Әріп ХОЖБАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:
Абай «күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар» деп, надандықты, еріншектікті, залымдықты атайды. Бұл үш ұғым сырт қарағанда жеке адамның мінезіне қатысты айтылғандай көрінгенімен, ел ісіне келгенде салмағы тіпті ауырлай түседі. Өйткені халықтың сөзін тыңдайтын, жұрттың шаруасына араласатын, бір өңірдің жауапкершілігін мойнына алатын адамның бойында ең алдымен таным болуы керек. Надандық жай ғана білімнің аздығы емес. Ол – мәселенің түбіне үңілмеу, халық айтып отырған сөздің астарын аңғармау, бір шешімнің ертең қандай салдарға апаратынын есептемеу. Ел басқарған адам алдына келген шаруаны бір жақты емес, жан-жақты қарап, себебін де, салдарын да, халыққа тиетін әсерін де таразылай алмаса, көптің мұңы көп қағаздың арасында қалып қоюы мүмкін. Ашығын айту керек, оны көріп те жүрміз.
Еріншектік те қарапайым қимылсыз қалу емес ғой. Қызметтегі еріншектік – жауапкершілікті кейінге ысыру, айтылған мәселенің соңына түспеу, басталған істі нәтижесіне жеткізбеу. Халық үшін ең ауыр нәрсенің бірі – өз мәселесінің айтылғанымен, аяқсыз қалғанын көру. Ал залымдық дегенді тек қатыгездік деп түсінбеу керек. Ол кейде әділетсіз шешімнен, кейде көптің сөзін елемеуден, кейде қызметті халыққа емес, жеке ыңғайға бұрудан көрінеді. Сондықтан ел алдында жүрген адамға білім де, еңбек те, әділет те қатар керек. Бірі кем болса, басқарудың берекесі кетеді, жұрттың сенімі әлсірейді.
Қоғамдық кеңес, әкімдік, мәслихат, басқарма сияқты құрылымдардың бәрі түптеп келгенде халық айтқан мәселенің тиісті орынға жетіп, шешілуге қызмет ету үшін құрылған. Конституциялық қызметі солай. Десе де, бұл органдардың қолынан барлық шаруаны шешіп тастау келе бермейді. Бір мәселе қаржыға тіреледі, бірі заңдық тәртіпке тоқтайды, енді бірі жауапты адамдардың ұстанымына байланысты созылады. Осындай тұста ел ішіндегі сөзді жүйелеп, оны билікке жеткізе алатын маманның қажет екені даусыз. Сол үшін басылымның бүгінгі санына бұқараны басқарып, кейін Қызылорда облысының үшінші шақырылымдағы қоғамдық кеңесіне жетекшілік еткен, мемлекет және қоғам қайраткері Әріп Хожбановпен тілдесіп, басқару мәдениеті, қоғамдық бақылау, басшы жауапкершілігі және өңірдің бүгінгі тынысы туралы сұрағымызды қойып, жауап алып қайттық.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТАЛАЙ ІСТІҢ БАСТАУЫНДА БОЛДЫ ДЕП АЙТА АЛАМЫН
– Әріп аға, сіз көп нәрсені сырттай емес, ішінен көрген адамсыз ғой. Қазіргі қоғамның көңіл күйін қалай сезіп жүрсіз? Ел ішінде қандай мәселе көбірек айтылып жүр? Облыстық қоғамдық кеңесті басқарған тұста қандай мәселелермен бетпе-бет келдіңіздер?
– Елімізде, жалпы қоғамда жақсы бастамалар жоқ емес, бар. Енді сол бастамалардың нақты іске асу тетіктері өз нәтижесін көрсетсе деген үміт бар. Халықта да сондай ой бар деп ойлаймын. Мен осының алдында Қызылорда облысының үшінші шақырылымдағы қоғамдық кеңесінде қызмет жасадым. Қоғамдық кеңес негізінен консультативтік-кеңесші орган болды. Яғни азаматтық қоғам мен атқарушы биліктің арасындағы қарым-қатынастың жүйелі жүруіне ықпал ететін, өз алдына мақсаты бар қоғамдық құрылым ғой. Сол жылдары біздің де өз міндетіміз болды. Көптеген жұмыс атқардық. Азаматтармен жиі кездесіп тұрдық, олардың ой-пікірін білдік. Елімізде атқарылып жатқан реформалар жөнінде, істеліп жатқан тірліктер жөнінде, оның нәтижелілігі туралы көпшіліктің ойын тыңдадық. Сол арқылы халық пен атқарушы билік арасында диалог алаңын құра білдік деп ойлаймын.
