қолдап келеміз, алдағы уақытта да қолдай береміз. Осындай қолдаудың нәтижесінде республикалық Жайдарман ойындарының «Маусымашар-2026» фестивалінде өнер көрсетіп, «Джуниор проект» жобасында жүлделі І орын, облыстық жайдарман ойындарында І орын иеленіп, жетістіктерге жетіп келесіздер. Ауданымыздың атын шығарып жүрген Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Үздік нәтиже көрсеткен жайдарманшыларды аудан әкімі «Алғыс хатпен» марапаттады.
Қабылдауда аудандық «Жастар» ресурстық орталығының басшысы Нұржан Сейтжан жастарға қолдау білдіріп жүрген аудан басшысына алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Жайдарман қозғалысының көшбасшысы, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Е.Елеукеннің Алғысын аудан әкіміне табыс етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!