Қызылорда облыстық білім басқармасы мектеп бітіру кезеңінде ата-аналар мен түлектерді бос шығыннан сақтануға шақырды. 25 мамыр күні облыстағы барлық мектепте «Білімім Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. 11-сынып оқушыларына арналған салтанатты іс-шара сол күні таңғы сағат 09.00-де ұйымдастырылады. Аттестаттар 18 маусымда тапсырылады.
Басқарма мәліметінше, биыл 9-сыныптағы 16 386 оқушы қорытынды бітіру емтиханын 29 мамыр мен 11 маусым аралығында тапсырады. Ал 11-сыныптағы 10 317 түлек мемлекеттік емтиханды 2-15 маусым аралығында өтеді.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналарға сәнді киім-кешекке, мерекелік дастарханға, жалдамалы көлікпен қала ішінде немесе қала сыртында серуендеуге шығындалмау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ емтихан кезінде дастархан жаюға, сынып жетекшілеріне сыйлық ұйымдастыруға жол берілмейді.
Мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін полиция қызметкерлері бақылайды. Осы күндері облыс бойынша 500-ге жуық қызметкер мен 100-ден астам қызметтік автокөлік жұмылдырылмақ.
Фото: Солтан Жексенбеков
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!