Нақты атқарылған істерге келейік. Мысалы, біздің Қызылорда облысының өзінде 20 мыңнан астам бүйрек ауруымен ауыратын науқас бар екенін естідік. Сол азаматтардың белсенділері бұған дейін де талай мәселе көтерген. Бірақ облыс орталығында науқастарға қажет диагностикалық зерттеу жасап, талдау жүргізетін мүмкіндік толық болмаған. Анализді жергілікті жерден алып, нақты ем қолдану мәселесінде қиындықтар болды. Бұл жөнінде кезінде бірнеше басшыға айтылған. Бүйрек ауруымен ауыратын адамдардың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізетін азаматтар да белсенділік танытты. Кезінде «жол картасы» да жасалған. Бірақ көп мәселе шешімін таппай келген. Сол мәселені қоғамдық кеңесте нақтылап, сол кездегі облыс басшылығына тікелей ұсыныспен шықтық. Мәслихатқа сұрақ енгізіліп, арнайы қаржы бөлінді. Алғашында 39 миллион теңге қаралған еді. Уақыт өтіп, баға көтерілген соң, ол қаржы жеткіліксіз болды. Кейін қосымша қаралып, қажетті қаржы бөлінді, қондырғы алынды. Қазір ол Қызылорда қаласында жұмыс істеп тұр. Бұл бүйрек ауруымен ауыратын науқастардың жергілікті жерде анализ тапсырып, нақты емдеу шараларын алуына үлкен көмек болды деп есептеймін.
Қоғамдық кеңесте мұндай мәселе көп болды. Мен бір-екі ірі бастаманы ғана айтып отырмын. Мысалы, «Бейнеу – Бозой» бағытына қатысты жол жобасы да қаралды. Ол кезде осы жолды «Батыс Еуропа – Батыс Қазақстан» бағытына қосу жөнінде жоспар болған. Біз Қызылорда арқылы өтсе, тиімділігі жоғары болатынын айттық. Ақтөбе, Алматы, оңтүстік өңірлер арасындағы жол шамамен 310 шақырымға қысқарады деген есеп болды. Бұл жол жүрушілерге де, жол салуға кететін қаржыны үнемдеу тұрғысынан да тиімді еді. Осыған байланысты біз бастама көтердік, қоғамдық кеңесте қарадық. Кейін осы жолға қатысы бар аймақтардың қоғамдық кеңестеріне ұсынысымызды жеткіздік. Дәлелді дәйектерімізді көрсетіп, материалдар жібердік, қолдау сұрадық. Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Шымкент, Алматы тарапынан қолдау таптық. Сол қоғамдық кеңестердің біздің ұсынысымызды қолдайтынын көрсеткен материалдарының бәрін жинақтап, Үкіметке жолдадық.
Ол кезде осы жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатқан болатын. Үкімет біздің ұсынысымызды министрлікке жіберді. Министрлік қосымша талдау ұйымдастырды. Арнайы мамандар келіп, құжаттарымен бірге жергілікті жерде талқылау жүргізді. Оған қоғамдық кеңес мүшелері де қатысты. Арнайы комиссия төрағасы Болат Нұрхожаев, қоғамдық кеңес мүшесі, әріптестеріңіз Айнұр Тұңғышбаева сияқты азаматтар барып, сол талдауларға қатысты. Біздің ұсынысымыздың, басқа аймақтардағы қоғамдық кеңестердің қолдауының нәтижесінде жоба кейін өзгерді. Жолдың халықаралық емес, ішкі бағыт арқылы өтетін нұсқасы қаралды. Бұл жерде біз атқарушы билікпен, көлік басқармасымен ақылдаса отырып жұмыс істедік. Бірақ сол бастаманың түп негізінде қоғамдық кеңес мүшелерінің еңбегі тұр деп айта аламын.
– Сізді ел қоғамдық кеңестің өзін басқарған адам деп қана емес, билікке де, бұқараға да сөзін жеткізе алатын азамат ретінде таниды. Жалпы, қоғамдық кеңестің сөзі атқарушы органға қаншалықты өтімді?
– Мен өзіміз жұмыс істеген кезең жөнінде айта аламын. Әр бюджеттік бағдарлама бекітілер кезде ең алдымен қоғамдық кеңестің қарауына ұсынылады. Сол кезде біз оның бәрін қарап шығып, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен, түрлі басқармамен бірлесіп жұмыс істедік. Көптеген өзгеріс енгіздік. Оның нақты материалдары бар.
Мысалы, бюджеттен қаралып тұрған қаржының кейбір әкімші тарапынан негізсіз жоспарланғанын ашық айтқан сәттеріміз болды. Соның өзгерген тұстары бар. Кей кезде қоғамдық кеңестің шешімін, нақты көзқарасын облыс әкіміне, облыстық мәслихатқа ұсындық. Қаржының белгілі бір мақсатқа жұмсалуын негізсіз деп санаған қорытындыларымыз да болды. Соның ішінде біздің пікіріміз ескеріліп, өзгеріс енгізілгендері бар. Өзгермей, сол қалпында кеткендері де болды. Бірақ жалпы алғанда, көптеген мәселе бойынша оң көзқарас тауып, бірлесіп жұмыс істедік деп айта аламын.
– Кейінгі жылдары Қызылордада әлеуметтік нысандар көп салынды. Біреулер мұны өңірге серпін берген жұмыс дейді, енді бірі өндіріс жағы көбірек дамуы керек еді дейді. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– 2022 жылдан бастап облысқа жаңа басшы келді. Жақында өзгеріс болғанға дейін қызметтес болдық. Мен ол кісінің жұмысын нәтижелі болды деп ойлаймын. Өйткені өзіңіз де осы өңірдің азаматысыз, елдегі өзгерісті көріп-біліп жүрсіз. Өңірде бір серпіліс әкелетін, адамдар өзін жақсы сезінетін өзгерістер болды деп айтуға негіз бар. Әрине, қазір сарапшылар әртүрлі айтып жатыр. Олардың кейбір уәжін жоққа шығаруға болмайды. Бірі көп қаржы әлеуметтік нысандарға жұмсалды, өңір бюджетіне шешуші әсер ететін өндіріс орындары жеткілікті ашылған жоқ дейді. Бірақ сол қаржыны өңірге бөлгізу, оны дәлелдеп негіздеу, республикалық деңгейдегі басшылардың көзін жеткізу оңай шаруа емес. Қаржыны алу – бір бөлек, оны мақсатына сай, уақытылы, сапалы жұмсауды ұйымдастыру – тағы бір бөлек.
Білім саласында, денсаулық сақтау саласында, басқа да әлеуметтік бағыттарда, ауылдық елді мекендерде көптеген жұмыс атқарылды. Инвестиция тарту, қаржылық мүмкіндігі бар азаматтардың әлеуетін ел игілігіне пайдалану бағытында да жұмыстар болды. Ол өзінен-өзі бола қалған жоқ. Қаржылық мүмкіндігі бар азаматқа бұл істің елдің мүддесі үшін, ұрпақтың келешегі үшін қажет екенін түсіндіріп, соған бағыттау да оңай емес.
Кемшілік болмады деп айта алмаймыз. Жұмыс болған жерде кемшілік те болады. Бірақ әлеуметтік нысандардың салынуы біздің өңір үшін қажет еді. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, қала мен ауылдың келбетін өзгерту, адамдардың ортаға, ел мүлкіне деген көзқарасын қалыптастыру тұрғысынан оның әсері бар. Қала таза, нысандар заманға сай болса, адамның да мәдениеті, қоғамдық мүлікке көзқарасы өзгереді.
Әрине, қазір облысымызға жаңа әкім келді. Сарапшылар айтып жүрген өндіріс орындары керек деген пікірде негіз бар. Біздің жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен байланысты. Ауыл шаруашылығына инвестиция салу бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, Жалағаш ауданында жаңадан жер ашылып, 26 миллиард теңгеге жұмыс жүргізіліп жатыр. Қашыртқы жерлер тегістеліп, жүгері және басқа да өнімдер егіліп жатыр. Суды үнемдейтін жаңа технологиялар қолданылуда. Мұның бәрі өңір үшін қажет. Бұл жұмыстардың жалғасы болады деп ойлаймын.

КҮРІШТЕН БҰРЫН ӨНДІРІСКЕ КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК
– Сыр өңірі үшін су мәселесі тек экологиялық мәселе емес, күнкөріс мәселесіне айналды. Осыны ашық айтатын уақыт келді ме?
– Әрине, қазір су мәселесі тек біздің аймаққа ғана емес, бүкіл елімізге, жалпы әлем елдеріне ортақ негізгі проблеманың бірі болып отыр. Оның үстіне бізге Сырдария арқылы келетін су бір ғана өз еліміздің билігіндегі мәселе емес. Бірнеше елдің бірлесіп шешім қабылдауына тура келетін тұстар көп. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі де жетерлік. Халықаралық деңгейде шешілетін мәселелер бар. Бар мүмкіншілікті пайдалану керек. Жерасты суларының қорын анықтау, оны елге тиімді жағдайда пайдалану мәселелері де қаралып жатыр. Бастамалар жоқ емес, бар. Біздің өңірде де су қоры бар жерлерге зерттеу жүргізіліп жатыр.
Менің ойымша, қазіргі басшылар халықаралық деңгейдегі су мәселесіне қатысты шешімдерді бірлесіп ойласып, ғылыми негіздемелер арқылы іске асыруы керек. Халық та бұл мәселені білмей отырған жоқ. Көбі хабардар. Суды тиімді пайдалану, ысырап жасамау мәселесі елдің құлағына жетті деп ойлаймын.
– «Күріш егуді азайту керек» дейтіндер бар. «Күрішсіз Қызылорда қалай күн көреді?» дейтіндер тағы бар. Сіз осы екі пікірдің қайсысына жақынсыз?
– Суды көбейту біздің ғана қолымызда тұрған дүние емес. Ол табиғатқа да, халықаралық келісімдерге де, осыған қатысы бар елдердің жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан бүгінгі нақты жағдайға қарай шешім қабылдануы тиіс. Әрине, біздің өңір үшін күріш өндірісі шешуші сала болып келгені анық. Бірақ өңір дамып келе жатыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, суды аз қажет ететін өнімдер өсіру, сол өнімдерді өңдеу, өткізу, халықаралық нарыққа шығару, оған қолдау көрсету сияқты мәселелер бар. Оның бәрін ойласып, зерттеп, негіздеп атқару қажет.
Біз қазір еліміздегі күріштің 80-85 пайызын қамтамасыз ететін өңірміз. Сондықтан күрішті де өсірген дұрыс. Бірақ әр аймақ өзінің мүмкіндігіне қарай жұмыс істеуі керек. Суы жететін, жетпейтін жағдайына байланысты шешім қабылдаған жөн. Біржақты кетіп қалмас үшін жан-жақты зерттеу керек. Әртүрлі өнім шығарып, оны өңдеп, өткізіп, әлемдік нарықты пайдалануымыз қажет. Табиғи жағдайы бізден де төмен, бірақ жақсы дамыған елдер бар. Сол себепті жаңа технологияларды қолданған дұрыс деп ойлаймын.
Халықты соған үйретіп, бейімдеп, жақсы тәжірибені көрсетіп, адамдарға қызмет жасай білсек, ұрпақтың келешегі жаман болмайды. Біздің халқымыз – еңбекқор халық. Кейде жалқаумыз деп айтамыз. Мен олай демес едім. Тек халықты дұрыс бағыттап, жол көрсетіп, қолдау жасау керек. Билік тарапынан, Үкімет тарапынан, Президент тарапынан осы мәселелер жүйелі жүрсе, еліміз жақсы болады деп ойлаймын.
– Демек, күріштен гөрі суды аз қажет ететін егін егуді, өзге де қажетті өндіріске жұмсауды қолдайсіз ғой, иә?
– Реті келсе, неге солай жасамасқа?!
– Арал туралы көп айтамыз. Бірақ сол айтылғандар Арал мен аралдықтардың өзіне пайда бере ме?
– Нақты айтсақ, қазір жұмыс жүріп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Бар. Мысалы, Аралды құтқару қоры бар. Халықаралық деңгейде бөлінетін қаражаттар да бар. Біз қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымында сол қордың басшыларын Қызылордаға шақырып, мәжілісімізге қатыстырдық. Аралды құтқару қоры арқылы бөлінетін қаражаттардың жұмсалу тиімділігіне байланысты зерттеу жасап көрдік. Ол кезде Аралды құтқару қоры Алматыда орналасқан еді. Сол жақта отырып, бұл жақтағы проблеманы алыстан қараған тұстар көп болды. Біз оларға ескерту жасап, өз түсініктерімізді беріп, өзгеріс жасауын талап еттік. Кейін Аралды құтқару қоры Қызылордада болуы керек деп ұсыныс бердік.
Қоғамдық кеңестің үшінші шақырылымының ұсынысына сәйкес, қазір Аралды құтқару қорының штабы Қызылордада орналастырылды. Көп адам оның бұрын Алматыда болғанын біле бермейді. Осы ұсынысты тиісті органдарға жеткізудің нәтижесінде қор Қызылордаға көшіп келді. Бұл үшінші шақырылымдағы қоғамдық кеңестің жұмысының бір нәтижесі деп айтуға болады.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МОЙНЫНА АЛЫП ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БАСШЫЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР
– Сіз ұзақ жыл ел басқару ісінде болдыңыз. Қазіргі басқару жүйесіне қарағанда ең алдымен қай тұсқа назар аударасыз? Басшыларға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Мен 1999-2004 жылдары аудан әкімі болып қызмет атқардым. Біз жұмыс жасаған кезде, ашығын айтайын, жауапкершілікті өз мойнымызға алатынбыз. Нақты мәселелерді өзіміз ұсынып, өзіміз шешуге тырыстық. Әрине, жоғарыдағы басшыларға жеткіземіз, келісімін аламыз. Бірақ соның жауапкершілігі өзімізде болатын. Біз менеджер болған жоқпыз. Жұмысты өзіміз жоспарлап, қажетті мәселелерді өзіміз көтердік. Ауданда аппарат бар, қызметкерлер бар, ел халқының ой-пікірі бар, басқа да атқарушы билік өкілдері бар. Соның бәрімен ақылдаса отырып жұмыс атқардық. Бүгінгі күні тікелей жауапкершілікті мойнына алып жұмыс істейтін басшылар азайып бара жатыр ма деп ойлаймын. Көп басшы тек берілген тапсырманы орындау төңірегінде жүреді. Кейбірі қызметке тәуелді болып қалады. Қызмет үшін, сол орында тұру үшін, өзіне жауапкершілік алғысы келмейтін азаматтар бар. Бұл – шындық.
Адамға қызмет сеніп тапсырылғаннан кейін ол тек біреудің айтқанымен жүрмеуі керек. Өзінің ойы, көзқарасы, ел алдындағы жауапкершілігі болуы тиіс. Әр ауданда қырық мың, жетпіс мың, сексен мың халық бар. Оның бәрін жоғарыдан қарап отырып, былай істесін, олай істесін деп толық шешу мүмкін емес. Әр басшы тағайындалғаннан кейін оның халық алдындағы міндеті бар. Сол міндетті өз деңгейінде атқара білсе, жұмысы да нәтижелі болады. Тек жоғары жаққа жалтақтап, олар не дейді деп қана отырса, жұмыстың нәтижесі шамалы-ақ болады.
Әрине, басшылықтың көзқарасына сай жұмыс істеу, тапсырманы орындау дұрыс. Бірақ әр басшының өзінің басқару деңгейінде көзқарасы, ойы, алдына қойған мақсаты болуы керек. Ол өзі басқарып отырған жердегі қажеттіліктен туындайтын дүниелерді жете түсінуі тиіс. Жауапкершілікті мойнына алып жұмыс істеуі керек. Бүгінде осы тұстар кемшін. Халықтың мәселесін шешуге әкімнің мүмкіндігі келсе, істеуі керек. Келмесе, ол орынды босатуы керек деп санаймын.
– Қазір халық бұрынғыдай емес, бәрін көріп отыр, салыстырады, сұрайды, сынайды. Билік осы өзгерген қоғаммен сөйлесудің тілін толық тапты ма?
– Басында әртүрлі пікір болуы мүмкін. Бәрі бірдей бәріне жаға беруі міндетті емес. Бірақ басшының атқарып отырған жұмысы, қойған талабы өңірдің жағдайын жақсартуға бағытталса, оны дұрыс қабылдау керек деп ойлаймын. Әрине, кейбір олқы тұстар болады. Басшы да пенде ғой. Кейде шектен артып кететін жері, кейде пендешілік көзқарас қалыптастыратын жері болуы мүмкін. Бірақ негізгі жұмысының 70-80 пайызы елге тиімді, пайдасы бар болса, ол басшының жұмысына дұрыс қарау керек. Дегенмен, халық та өз деңгейіне көтерілуі керек. Сонда мүмкін үндестік болар деп ойлаймын.
– Әкімдер халықпен жиі кездесуді қолға алды ғой. Бірақ есеп үшін секілді көрінеді. Кей тұрғынның мәселесі тыңдалмай, кей жағдайда мәселемді айта алмадым дейтін тұрғынды кездестіреміз. Халықпен кездесу форматы өзгеруі керек пе?
