Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халық әуені» жобасы мәдениет мерекесіне ерекше сән қосты

22.05.2026, 22:20 37

 HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Мәдениет және өнер» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Аудандық мәдениет орталығында өткен салтанатты іс-шарада Сыр өңіріне арнайы келген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы қазалылықтарға ерекше мерекелік кеш сыйлады. Өнер ұжымының мерекелік концерті Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Halyk Bank демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» ауқымды мәдени жобасы аясында жүзеге асуда. Кеш барысында концерттік-гастрольдік тур аясында «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Мюзикл әлемі» атты концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов мәдениет және өнер саласының майталмандарын төл мерекелерімен құттықтап, Сыр өңіріне концерттік бағдарламамен келген өнер ұжымына сәттілік тілеп, құрмет көрсетті.

— Кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеу көрсеткішіне мәдениеттің қосар үлесі зор. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде «Мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр» деп ел мәдениетінің дамуы жолында жасалып жатқан игі істер жайында атап өткен болатын. Жақында ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтерді. Мемлекет басшымыздың Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа драма театрдың, Президенттік кітапхананың құрылысы басталды. Қазалы ауданында да өңірге көрсетілген қолдаудың нәтижесінде «Руханият» орталығы ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Роза Бағланова атындағы 600 орындық аудандық Мәдениет орталығы, Кәукей және Майдакөл ауылдарында 100 орындық жаңа ауылдық клуб салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінгі күні аудан бойынша мәдениет саласында 350-ге жуық қызметкер еңбек етіп, рухани дүние тәрбиешісіне айналып отыр. Бүгінгі айтулы мерекеге орай қазақ өнерінің қарашаңырағына айналған, ұлттық мәдениетіміздің мәртебесін көтеріп жүрген беделді шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ұжымы Сыр елі – жыр еліне, қазыналы Қазалы ауданына арнайы концерттік бағдарламамен келіп отыр. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан Халық банкі» демеушілігімен «Халық әуені» жобасының Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында бастау алуы мәдениетке, руханиятқа деген құрметтің жарқын көрінісі екені анық. Қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, әсем ән мен сырлы саздан шашу шашып отырған «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ұжымына және барша мәдениет қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміздің рухани дамуына қосып жүрген еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін, -деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады. Сонымен қатар ауданның рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мәдениет қызметкерін облыс және аудан әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады. Бұдан бөлек, ауданның мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген сала ардагерлері мен үздіктеріне Қазалы ауданының Құрмет грамотасы және «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды. Мерекелік кешке арнайы келген мәдениет саласының ардагерлеріне сый-сияпаттар ұсынылды.

Кеш соңында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ресми өкілі Ержан Алданазаров аудан жұртшылығы мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.

Мерекелік іс-шарада «Astana Musical» мемлекеттік театрының өнерпаздары дәстүрлі халық әндері мен әлемдік өнер жауһарларын ұштастыра отырып, түрлі жанрдағы шығармаларды орындап, қазалылық көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: