Қазалыда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған тоғызқұмалақтан өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Ұлттық спорт түрінен алты күнге созылған турнирге еліміздің Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан және барлық ауданнан келген 160-қа жуық спортшы бақ сынасқан болатын.
Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздармен қатар спортшыларға «Ең жас ойыншы», «Үздік ойыншы», ал төрешілерге «Әділ төрешілік жасағаны үшін» номинациялары мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау іс-шарасына аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов пен ардақты азаматтың жақындары қатысты.
Айта кетейік, алдағы уақытта ауданымызда тоғызқұмалақтан арнайы турнирлер өткізіліп, ұлттық спорт түрін насихаттау, дамыту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынбақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!