Арал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экологиялық бағдарлама бүгінде өз нәтижесін беріп келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деген болатын.
Шын мәнінде, бұл бір реттік науқан емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тазалық пен тәртіпті насихаттауға бағытталған игі бастама. Бүгін осы игі бастама аясында қаламыздағы тазалық шараларына белсенді атсалысып жүрген қызметкерлер марапат төрінен көрінді.
Шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, көше комитеттерінің төрағалары, мекеме-кәсіпорын басшылары, тазалық мекемесінің қызметкерлері және жастар өкілдері қатысты.
Игі шарада аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тазалық мәдениетінің қай қоғамда да маңызы ерекше екенін айтып, республикалық акция аясындағы тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетіп келе жатқан барлық аудан тұрғындарына, мекеме ұжымдарына, еріктілер мен жастарға шынайы ризашылығын білдірді.
Шара барысында қала тазалығын қамтамасыз етуде мекемелердің қызметін жандандыру мақсатында «Арал тазалығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ш.Құттықовқа арнайы техникалардың сертификаты табысталды.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасының ауданда нәтижелі іске асырылуына белсене қатысып, қаланы көркейтуге өз үлестерін қосып жүрген бір топ тазалық қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Айымбетов тазалық мәдениетін сақтауға үлес қосып келе жатқан барша аудан тұрғындарына ризашылығын білдіріп, өзінің ізгі лебізін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!