– Қазір ашықтық керек, халықтың пікірімен санасу керек деп жатырмыз. Бұның бәрі дұрыс. Бірақ қазақта «мың қосшыға – бір басшы» дейді. Бұл мәселелер тікелей басшының жауапкершілігінде болғаннан кейін, оны танып-білуге, оқуға, зерттеуге қажетті ақпарат басшыда көбірек болады. Әрине, негізгі ұстаным бір ғана басшының өзінен шықпайды. Оның сала-сала бойынша басқармалары, мамандары, талдау жасайтын құрылымдары бар. Солардың негізіне сүйеніп қабылданған шешім дұрыс болуы керек. Енді әртүрлі көзқарас болады, әртүрлі мүдделі топ болады. Пікір алуандығының қоғам дамуына пайдасы бар. Өйткені әр көзқарастың ішінде елге тиімді тұстары болуы мүмкін. Басшының міндеті – соны көре білу, бір бағытқа топтастыру, дұрыс арнаға бұру. Осындай бағытта жұмыс істеген басшының жұмысы абыройлы болады деп ойлаймын. Халықпен кездесу форматы жаман емес, тек мүдделі топтардың әрекетінен абай болу керек.
– Жаңадан келген әкім халықтың жағдайын жақсарта ала ма, қалай ойлайсыз?
– Облыс тұрғындарының тұрмысын жақсарту бірінші кезектегі міндет қой. Ол үшін тұрғындар жұмыспен қамтылуы керек. Еңбекақысы, қаржылық мүмкіндігі отбасын асырауға, тұрмысын бірқалыпты ұстап, жақсарта түсуге жеткілікті болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, өндіріс орындарын ашу керек деп ойлаймын. Өндірісті қаржыландыру, қаражатын көбейту, өңірге қажет өнімдерді өзімізде өндіру мәселесі маңызды. Бізге көптеген зат сырттан әкелінеді. Оны өзімізде өндіруге мүмкіндік жоқ емес, бар. Тек соны нақты бағыт етіп алып, жұмыс істеу керек. Жол құрылысында қала мен ауылдың айырмашылығын азайту, қала мәдениетін ауылға жеткізу сияқты мәселелер де бар. Қазір сарапшылар Қызылорданың өмір сүру деңгейін басқа өңірлермен салыстырып айтып жүр. Кейбіреуі біздің өңір басшылығы Үкіметтен қаржы бөлгізу, жеке қаржылық мүмкіндігі бар азаматтардың қаржысын өңір экономикасына тарту бағытында қабілет танытты деп жазды. Бұл да оңай жұмыс емес.
Бір кездері Қызылордада әуежайдың жағдайы да, көптеген нысанның ескіруі де өзекті мәселе болды. Бүгінгі уақыттың талабы эстетикалық тұрғыдан да, талғам тұрғысынан да өзгеріп кетті. Кейінгі жылдары денсаулық сақтау, мәдениет, білім саласында іске қосылған нысандарға қарасақ, әлемдік талғамға жақындау ойы болғанын көреміз. Бұл – тұрғындардың мәдениеті мен талғамына да әсер ететін дүние.
Дәл бүгінгі күні жаңадан келген әкім осы ескертулерді жадына алып, кемшіліктерді әрі қарай түзеп, дамытып алып кетсе, оның бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Сын айтылды екен деп ғана қабылдамай, сол сынның ішіндегі негізі бар дүниелерді басшылыққа алып, елге пайдасын тигізуге тырысса деген тілегіміз бар.
БІЗДІҢ КЕЙБІР ЗАҢДА КЕМШІЛІКТЕР БАР…
– Сіз турасын айтыңызшы, бізде қоғамдық бақылау бар ма, әлде ол формалды атауға айналып бара ма?
– Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру үшін заңдар бар. Сол заңдар негізінде жұмыс істелуі керек. Мысалы, қоғамдық кеңестің заңы бар. Онда қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның ой-пікірі негізінде ұсыныс береді деп көрсетілген. Бірақ оның әрі қарай іске асуына, нақты шешімін табуына қоғамдық кеңес жауап бермейді. Сіз бір мәселені зерделейсіз, зерттейсіз, тиімсіз тұстарын табасыз. Сосын атқарушы билікке «бұлай істеу керек» деп ұсыныс бересіз. Бірақ оның міндетті түрде орындалуын талап ете алмайсыз. Қоғамдық кеңестің заңында солай жазылған.
Міне, біздің кейбір заңымызда осындай кемшіліктер бар. Қоғамдық бақылау барысында бір мәселенің дұрыс бағытталмай тұрғанын зерттейсіз, негіздейсіз, ұсынасыз. Бірақ оның түпкілікті шешім табуы сізге байланысты емес. Сондықтан көп жағдайда қоғамдық бақылаудың тірліктері аяқсыз қалатыны содан. Басы жақсы басталады, мәселе көтеріледі. Бір рет айтасыз, екінші рет айтасыз. Егер шешімін таппайтын болса, қайта-қайта көтерудің өзі де қиын. Қоғамдық кеңес консультативтік, кеңесші орган болған соң, ол тек ұсыныс береді. Бірақ нақты нәтижеге жетуін талап етуге заңдық мүмкіндігі шектеулі. Осындай солқылдап тұрған олқылық көп. Сондықтан кейде жақсы бастамалар өзінің нәтижесін бермей қалады.
– Қазір жастардың көбі мүмкіндік Алматыда, Астанада, шетелде деп ойлайды. Қызылорда жас адамды ұстап қала алатын өңірге айналуы үшін не жетіспейді?
– Көші-қон процесі Сыр өңірінде соңғы кезде кері тенденцияға ие болып келе жатыр. Бұрын өңірге келетіндер мен кететіндердің айырмасы жылына 5 мың адамның төңірегінде болса, соңғы жылдары кететін азаматтардың саны 10-11 мыңға дейін көбейіп тұр. Бұл жақсы тенденция емес. Неге азаматтар кетіп жатыр? Бұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жұмыспен қамтылу мәселесі. Екіншіден, айлық, табыс мәселесі. Адамның еңбекақысы отбасын асырауға жеткілікті болуы керек. Егер ол жеткіліксіз болса, әркім басқа жақтан мүмкіндік іздейді.
Мысалы, бір кісіні білемін, жақында Ресейге кетті. Қазір Украинамен шекара жақта жұмыс істеп жатыр. Оның айлығы бізде алатын айлығынан үш есе артық. Бізде 250 мың теңге алса, ол жақта 700 мың теңге алады. Несиесі бар, басқа міндеттемесі бар адам амалсыз өзінің қызметінен шығып, денсаулығына зиян болса да, сол жаққа барып жұмыс істеп жатыр. Осындай нақты мысалдар бар.
Мәселе тікелей жұмыс орнына, табыс мөлшеріне байланысты. Сонымен қатар қызметте өсу, кәсіби қозғалыс, жастарға мүмкіндік беру мәселесі де бар. Мәселен, он төрт жыл бас маман болып отырған адамдарды көресіз. Бақандай он төрт жыл (!). Енді оның өзі ойландырады ғой. Біз жастарды қолдауымыз керек, мүмкіндік жасауымыз керек. Егер бір жас іскерлік қабілетін көрсетсе, оны дамытуға тырысуға тиіспіз. Оған сенім артып, өзінің қабілетін көрсетуге жағдай жасау қажет. Осы жағынан кемшіліктер бар.
– Көптен бері әділдік туралы айтып жүрміз. Жұмысқа тұруда, жер алуда, тендерде, қызметте өсуде де әділдік керек. Осы тұрғыдан қоғам қай деңгейде? Әлде жемқорлық пен бармақбастылықты өзіміз де күшейтіп отырмыз ба?
– Бір жағынан оны да айтпай кетуге болмайды. Біз кейде өз мәселемізді шешу үшін кейбір келеңсіз жағдайларға өзіміз де жол береміз. Жоқ емес, бар. Мысалы, бір қызметке тұру үшін таныс-тамыр арқылы, бір нәрсе беру арқылы баратын кісілер кездеседі. Мұндай құбылысты өзіміз де қалыптастырып жатамыз. Әрине, азаматтардың бәрі сондай деп айтуға болмайды. Бірақ ондай келеңсіз жағдайлар қоғамда жоқ емес. Оның да әсері бар. Егер біз әділдік туралы айтсақ, оған тек биліктен ғана емес, өзімізден де талап болуы керек.
– Қазір кей басшы сыннан қашады, кейбірі сын айтқан адамды қарсылас көріп қалады. Сіздіңше, билік сынды қалай қабылдауы керек?
– Егер сын дұрыс, негізді айтылса, ол ішкі мәселелердің шешім табуына әсер етеді. Сондықтан негізделген сын дұрыс қабылдануы тиіс. «Маған сын айтуға болмайды» деген көзқараспен жұмыс істейтін басшылар да болады. Мен мұны дұрыс емес деп ойлаймын. Көптеген басшы билікті тек өзінің төңірегінде ғана ұстағанды дұрыс көреді. Менің ойымша, егер орынбасарлары сауатты, білімді, іскер болса, соларды дұрыс бағыттап, жұмысына қолдау көрсетіп, сенім артса, жұмыс әлдеқайда жақсы жүреді. Көп жағдайда осындай көзқарастар қолданысын таппай жатады. Содан келеңсіз жағдайлар туындайды.
АЗАМАТТЫҢ ҰСТАНЫМЫ БИЛІКПЕН САЙ КЕЛМЕСЕ ДЕ, ЗЕРТТЕП ҚАРАУ КЕРЕК
– Азаматтық ұстанымы бар жерлестердің әрекеті көбінде билік тарапынан қолдау таппайды. Солай ма?
– Бұл мәселенің екі жағы бар. Біріншіден, қазіргі билік жүйесінде ұстанып отырған саясатқа қайшы көзқарас айтылса, оны кейде оппозиция ретінде, теріс көзқарастағы азамат деп бағалайды. Өкініштісі сол, мұндай түсінік бар. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Адамның көзқарасы биліктің ұстанымымен сай келсін, келмесін, егер ол өз пікірін ашық айтып, ұсынысын білдірсе, оны зерттеп, зерделеп, тиімді жерін пайдалану керек. Бұл қоғам үшін пайдалы. Ал бізде кейде пікір айтқан адамдарды шеттетіп, ортаға қоспай, өз ұстанымын дәлелдеп жүрген азаматтарға басқа көзқараспен қарау кездеседі. Бұл дұрыс ұстаным емес.
Жақсы жағдайға жетеміз десек, қоғамда көзқарас алуандығы болуы керек. Соның ішінен елге, халыққа, қоғамға тиімді дегенін алуымыз қажет. Оң көзқарастан да, сыни көзқарастан да пайдалы жерін көре білу керек. Ал екіншіден, жоғарыда айтқанымдай, түрлі мүдделі топ бар, олардың әрекеті өз зиянын бермесе дейміз.
– Сыр елінің болашағын ойлағанда сізді үміттендіретін не, ал алаңдататыны қайсы?
– Біздің өңір қазақтың қалыптасқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ұстанымын сақтап келе жатқан өңірдің бірі деп ойлаймын. Ескіден келе жатқан қалпымыз, ұлттық мінезіміз бар. Осы тұрғыдан алғанда, өңіріміздің болашағы жаман болмайды деп ойлаймын.
Оқу, білім жағынан да басқа өңірлерден кем қалып жатқан жоқпыз. Барлық жерде жұмыс істеліп жатыр. Біз басқа тілді білсек те, басқа ұлттың кейбір ұстанымын танысақ та, өзімізге тиімді жерін алып, оны қолдана білсек, бұл біз үшін жақсы болады.
Жалпы, өңіріміздің келешегі жақсы болады деп ойлаймын. Тек алаңдататын тұсы – айтылып жатқан дүниелер, жоспарлар орындалмай қалмаса деймін. Қалғаны жақсы.
– Әріп аға, соңғы сұрақты былай қойсақ. Сіз талай кезеңнің куәсісіз. Бүгін елге қызмет етемін деген азамат ең алдымен нені жоғалтпауы керек?
– Менің ойымша, ең алдымен ұлттық ұстанымды жоғалтпау керек. Өйткені біз қазақ ұлтының негізгі құндылықтарынан айырылсақ, онда бәрінен айырыламыз деп ойлаймын. Тағы айтарым, білімімізді көтеруіміз керек, оқуымыз керек, ізденуіміз керек, еңбек етуіміз керек. Бірақ осының бәрінде ұлттық жүйе, ұлттық ұстаным, ұлттық элементтер біздің әр қадамымызда сезіліп тұруы тиіс. Сонда ғана елдік ойымыз берік болады деп ойлаймын.
– Ашық әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Ердәулет ҚАЛИЕВ
P.S. Азаматтық пікірі бар жерлестердің пікірі, үні тасада қалып қоятынын жиі байқаймыз. Ал атқарушы билік оны естіп, соны зерделеп, іске асыруға тырысса, бәлкім біздегі түйіні қатты түйткілдердің мәні бірден шешілер? Еститін құлақ болса, айтатын ауыз ашығын айтты. Түйгеніміз – осы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!